Атырау тұрғындары үшін«элиталы» зәулім үйлерде тұру– коммуналдық проблемалардан құтқаратын жол еместігі анық. Редакцияға осындай үй тұрғындарынан суға, жылумен қамту және т.б. проблемаларға қатысты шағымдар үнемі түсіп тұрады. Алайда Шәріпов көшесі 26 «а» мекен-жайындағы «4 Батыр» тұрғын үй кешеніне кіретін №1 және №2 үй тұрғындарының әңгімесі ешқандай шеңберге сыяр емес.
СОХО И МАНХЭТТЕН СЕКІЛДІ
«4 Батыр» тұрғын үй кешенін бастапқыда біртұтас және бөлінбейтін кешен ретінде үй салушы әрі меншік иесі «Болашақ Атырау ЛТД» компаниясы жобалап, салып және пайдалануға берген болатын. Ол тоғыз қабатты 4 блоктан тұрады. №3 және №4 блоктар шетелдіктерге арналған мейманхана ретінде салынып, алдыңғы екі блокты үй салушы әрі қарай осы үйлердің тұрғындарына қызмет көрсететін боламыз деген есеппен, халыққа баспана ретінде сатқан еді.
Алайда, тұрғындардың биылғы жылдың қаңтарында Атырау облысының әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВКЕ жазған хатында айтылғандай, 2000 жылдардың ортасында «Болашақ Атырау ЛТД» мейманхана блоктарын «CaspianOffshorConstructionRealty» ЖШС-не (әрі қарай COС Realty) сатып жіберген. Осы блоктардың жаңа қожайыны кейін шетелдіктерге берем деп №1 және №2 блоктардан пәтердің меншік иелерінен қосымша жалға алған. Тиісінше, осы үйлерге «шектен тыс» (өз пәтерлерін шетелдіктерге жалға бермей, өздері тұрып жатқандардың пікірінше) бағамен – бір шаршы метрі үшін 144 теңгеге қызмет көрсеткен.
Алайда бұл шегі емес екен, биылғы жылдың наурызынан бастап COС Realtyөз қызметінің құнын екі есеге – бір шаршы метр үшін 288 теңгеге дейін көтеріп жіберді.
– Бұл Нью-Йорктегі Манхэттеннің, Лондондағы Сохо ауданының немесе Астанадағы тек министрлер ғана тұратын тұрғын үй кешеніндегі бағалардың деңгейінде ғой, -дейді ащы мысқылмен тұрғындар.
Тариф екі есеге көбейген кезде қызмет көрсету тізімін көбейтудің орнына COС Realtyкерісінше тізімнен жөндеу-техникалық бригадасын ұстау қызметін алып тастаған.
– Неліктен екі блокты сату жөніндегі келісім біздің пікіріміз ескерілместен жасалған? Бастапқыда кешеннің бүкіл инженерлік жүйелері – жылу, ыстық сумен қамту жүйесі, электр энергиясы, газ құбыры – жер учаскесін қоспағанда, бөлінбейтін жүйе болмап па еді?! - деп наразылық білдірді тұрғындар.
Олардың айтуынша, осы артықшылықты пайдаланып, COС Realtyтұрғындарды өз шарттарына көндіруге тырысқан. Кей жағдайларда көндіріпті де. Мәселен, бірнеше жылдан бері №1 және №2 блоктарда ыстық су жоқ. Тұрғындардың жорамалы бойынша, судың сапасы басқа екі блоктарда тұратын шетелдіктердің көңілінен шықпапты. Соған байланысты ыстық су беру жүйесі тоқтатылған.
Енді барлық пәтерлерде бойлерлер тұр.
ЖАРАМСЫЗ ҚЫЛЫҚ
Коммуналдық қызметтердің бағаларын көтеру – шыдамның соңғы тамшысы болды. Тұрғындардың бір бөлігі компания қызметін төлеуден мүлдем бас тартты. Ал кешікпей COС Realty№1 және №2 блоктардың тұрғындарына 2013 жылдың 1 мамырынан бастап қызметтер ұсынуды тоқтататындығын мәлімдеді. Ақырында Атырауда жеке меншігінде шетелдіктерге арналған ондаған мейманхана кешендері бар бұрынғы қызмет көрсетуші компания бұрынғы клиенттеріне қатысты ұнамсыз әрекеттер жасаған.
