Атырау, 8 қазан 17:39
 бұлттыВ Атырау +16
$ 484.37
€ 531.06
₽ 5.05

​Атыраулық дәрігерлер көпқабатты үйдің терезесінен құлаған баланы аман алып қалды

99 просмотра

Естеріңізге сала кетейік, 26 қыркүйек күні Нұрсая ықшамауданында екі жасар бала бесінші қабаттан құлап кеткен болатын. Бүгін ол жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды.

Бала облыстық балалар ауруханасына бірнеше диагнозбен түсті: екі өкпесінің тұсы зақымданған, жабық бас-ми жарақаты, ауыр деңгейдегі ми жарақаты, мидың ісінуі, қарақұстың оң жақ бөлігінің сызықты сынуы.

Өкпесіне хирургиялық жолмен плевра қуысына ота жасалды. Ол кешенді ем қабылдап жатыр.

Емдеуші дәрігер, хирург Әділбек Дүйсенғалинның айтуынша, баланың беті бері қараған, өздігінен тыныс алады.

Баланың анасының айтуынша, сол күні бала ата-әжесімен болған. Ашық қалған терезенің торын басып қалып, құлап кеткен.

-  Аурухана дәрігерлеріне алғысымыз шексіз, - деді атын атамауды өтінген жас ана. Дәрігерлер баланың жағдайының бәрін бізге жеткізіп отырды. Жолдасымыз екеуіміз кез келген жағдайға дайын болдық. Бірақ ғажайып болды. Ақ халатты жандар балама екінші өмір сыйлады.

Сәбидің емдеуші дәрігері Әділбек Дүйсенғалин небәрі 29 жаста.М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің түлегі, Қостанайда туып-өскен, Қарағандыда жұмыс істеген. Жас маман Атырауға бір жыл бұрын сол кездегі балалар ауруханасының директоры Н.Айтмұхамбетовтің жеке шақыруымен келген.

Дайындаған Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Бүгін, 15:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.