2025 жылы Қазақстанда АЭС-ті салу үшін қай елдің технологиялары қолданылатыны белгілі болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр АЭС-ті қай ел салуы мүмкін екенін айтты.
"Мұнымен арнайы жобалық топ айналысады. Егер әртүрлі компаниялармен, әртүрлі елдермен келісімшарт жасасу керек деген қажеттілік болса, ол да қарастырылады", – деді Скляр үкімет отырысында.
Оның айтуынша, консорциумда бес мемлекеттен артық болмайды. Консорциумның өзі станциялық нысандарды жобалау кезінде ең жақсы технологияларды таңдау үшін қажет. Бұл тәжірибені бүкіл әлемде қолданады екен.
“Ядролық аралды бір ел, турбинаны екінші ел, жабық тарату қондырғыларын үшінші мемлекет және т.б. салады. Мұның бәрі бірігіп, жақсы нәтиже береді. Сондықтан біз бір жеткізушіге немесе мердігерге қарап отырмауымыз керек. Консорциум құру тәжірибесі ең тиімді. Келесі жылы бұл мәселе нақтырақ болады – бұл консорциумның мүшесі кім болады, құжаттама қашан әзірленеді, мердігер, жобалаушы туралы шешім қашан қабылданады”, –деді премьер-министр орынбасары.
Оның айтуынша, әлемдік тәжірибеде техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуге бір жыл, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге бір жарым жыл уақыт беріледі, содан кейін құрылыс басталады.
Онымен қоса Скляр АЭС құрылысының бастапқы құны пайдаланылған материалдар мен қызметтердің бағасының өсуіне байланысты бір жарым есе өсуі мүмкін дейді.
"Бұл нысан шамамен 10 жыл немесе одан да көп уақыт салынады. Неге ұзақ? Өйткені қауіпсіздік шаралары өте маңызды. Жобалау да біршама ұзақ уақытты алады, ендеше 10 жыл қажет болса, бастапқы баға инфляцияға байланысты өсетіні анық. Әлемдік тәжірибе бойынша баға 50% артады", – деді ол.
Бір жылдан астам уақыт бұрын энергетика министрлігі екі 1,2 ГВт блоктан 2,4 ГВт АЭС-ке 10 миллиард доллар кетеді деді, бірақ кейінірек энергетика министрлігі 12 миллиард долларға, тіпті осындай станция үшін 15 миллиард доллар кететінін мәлімдеді. Осылайша бастапқы сома 50% өспек.
8 қазанда Орталық референдум комиссиясы Қазақстанда АЭС салу бойынша Республикалық референдумның нәтижелерін шығарған еді. Мәліметтерге сәйкес, АЭС салуға 71,12% адам келіскен. Осылайша, референдум өтті деп саналған.