Атырау, 26 желтоқсан 17:18
 бұлттыВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

«Тұлпардағы» жүздесу

5 171 просмотра

8 шілдеде қала шетіндегі «Тұлпар» лагері қонақтарын қабылдады. Олардың арасында асырап алушы ата-аналар мектебінде дәріс алып жатқан болашақ аналар мен әкелер де бар.

 

ӘЛИМА ҚЫЗДЫ БОЛУҒА ӘЗІРЛЕНІП ЖҮР

Қазір лагерьде №1 интернаттың, отбасы үлгісіндегі балалар ауылының, сонымен қатар облысымыздағы көп балалы және аз қамтылған отбасылардың балалары демалуда. Жастар ісі жөніндегі басқарма «Қазақстанның тәуелсіз ұрпағы» ҮЕҰ-мен бірігіп, олар үшін футболдан, волейболдан, үстел теннисінен турнирлер және суреттер бәйгесін өткізуді ұйғарды. Бірақ бұдан басқа «ҚТҰ» ҮЕҰ-ның өзінің де ерекше қызығушылығы болған. Біз ҚТҰ-ның ТШО көмегімен «Жаңа өмір» деп аталатын жобаға кіріскенін әңгімелеген болатынбыз. Ол екі бағытты қамтиды: асырап алушы ата-аналар мектебі (ААМ) және түлектерге интернаттан кейін қолдау көрсету. «Жаңа өмір» жобасының шеңберінде №1 интернат пен Жасөспірімдер үйінің жанынан базалық кабинеттер ашылып, балалармен және ықтимал асырап алушылармен жұмыстар басталды. Үстіміздегі жылы сәуірде жоба басталған кезден бері ААМ-нен 4 топ бітіріп шықты. Оның әрқайсысында 10-15 адамнан болды. Қазір бесінші топ оқытылуда. «Тұлпарға» олар «барлауға» келді деп айтуға болады: балалармен танысып, олардың қандай нәрсеге қызығатынын біліп, олардың көңіл-күйлерін сезінгісі келген. Болашақ ата-аналар бір спорт алаңынан екінші алаңға көшіп, балалардың ойынын тамашалап, олармен тілдесті.

Мамандар көптеген ықтимал ата-аналардың ААМ-де оқу идеясына салқынқандылықпен қарайды. Өздерінің отбасылық құпияларының жария болғанын қаламайды. Бүкіл проблеманы өзіміз шешеміз деп есептейді. Олар, негізінен, кейін балада өзінің дүниеге келуіне қатысты сұрақтар туындамас үшін сәбилерді (емшектегі болса тіпті жақсы) алғылары келеді. Бірақ басқалар да бар. Әлима (ықтимал ата-аналардың есімдері өзгертілді) – солардың бірі. Ол 20 жылдық өтілі бар педагог, бірақ ААМ-дегі сабақтарды өзі үшін өте маңызды деп есептейді. Болашақ ата-аналардың заң, тәрбие және психология бойынша сұрақтары көп. 10 жылдан астам уақыт бұрын Әлима тұрмысқа шыққан, бірақ күйеуімен екеуі бала сүйе алмапты. Бірнеше жыл бұрын жұп сәби асырап алған. Қазір күйеуімен екеуі ұлдарынан кіші қызымыз болса деп армандайды. Сыбыс әңгімелерге басын ауыртпайды, бастысы баланың тілін тапса, ол үшін маңыздысы сол.

- Үлкен балаңыздың тарапынан қызғаныш болады деп ойламайсыз ба? Ол қарындасы пайда болғанда қандай әсерде болады? Кейде туған ағалы-қарындастардың өздері ата-аналарының назары кішкентай сәбиде болатындығынан жапа шегеді ғой.

Ол басқа бөпені қаламаймын, ойыншықтарымды алып қояды дейді (күлді). Ал жалпы ол жылы шырайлы бала, басқа балалармен тез тіл табысады. Өзінің немерелес іні-қарындасын қатты сағынады. Өз қарындасымен де солай болады деп үміттенемін, ал мектептегі сабақтар маған осы проблеманы шешуге көмектеседі.

