Атырау, 21 желтоқсан 03:03
 бұлттыВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

КМГ басшысы ТШО басшылығымен Теңіз кен орнын одан әрі игеру жоспарын талқылады

1 279 просмотра
Сурет: ҚМГ баспасөз қызметі

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Атырау облысына Теңіз кен орнына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды ұлттық компанияның баспасөз қызметі. 

ҚМГ басшысы Болашақ кеңейту жобасының алаңын аралап, өндірісті басқару орталығында (IOCC) болды. Бүгінгі таңда Теңізшевройл (ТШО) Болашақ кеңейту жобасын аяқтауға жақын.

А.Хасенов Теңіздің вахталық кентінде компания басшылығымен жиналыс өткізді. Кен орнын игерудегі өзекті мәселелер, компания қызметкерлері арасында отандық мамандардың үлесін арттыру және тауарлар мен қызметтерді сатып алуда отандық қамтуды дамыту мүмкіндіктері талқыланды.

Кездесу барысында ТШО-ның техникалық қызмет көрсету, жөндеу, пайдалануға қажетті материалдарды жеткізуге арналған стратегиялық тендерінің нәтижелері бойынша жергілікті компаниялармен жалпы бюджеті шамамен 400 млн АҚШ долларын құрайтын бес ұзақмерзімді келісімшарт жасалғаны атап өтілді.

ҚМГ басшысы ТШО-ның осы кезеңдегі басым міндеттеріне тоқталды. Пайдалы қазбаларды барлау және игеру жөніндегі орталық комиссияның кен орындарын игеру жүйесі бойынша берген ұсынымдарын орындау мәселесі сөз болды. Сондай-ақ, басымдықтардың бірі ретінде Газды сепарациялау қондырғысын салу жобасын кестеге сай орындау  үшін «Теңізшевройл» отын газы жүйесін модификациялау бойынша жұмыстарды уақтылы жүзеге асыру мәселесі көтерілді.

ТШО техникалық қызмет көрсету бойынша жүргізіп жатқан тендерде жоспарланған жұмыстарға қазақстандық компанияларды тарту қажеттілігіне назар аударылды.   

Сонымен қатар, компанияның басшылық лауазымдары үшін қазақстандық кадрларды дамыту мәселелері қозғалды.

А. Хасенов ТШО ұжымымен кездесуде қызметкерлерге жанқияр еңбегі мен өз кәсібіне деген адалдығы үшін алғыс айтты.

«Теңізшевройл» – бүгінде Қазақстан мұнай өндірісінің үштен бір бөлігін қамтамасыз етіп отырған ірі салық төлеуші компания. Өткен 30 жыл ішінде жинақталған өндіру көлемі 580 млн тоннаға жетті. Компания 129 миллиард АҚШ доллары көлемінде салық пен міндетті төлем жасады.

Кездесу соңында ТШО қызметкерлері Қазақстан мұнайының 125 жылдығына арналған мерейтойлық төсбелгілермен, Энергетика министрлігінің марапатымен және «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының алғыс хаттарымен марапатталды.

4 қазан, 15:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.