– Өртке қарсы сигнализацияны кесіп тастап, алып кетті. Лампочкаға дейін бәрін түсіріп тастады. Біздің санауымызша, олар бізге қызмет көрсеткен жылдар ішінде біз оларға 87 млн теңгедей ақша төлеппіз. Бұл кезде олар ешқандай жөндеу жүргізген жоқ. Бұдан басқа, олардың басқа нысандарының барлығы қала орталығында орналасқандықтан, олар біздің ауламыздан қызмет көлігі үшін көлік базасы мен жабдықтарды сақтайтын қоймалар ұйымдастырды. Қуатты тоңазытқыштар аулада тәулік бойына дарылдап тұрады. Тағы бір мысал: кешен жағалауда орналасқанына қарамастан, бізге суарма су құбырын салуға рұқсат бермеді. Аулада бірде бір бұта жоқ, тек жасанды ағаштар ғана тұр, - деп тұрғындар өз мұңдарымен бөлісті.
АЛ ҮЙ БОЛҒАН БА?
Сөйтіп оларға ПИК құрудан басқа амал қалмаған. Айтпақшы, бұл кеңес олардың облыс әкіміне жазған хатына сол кездегі қала әкімінің орынбасары Әділбек НҰРЛЫҒОЖИЕВТЫҢ атынан келген формальды сырғытпа жауапта жазылған. Ал әрі қарай қызық басталады. Қағаз-құжаттарды ресімдеп, ПИК-тің құрылуына шындап кіріскен тұрғындар өз үйлерінің еш жерге тіркелмегенін білгенде қатты таң қалды. Әділет департаментінде де, сәулет басқармасында да, жылжымайтын мүлік орталығында да жоқ екен. Екі мейманхана блоктары мен фитнес орталығы құжаттар бойынша бар, ал екі тұрғын үйдің ізі де жоқ.
– Бізге екі үйге жер учаскесінің мемлекеттік актісі мен техникалық төлқұжаты үшін өздігімізден ақша жинауға тура келді. Бүкіл құжаттарды әділет департаментіне тапсырдық. Ал 16 мамырда қала әкімінен кондоминиумға рұқсат алдық-ау әйтеуір, - деп әңгімелейді тұрғындар.
–Егер сіздің үйлеріңіз құжаттарда жоқ болса, сіздер пәтерлерді қалай сатып алып, саттыңыздар? Мәселен, «Атырау-Жарықпен» қызмет көрсету келісімшарттарын қалай ресімдедіңіздер?
– Біз «Болашақ Атырау ЛТД»-мен сату-сатып алу келісімшартын ресімдедік. Соның негізінде әділет департаментінен меншік иесі туралы мәлімет пен басқа барлық тиесілі құжаттарды алдық. Ал қызмет көрсетушімен келісімшарттар тұрғындардың әрқайсысымен жасалады.
Бірақ тек бұл ғана емес. Құжаттарды әділет департаментіне ресімдеуге тапсырғаннан кейін ондағылар екі тұрғын үй блогына 2010 жылдан бастап тыйым салынғанын хабарлапты.
– Облыстық әділет департаменті бастығының орынбасары Уайсова ханым біздің арызымызды үшінші рет қарап шығып, пәтерлерімізге қатысты бәрі дұрыс екендігін түсіндірді. Бірақ үйдің өзіне тыйым салынғандықтан шығар, халыққа қызмет көрсету орталығындағылар кондоминиумды тіркеуден бас тартты. Алайда әр пәтерге құжаттарды кедергісіз береді. Мұның бәрін былай суреттеуге болады: аяғы, қолы, басы бөлек-бөлек сіздердікі, бірақ тұтасымен сіз өздеріңізге тиесілі емессіздер дегендей ғой, - дейді №1 және №2 блоктардағы пәтерлердің меншік иелерінің өкілетті өкілі Салауат КУНЕНОВ (суретте).
Қазір тұрғындар ПИК ашып, осы секілді басқа тұрғын үй кешені кооперативінің төрағасын шақырыпты. Тариф бұрынғыша қалып, бір шаршы метріне 144 теңгені құрады: оған үйлерге қызмет көрсету, күзетшілердің, тазалаушылардың, дәнекерлеушілердің жалақысы және т.б. кіреді.
№1 және №2 блоктардың түсініксіз мәртебелеріне келер болсақ, тұрғындар осы мәселеде айқындыққа қол жеткізу үшін адвокаттар жалдапты.
Ал COС Realty басшылығы тұрғындар санамалап шыққан талаптар бойынша, компания заңгері хабарлағандай, «мәні жоқ болғандықтан» қандай да болмасын түсініктер беруден бас тартты.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