 

«БӨТЕН АДАМДЫ ҚАЛАЙ АПА ДЕЙМІН?»

Сол күні «өз» балаларын көру үшін Жасөспірімдер үйі мен отбасылық үлгідегі балалар ауылының директоры Гүлсара БОТАТАЕВА келді. Ол өз қарамағындағы балалардың бірінің жағдайына алаңдаулы болатын. Отбасылық жұп екі ұл баланы асырап алуды жоспарлап, олармен тіл тапқан екен. Балалар оларға үйреніп алған. Бірақ содан кейін ерлі-зайыптылар әзірге бір баланы ғана алуды ұйғарыпты. Екінші бала үшін бұл қатты соққы болып, ол әлі күнге дейін өз-өзіне келе алмауда. Тіпті, Италияға барып келсе де, көңілінен мұң кетпепті. Айтпақшы, Гүлсара Ботатаева қоғамда қалыптасқан стереотипке қарамастан, асырап алуға болатын балалар іс жүзінде көп емес екендігін айтты. Балалардың көпшілігінің ата-аналары немесе басқа туыстары бар. Ал олар баланы өздеріне алуға асықпайды, бірақ асырап алуларына үзілді-кесілді қарсы. Мәселен, бір баланың анасы ата-аналық құқығынан айырылған, бірақ бұрын сотты болған әйел баласын асырап алған кез-келген адамның өмірін быт-шыт қылуға дайын.

Балалардың өздері отбасында өмір сүргісі келе ме? 12 жасқа дейін бәрі де армандайды, ал жасөспірім кезеңде оларда да үй балалары секілді бүлікшілік мінез оянады. Ата-аналардың қамқор болғаны оларға оншалықты тартымды көрінбейді дейді сеніммен тәрбиешілер.

-Жоқ, мен отбасына барғым келмейді, осы жерге үйренгенмін, достарым бар. Бөтен әйелді қалай мама деймін? – дейді балалар ауылындағы 15 жасар Леонид. Оның сөзін құрдастары да қолдады. Үйдегі қамқорлық, отбасы бере алатын жақсы білім алуға деген мүмкіндік қазір олар үшін ерекше құндылықтарға ие емес. Мемлекет білім алуға көмектеседі, ал кейін, бәлкім, баспанамен де көмектесер дейді жасөспірімдер сеніммен.

16 жасар Айман, керісінше, үйдегі жайлы жағдайды, ата-ана, бауырлар, туған-туыстар туралы әрдайым армандайды. Ол қазір де осы жайлы армандауды қойған емес. Бірақ асырап алушылар тек сәбилерге ғана қарайды...

- Қазына үйінде тұрған әр сәбидің ділдік проблемасы болатындығына дайын болу керек. Асырап алушылар педагогикалық және психологиялық тұрғыдағы кемшіліктермен міндетті түрде бетпе-бет келеді, дамуында қалыс қалған жағдайлар және басқа да сырқаттар болуы мүмкін. Мұның бәрін жеңуге болады, бірақ балалармен өте тығыз жұмыс істеуге тура келеді, - деп ескертеді «Жаңа өмір» жобасының үйлестірушісі Нелли КУЛИКОВСКИХ.

 

МӘРИЯНЫҢ ҚОРҚЫНЫШЫ

Дәрістерге екі ата-анасы да қатысу керек, алайда, көп жағдайларда аналары жалғыз келеді – жұбайлары жұмыста. Мәрияның жолдасы, өзі сияқты, бала асырап алуға аса жауапкершілікпен қарайды. Ол барлық сабақтарға қатысу үшін алдын ала демалыс алған, алайда оны бәрібір вахтаға шақырып алып, олар бұған қатты алаңдаған-ды. Ерлі-зайыптылар балаларды өте жақсы көреді, үнемі туыстарының балаларын әурелеп жатады. Олардың кіндік балалары да жеткілікті, барлығы Мәрияны мама деп атайды. «Тұлпарда» келіншек әр түрлі жастағы балалармен емін-еркін араласып, олардың қызығушылықтарын, алға қойған жоспарлары туралы құлшыныспен сұрастырады, балалар да оған іш тарта қаумалап жатады. Болашақ баласының жасы оны көп алаңдатпайды, ол сәбиді де, мектеп жасындағы баланы да алуға әзір. ААМ-ға келер алдында ол бір ұл мен бір қызды қатар асырап алуды армандаған. Алайда мектепте әзірге асықпай, алдымен біреуін ғана алуға кеңес берді.

