Грузия парламентінің спикері Шалва Папуашвили елде "ЛГБТ насихатына" тыйым салатын заңға қол қойды. Бұл жөнінде Азаттықтың Грузин қызметі хабарлады.
"Мен қол қойып отырған заңның қазіргі, уақытша, өзгермелі идеялар мен идеологияға қатысы жоқ, ол парасаттылыққа, тарихи тәжірибеге және ғасырлар бойы қалыптасқан христианшылдық, грузин және Еуропа құндылықтарына негізделген" деді басқарушы «Грузин арманы» партиясының мүшесі Папуашвили. Ол аталған заңды "отбасы мен балаларды қорғайтын" құжат деп атады.
Сыншылардың пікірінше, "Грузин арманы" партиясы гомофобияны сайлауалды күрестің құралы ретінде пайдаланып, бір мезетте жиналу мен пікір айту еркіндігі, сонымен бірге ақпарат құралдары мен мәдениеттегі цензураға жол ашпақ. Грузияда парламент сайлауы 26 қазанда өтеді. Сауалнамаға қарағанда, "Грузин арманы" партиясы тағы да алда келеді.
Қабылданған заң жобасы Грузияда ЛГБТ өкілдеріне некелесіп, бала асырауға, трансгендерлік өтпелі шақта операция жасатуға, құжаттағы гендерлік белгіні өзгертуге, сонымен бірге мектептер мен ақпарат құралдарында ЛГБТ+ туралы әңгіме айтуға тыйым салады. Бұған қоса, депутаттар квир тақырыбындағы жиналыстарға да тыйым салды.
Қыркүйекте заң жобасын 84 депутат қолдап дауыс берген, депутаттардың ешқайсысы қарсы шыққан жоқ: оппозиция қазіргі парламенттің жұмысына бойкот жариялап, отырыстарына қатыспаған. Грузия президенті Саломе Зурабишвили заң жобасына қол қойған жоқ, бірақ вето да жарияламады. Енді "Отбасы құндылықтары мен кәмелетке толмағандарды қолдау туралы" заң 60 күннен кейін күшіне енеді.
Заң жобасын Еуроодақ қатаң сынады. Грузия қосылуға өтініш берген Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі жетекшісі Жозеп Боррель мұндай бастамалар "елді Еуроодаққа бағытынан тайдырады" деп мәлімдеді. Халықаралық ұйымдар заң қабылданғаннан кейін елде ЛГБТ+ өкілдеріне қарсы құқықбұзушылықтар көбеюі мүмкін деп алаңдайды.