Соңғы бір жарым жылда Атыраудағы еңбек нарығы қалай өзгерді, бізде қандай бос орындар бар? Түйіндемені қалай құрастырған жақсы және әңгімелесу кезінде не айту керек? Осы және басқа да сұрақтар «HeadHunter Қазақстан» зерттеу орталығының біздің газетіміз үшін арнайы жасалған талдамалық шолуында бейнеленген.
«ҚЫМБАТ»БОС ОРЫНДАР ЖӘНЕ БАСҚАЛАР
«НН Қазақстан» компаниясының маркетинг және РR жөніндегі менеджері Әсел БЕЖЕНОВАНЫҢ айтуынша, Атыраудағы бос орындар саны жыл басынан бері екі еседен астам мөлшерге көбейген. Бүгінгі күні оның саны өсуде.
- Атыраулық жұмыс берушілердің ұсыныстары өткен жылы бірінші жартыжылдық ішінде түбегейлі өзгеріссіз шамамен бір деңгейде болды, - дейді ол. – Жұмыс берушілердің белсенділігі наурыз айында әжептәуір азайды (2012 жылдыңқаңтарына қатысты 86 пайыз).
Бос орындар санының жартылай көбеюі (жыл басымен салыстырғанда) тамыз (153 пайыз) бен қарашада (155 пайыз) байқалды. Ал 2013 жылдыңқаңтарында Атыраудан жұмыс орындарын ұсыну екі еседен астам – 274 пайызға дейін көбейген. Үстіміздегі жылдың мамырында бұл көрсеткіш 320 пайыз белгімен тіркелді (осы жерде және әрі қарай 2012 жылдың қаңтарымен салыстырылған).
Жұмыс іздеушілер осындай үрдісті көрсетті: 2012 жыл 105-125 пайызбелгісімен өтсе, желтоқсанға қарай түйіндемелердің жариялану жиілігі 90 пайызға дейін қысқарды.
Есесіне 2013 жылдың ақпанында жұмыс іздеушілер түйіндемелерін 2012 жылдың қаңтарына қарағанде екі есе жиі (223 пайыз) орналастырды. Көктемде үміткерлер азайып, биылғы жылдың мамырында түйіндемелерді жариялау 130 пайыз белгісінде тіркелді.
Биыл былтырғыға қарағанда бос орындарға жиі үн қатқан. Егер 2012 жылы жоғарғы белгі – 135 пайыз болса, үстіміздегі жылдың ақпанында – 203 пайыз болды. Мамырда жіберілген түйіндемелер деңгейі 172 пайыз көрсеткішті тіркеді.
- Біздің еңбек нарығында қандай бос орындар сұранысқа ие? Жұмыс берушілер басымдық беріп отырған қандай да болмасын өзгерістер бар ма?
- Атыраудағы (бүкіл Қазақстандағы секілді) еңбек нарығында ең танымал кәсіби сала «Сауда-саттық» боп табылады. Бұл саладағы бос орындар үстіміздегі жылдың мамырында жұмыс берушілердің орналастырған ұсыныстарының 25 пайызын құрайды. Екінші орында – «Құрылыс, жылжымайтын мүлік» (14%), үшінші орында – «Ақпараттық технологиялар, интернет, телеком» (9%). Біздің мәліметтеріміз бойынша, биыл «Көлік бизнесі», «Банктер, инвестициялар, лизинг», «Бухгалтерия, басқару есебі, кәсіпорын қаржылары», «Сауда-саттық», «Сақтандыру», «Туризм, мейманханалар, мейрамханалар» секілді кәсіби салалардың мамандарына сұраныстың азайғандығы байқалады.
- Қандай позицияға компания жоғары жалақы төлеуге дайын? Біздің облысымызда мұндай позициялар көп пе?
- 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Өндіріс», «Шикізат өндіру», «Сауда-саттық», «Көлік, логистика» кәсіби салаларында ағылшын тілін білетін мамандарға тікелей жұмыс берушілерден де, кадрлық агенттіктер мен рекрутингтік компаниялардан да (3 000 доллардан 10 000 долларға дейін) жоғары жалақы төленетін (бұлардың арасында ұсынылатын сыйақылар көрсетілген) бос орындар түсті. «Қымбат» бос орындар жалақы деңгейі көрсетілген бүкіл ұсыныстың 3-5 пайызын құрайды.
КЕРІ РЕТТІЛІКПЕН
- Түйіндемені құрастыруда қандай кеңес бере аласыз?
- Хронологиялық түйіндеме – көптеген рекрутерлер мен персоналдар жөніндегі менеджерлер үшін анағұрлым ұнамды әрі түсінікті формат. Хронологиялық түйіндемеде кері хронологиялық ретпен жұмыс тәжірибесі туралы айтылады.
Артықшылығы
Бұл жалға алушы менеджерлер мен рекрутерлердің көпшілігі үшін анағұрлым ұнамды әрі түсінікті формат. Өйткені мұндай түйіндемені оқу ыңғайлы. Мансап баспалдағы көрсетіліп тұрады. Егер сіздің қазіргі лауазымыңыз үміткер болып отырған бос орын үшін сіздің біліктілігіңізді жақсы көрсететін болса, бұл тиімді болмақ.
