Атырау, 27 желтоқсан 04:22
 бұлттыВ Атырау -3
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

"Дастан" ерлеп тұр

4 416 просмотра

Өткен аптада «Дина» көтерме базарындағы балғын көкөністер бағасы төмендеді. Басты себеп – жергілікті бақша дақылдарының алғашқы партиясы сатылымға келіп түсті.

Көтерме баға құлдилады (бір келіге шаққандағы бағасы): қияр – 25 теңгеге, қызанақ – 120 теңгеге, картоп пен пияз –90 теңгеге дейін, қарбыз – 40 теңгеге, қауын –150 теңгеге дейін арзандады. Соңынан дирижердің көрінбейтін таяқшасын сермегендей, баға кенеттен қайта көтерілді. Сатушылар мұны облыстан тыс жерлерден жеткізілімнің кешігуінен болды деп түсіндірді. Алайда бір нәрсе түсінікті болды: енді жергілікті көкөніс өндірушілер бағаға үлкен әсерлерін тигізетін болады. Біз Махамбет ауданындағы ірі «Дастан» шаруа қожалығына барып, басшысы Ақтұрған ЕРМАНОВПЕН әңгімелестік.   

- Биыл қарбыздардың алғашқы партиясы базарға кешігіп жеткізілді. Бұған не себеп болды?

- Біз қарбыз көшеттерін ашық топыраққа әдеттегідей сәуірдің ортасында отырғыздық. Бұл жемістердің өсіп жетілуі үшін аз мөлшерде селитра, су және ыстық ауа райы керек. Біз селитраны отырғызу кезінде өсімдік сабағының бой көтеруі үшін ғана қолдандық, содан кейін жиі суардық. Алайда маусым айында ыстық болмады, сондықтан да егін өнімі екі аптаға кешікті. Қазір базарда негізінен Батыс Қазақстаннан әкелінген қарбыздар сатылып жатыр. Онда климат біздікінен гөрі суықтау. Қалай ойлайсыздар, көршілеріміз қалайша бізден озып кетті? «Дастан» шаруа қожалығының қала бойынша тұрақты қызмет ететін 12 сауда нүктесі бар. Сондықтан да, атымызға кір келтірмес үшін дұрыс технологияны қолданамыз. Өкінішке орай, биыл «Дастан» ШҚ атын жамылып, сапасыз өнім сатқан фактілер анықталды. Естеріңізде болсын, біздер алғашқы қарбыз партиясын көтерме базарға 3 шілдеде, екіншісін 8 шілдеде шығардық.

- Көшеттерді отырғызу кезінде қандай технологияны қолданасыздар?

- Біз ай күнтізбесін қолданамыз. Барлық өсімдіктерді отырғызудың сәтті күндерін ғаламтордан табуға болады. Сеніңіздер, көмектеседі.

- Мемлекеттен қандай көмек алып жатырсыздар?

- Көкөністер, бақша дақылдарын өндіруге, тамшылатып суаруды қолдануға, асыл тұқымды малдарды бағуға, шөп шабуға субсидиялар аламыз. Ешқашан субсидия алып көрген жоқпыз деп жариялап жүрген адамдарды сауатсыздар деп айтар едім. Көмек алу үшін тиісті құжаттарды жинақтаса болды.

- Жем-шөп дайындауды қалай жүргізіп жатырсыздар?

-Өткен жылы мен жүз тонна солярка алдым. Олардың 73 тоннасы шөп шабуға жұмсалса, қалғаны егін егуге және өнімдерді базарға жеткізуге пайдаланылды. Жұрттың бәрі шөп неге қымбатсып жатыр деп сұрайды (бір орамасы 4 мың теңге). Бізге шөпті үйден екі жүз шақырым жерден – Қызылқоға ауданындағы Тайсойғаннан шабуға тура келеді. Бәрі де климаттың өзгеруінен болып отыр. Міне, 4 жылдан бері Махамбет ауданында шөп жоқ. Табыстарымыздың көп бөлігі мал шаруашылығына кететін шығындарды жабуға кетіп жатыр. Шаруашылықта мың жарым қой, 300 ірі қара және жүз шақты жылқы бар.

- Қирап жатқан Атырау – Индербор автомобиль жолын қалпына келтіру жұмыстарының басталғанына қуанышты боларсыздар, өйткені қарбыз қалаға осы жолмен жеткізіледі ғой.

- Әрине.Біздің жүк машиналары қираған жолда жай жүріспен түні бойы жүреді. Сонымен қатар, айналамызда қанша шаруа қожалықтары бар екенін білесіздер, бұлардың барлығы жолдың нашарлығынан тек мал шаруашылығымен айналысуға мәжбүр болып отыр. Жолды қалпына келтіру аяқталғанда, Махамбет пен Индер аудандары  шаруаларының арқаларынан жүк түскендей болатын шығар.

Біз А. Ермановтан кейін шаруа қожалығының қызметкері Айдос БАЙНИЯЗОВПЕН (суретте) әңгімелестік. Оған және тағы төрт диханға «Дастан» жеке үй салуға қаражат бөліпті. Ол сондай-ақ шаруа қожалығы ортақ іске 10 жылдан бері аянбай еңбек еткені үшін «Лада» ВАЗ-2115 автокөлігін ұсынған үш ұжым мүшесінің қатарында да бар. Жақсы әлеуметтік көмек. Жарайсың, Айдос, тек мұқият бол, қарбыздарыңды селитрамен көп «тұздап» жіберме!

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген автор

11 шілде 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.