- Мен интернат балаларын үй балаларынан көзқарастары арқылы айыра алам деп ойлаймын. Интернаттағылардың көздері... – Мәрия сөз таба алмай, мүдіріп қалды. – Олар әр көрген жаңа адамын көзбен ішіп-жеп, кім ол, не үшін келді деп сынай қарайды. Сан сауалға жауап іздейді. Олар өте сезімтал келеді және осы арқылы өздеріне назар аудартқылары келгендей болады.

- Кейбір адамдарды осындай аса белсенділік шошытады. Олар бұдан тұқымқуалаушылықтың әсерін көреді. Өйткені интернатқа көбіне жайсыз отбасылардың балалары келіп түседі ғой. Қорықпайсыз ба?

- Менің қорқатыным: баламен қарым-қатынасымыздың қалай қалыптасатындығы, біз келісе алмай қалуымыз да мүмкін ғой. Мен кейбір отбасылардың балаларды кері алып келетіндіктері туралы естідім. Осыдан кейін маған неге олар бұлай жасады, мұндай жағдайды қалай болдырмаймыз деген ойлар келеді. Күмән қашан да болады. Мүмкін, кезінде осындай күдіктермен мен ана болу мүмкіндігімнен айырылып қалған болармын...

Мүмкін бәрінің өз уақыты бар шығар. Менің ойымша, Мәрия өте жақсы ана болады.

 

АТА-АНАЛАРДЫ ДА ТӘРБИЕЛЕУ КЕРЕК

Мұрат – болашақ ата-аналар арасындағы ең тәжірибелісі. Өйткені, біріншіден оның өз баласы бар, екіншіден ол ААМ-ды оқып бітірді және ҚТҰ қызметкерлерімен өзі үшін бірге жүр. Ес білгеннен бері ол үлкен үй мен көп балалы отбасын армандап келеді екен. Жұбайы екеуіне бала асырап алу туралы идеяны ұлдары айтыпты. Тағдыр оларға тек бір ұл ғана берді, одан әрі бұйырмады. Әйелі екеуі үшін бұл кемшіліктің орнын жұмыс басты. Ал ұлдары іні мен қарындас керек деп сұрай бастады. ААМ пайда болғаннан бері ерлі-зайыптылар үшін бұл қол жетпес арман емес екені белгілі болды.

- Біз бала асырап алуға 7 жыл бұрын өтініш жазғанбыз. Алайда бұрын бізге ешкім еш нәрсе түсіндірместен, әзірге сіздерге бала жоқ деп, қол сілтей салатын. ААМ-да болған дәрістер көп нәрсеге көзімізді ашты, мен қарым-қатынас жасауда психологиялық сәттердің маңызы зор екенін түсіндім. Менің әйелім – педагог. Ол маған бұл туралы бұрыннан да айтатын. Әр бала әр түрлі, сондықтан әрқайсысына жеке назар аудару қажет. Менің қолымда болса, осындай мектептерді тек бала асырап алушыларға ғана емес, жалпы барлық ата-аналарға арнап ашар едім. Мен ұлымды тәрбиелеуде дұрыс бағыт алмағанымды осында түсіндім. Ересек адамдар өз балаларына тек тәрбиелеу нысаны ретінде ғана қарайды, мұндай тұрғы баланың ашылуына мүмкіндік бермейді. Біз оларға ең алдымен дос болуымыз керек, сонда ғана бала әке-шешесіне ішкі дүниесінде не болып жатқанын, көшеде не істейтіндерін айтады, араларында құпия болмайды, - дейді Мұрат сенімділікпен.

Қазір олар екі қатарлы үлкен үй салып жатыр. Өздері үшін емес, болашақ балалары үшін.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суреттерді түсірген автор

11 шілде 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.