Кемшіліктері
Егер сіздің соңғы лауазымыңыз сіз үміткер болып отырған жұмыспен байланысты болмаса, бұл форматты қолдану тиімсіз болады.
Құрылым
Кіріспе бөлім (2–4 сөйлем) сіздің негізгі мансаптағы мақсатыңыз, машықтарыңыз бен жетістіктеріңіз туралы әңгімелейді. Бұл бөлімге «Профайл» немесе «Мәлімет» деген жақсы атау беруге болады.
Екінші бөлім – «Кәсіби тәжірибе». Оған сіздің қазіргі немесе соңғы жұмыс берушіңіздің аты, кәсіпорын орналасқан қала атауы және жұмысқа келу мен кету уақыты көрсетіледі. Содан кейін лауазым атауы мен лауазымдық міндеттер баяндалады.
Жетістігі –бұл хронологиялық түйіндеменің ең маңызды бөлігі. Бұл жерде бұрын атқарған лауазымдар, жеткен жетістіктер мен олардың сіз үміткер боп отырған позиция үшін маңыздылығы тізбеленеді. Сапалы жетістікті едәуір ақпаратпен толықтырған жөн (мәселен, саттық 25 пайызға көбейді дегендей). Бұл тұрғыда сіздің қарамағыңыздағы қызметкерлердің жалпы санын атаған жақсы. Сондай-ақ, ақпараттың әрі қысқа, әрі нұсқа болуын қадағалаңыз. Неғұрлым аз сөз қолдансаңыз, ықтимал жұмыс берушіге көп нәрсе айта аласыз.
Түйіндемені ерекше еңбегінің тізімі (құрмет грамоталары, мемлекеттік марапаттар және т.б.), кәсіби ұйымдарға мүше екендігі және білімі туралы ақпаратпен аяқтайды.
ӨЗІҢІЗДІ ҰСТАЙ БІЛІҢІЗ
- Әңгімелесу кезінде өзін қалай ұстау керек?
- Үміткерлерді іріктеу кезінде персонал жөніндегі менеджер бос орынға қойылатын талаптарды басшылыққа алады. Онда белгілі бір міндеттемелерді ойдағыдай орындау үшін қажетті жеке және кәсіби қасиеттер, формальдық өлшемдер қамтылады. Олар бизнестің бағытына, компанияның ерекшеліктеріне, оның корпоративтік мәдениетіне сәйкес жасақталған.
Кез-келген рекрутердің міндеті – осы талаптарға әжептәуір дәрежедегі лайықты үміткерді табу. Алдымен түйіндеме бойынша бастапқы іріктеу жүргізіледі. Онда негізгі сипаттамасының формальды түрде бар-жоғы – жынысы, жасы, білімі, арнайы білімінің болуы, мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесі және т.б. тексеріледі. Содан кейін әңгімелесу кезінде қажетті кәсіби және жеке қасиеттерінің деңгейі бағаланады, қызығушылығы, көзқарасы, жүріс-тұрыс ерекшеліктері, тіпті сөйлеу, киіну мәнері, корпоративтік мәдениетке, осы компания басшылығының стиліне қаншалықты сай келетіндігі анықталады. Жасалатын жағдай жоғары болған сайын қойылатын іріктеу критерийлері қатаң болып, бағалау мұқият жүргізіледі.
Әңгімелесуге дайындалған кезде, сұхбаттасушыдан алынатын ақпараттың 7 пайызы біздер қолданатын сөзбен жететінін еске сақтаған жөн. Қалған мәліметтер таңбалы ақпарат боп қабылданады. Келбеттің, отырыстың, мимика мен ишараның, дауыс ырғағының маңызы бар. Мұндай мағлұматтар сананың бақылауына көнбейді, яғни, сұхбаттасушы туралы интуитивтік әсер қалдырады. Сондықтан сіздің ишараңыз бен бет-әлпетіңіздің түрі сіздің жетістіктеріңіздің дәлелінен гөрі сұхбат алушының пікіріне көп әсерін тигізеді. Сіздің не айтып отырғаныңыз ғана емес, бұл сөзді қалай айтып отырғаныңыз, сол сәтте өзіңізді қалай ұстауыңыз да маңызды. Сондықтан сіздің мақсатыңыз - өзіңізді дұрыс ұстап, сенімді болуыңыз, сұхбаттасушыңызға зер салып, көңіл аударып отырғаныңызды білдіруіңіз керек. Егер бұл қолыңыздан келсе, қызықты жұмысқа орналаса аласыз.
Осы қызмет саласына қызығушылығыңызды таныта отырып, алдын ала өзіңіз туралы қысқаша әңгіме ойластырыңыз (2-3 минут, одан ұзақ болмасын). Толқығаныңызды білдірмеуге, сұраққа нақты әрі мәнді етіп жауап беруге тырысыңыз. Өз жауаптарыңызды артық ақпаратпен және іш пыстырар егжей-тегжеймен жеткізбеңіз. Міндетті түрде болашақ лауазымыңыз, жұмыс жағдайы туралы сұраңыз.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА