Мәжілісте кейбір заңнамалық актілерге газбен жабдықтау және тауарлық газды үнемді тұтыну мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуге арналған заң жобасы таныстырылды, деп хабарлайды KAZINFORM.
Талқылау кезінде Мәжіліс депутаты Бақытқожа Ізмұхамедов тұрмыста газ тұтынудың қауіпсіздігі заңда дұрыс реттелмегенін сынады.
«Газ пайдалану кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі заңда қалай реттелмекші? Бұған дейін газ инспекциясы болған еді. Қазір де сондай бір құрылым керек сияқты. Өйткені қазір ешкім газ тұтынудың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмай отыр. Сондықтан газды тиімді пайдалану және тариф мәселесін қарамай тұрып қауіпсіздікті күшейту мәселесін жөнге келтіріп алу керек сияқты. Әйтпесе бұл шикі заң болады», - деді депутат.
Заң жобасын әріптестеріне таныстырған Екатерина Смышляева аталған ұсынысты қолдайтынын, бірақ қаржылық жағын пысықтау керектігін айтты.
«Заң инспекциясын қалпына келтіру туралы ұсынысыңызды қолдаймын. Менің білуімше үй шаруашылығындағы газ жүйелерінің қауіпсіздігі нарыққа берілген. Яғни, тиісті сертификат алып, осымен айналысатын компаниялар бар. Бірақ ол нарық әлі толық қалыптасып бітпей жатыр. Бұл мәселеде мемлекеттің монополиясы болса әлдеқайда тиімді болар еді. Өйткені газ инспекциясы мемлекеттік функцияның арасында қауіпсіздік мәселесін нақты реттеп отырар еді. Бұл мәселені заң жобасын пысықтау кезінде талқылай аламыз деп ойлаймын. Жалғыз мәселе бар, ондай институт құру үшін штат санын кеңейтуге ақша керек болады», - деді депутат.