Атырау облысында биылғы жылдың тамызында іске қосу жоспарланып отырған сандық эфирлік теледидар - жаңа сандық технологияға көшу жөніндегі ауқымды мемлекеттік жобаның бір бөлігі боп табылады.
Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырумен «Қазтелерадио» АҚ ұлттық операторы айналысады. Бұл мекеме өткен ғасырдың 50-жылдарынан бастап бүкіл магистральды радиорелелік желілер, радиотелевизиялық орталықтар салып, оларды бүгінде пайдалануды жалғастыруда. Атырауоблыстық телерадиохабар тарату дирекциясының директоры Дархан ХҰСЫНОВТЫҢ айтуынша, бағдарлама шеңберінде бүкіл ел бойынша 211 жаңа радиотелевизиялық орталықтарды салу және жұмыс жасап тұрған626 орталықты жаңғырту жоспарланған. Осы мақсатта 51 млрд теңге бөлінді. Алматыдағы «Көктөбе» телемұнарасында заманауи жабдықтармен жарақталған сандық эфирлік хабар тарату торабын басқару және мониторингісінің бас орталығы жұмыс істеп тұр. Оның резервтік орталығы - Астанада.
15 шілде мен 8 тамыз аралығында Атырау қаласы мен қала маңында күн сайын жергілікті телемұнара арқылы берілетін барлық теле және радиоарналарда хабар таратылу ажыратылатын болады. Бұл қолайсыздықтарға жаңа цифрлық теледидар сапасы үшін шыдауға тура келеді. Естеріңізге салсақ, атыраулық телемұнарадан 11 телеарна («Хабар», «Қазақстан-Атырау», «Еуразия», КТК, «Қазақстан», НТК, «Астана», «СТВ», «31 арна Атырау», «Ел Арна», «7ТВ») мен 7 радиоарна («Қазақ радиосы», «Тенгри FM», «Шалқар радиосы», «Ретро FM», «Русское радио», «Авторадио», «NS радио») хабар таратады. Күн сайын сағат 9-дан кешкі 6-ға дейін радиотеледидар тарату стансасының мұнарасында антенналық-фидерлі жүйені бұзып, жаңа цифрлық жабдықтарды орнату жұмыстары жүргізілмек.
- Телемұнарада біздің мамандар бригадасы жұмыс істейтін болады, - дейді Атырау облыстық радиотелехабар тарату дирекциясының бас инженері Қалихан ИБРАЙЫМОВ. – Эфирлік толқындар денсаулық үшін зиянды, сондықтан жұмыс күндері қауіпсіздік мақсатында бригада жұмыс жасаған кезде антеннаны ажыратып тастаймыз. Хабар таратудағы үзілістер тек Атырауға қатысты, аудандарда бәрі бұрынғыша жұмыс істей береді (ол жерлерге цифрлық теледидарды 2015 жылға қарай орнату жоспарланған). Жұмысты жоспарланған мерзімнен бұрын аяқтап, жаңа жабдықты бірден қосуға тырысамыз. Облыс орталығының тұрғындары цифрлық форматта 11 емес, енді 16 отандық арналарды көретін болады деп жоспарлануда.
Мамандардың бағалауынша, таяу уақытқа дейін қазақстандықтардың жартысына осындай торапта бар болған төрт отандық телеарналар қолжетімді болған. Ауыл тұрғындарының көпшілігі спутниктік антенналарды пайдалануға мәжбүр. «Қазтелерадио» қызметкерлері сандық технология енгізілгенде шалғайдағы ауылдар мен шекараға шектес аудан тұрғындарының 15 қазақстандық арналарға дейін көре алатындығына сенімді, бұлардың ішінде республикалық та, аймақтық та арналар бар. Алғаш боп Астана, Алматы, Қарағанды, Жезқазған және Жаңаөзен тұрғындары сандық сападағы форматта отандық телеарналарды тегін көру мүмкіндігіне ие болды.
2013 жылы 13 облыс орталығынан жаңа торап салу, сонымен қатар Өзбекстанмен, Қырғызстанмен, Қытаймен, Ресеймен және Түркіменстанмен шекаралас жатқан аудандарға сандық теледидар енгізу жұмыстарын бастау жоспарланды. Соңғы кезеңде, 2015 жылға қарай сандық хабар тарату республика халқының 95 пайызын қамтиды.
Дәстүрлі теледидар хабар таратудың жаңа стандартына толықтай көшкенше жұмыс жасай береді және 2015 жылы толықтай ажыратылатын болады.
- Сандық жүйеге көшудің бірінші кезеңінде спутниктік сандық «OTAU TV» теледидары пайдалануға берілді. Еліміздің кез-келген нүктесінде оның қолжетімді болуы - оның артықшылығы болып табылады, - дейді Дархан Хұсынов.– Бір уақытта спутниктік желі сандық эфирлік тарату желісіне сигнал жеткізу үшін тасымалдаушы ортаға айналды. Ұлттық спутниктік теледидарды пайдаланушылардың 90 пайызы ауылдық жерлердің еншісінде. «Тәрелкелердің» арқасында отандық арналардан басқа хабар тарату түрлері жоқ, жетуге жолы қиын 550 елді мекеннің тұрғындары қазір 37 қазақстандық телеарналарды тегін тамашалайды. Сонымен қатар, тегін пакет құрамында 7 радиоарна бар.
«OTAU TV» базалық пакетінде барлығы44 отандық теле- және радиоарналар бар. Ол мемлекеттік бюджет қаржысынан шығындарды жабу есебінен тегін ұсынылады. Бірақ қосылу үшін абонентке клиенттік жабдықтар: антенна, қабылдағыш, қосу картасы және т.б. алу керек. Олардың орташа құны 28 мың теңге шамасын құрайды. Қосуға орталықтандырылған субсидиялау әзірге болмай отыр, бірақ бірқатар аймақтарда әлеуметтік қорғалмаған абоненттерді жергілікті бюджет қаржысы есебінен қосу тәжірибесі бар.
- Атырау облысының бюджетінде осындай мақсаттар үшін 17 млн теңге шамасында қаржы қарастырылған. Енді осы қаржылардың бөлінуін күтудеміз, - деп атап өтті Хұсынов.
Зульфия ИСКАЛИЕВА