«АМӨЗ» ЖШС-де жүргізіліп жатқан жоспарлы жөндеу жұмыстарына байланысты облыста сұйытылған мұнай газының тапшылығы байқалады. Газ құю бекеттерінде көліктің ұзын сонар кезегі пайда болған.
Жүргізушілердің айтуынша, қаладағы жанармай құю бекеттерінің кейбірі газды тек талонмен береді.
- Қала ішінен газ таба алмадым. Қала сыртындағы жанармай құю бекетіне газ келіп жатыр екен. Ол жерге де аз уақытта 30 жуық көлік жиналып қалды, - дейді Құрманғазы ауданы мен Атырау қаласына күн сайын жолаушылар тасымалдайтын такси жүргізушісі.
Қаладағы жанамай құю бекеттерінде сұйытылған газ бағасы 59 теңге. Ал Құрманғазы ауданында 64 теңгеге жеткен. Атыраулық жүргізушілердің кейбірі күндіз сағаттап кезекке тұрмас үшін көлік ағыны азайғанын күтіп, жанармай бекеттеріне түнгі 1 ден кейін баратынын айтады.
- Газ бағасы биыл газ тапшылығына байланысты 59 теңгеге көтерілді. Бағасы енді көтерілмесе екен, - дейді такси жүргізушісі.
Атырау облысы әкімдігі өңірде газ тапшылығын болдырмай, жүргізушілердің наразылығын тудырмас үшін қосымша сұйытылған газ сұратып жатыр. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің хаттамалық тапсырмасы негізінде «ANPZ» ЖШС-нен 408 тонна, «Жайықмұнайгаз» ЖШС-мен – 2490 тонна, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-мен – 4122 тонна сұйытылған газ бөлу туралы шешім қабылданды. Қыркүйек айына 3016 тонна қосымша көлем бөлінсе, қазан айының басында «ANPZ» ЖШС-нен 882 тонна сұйытылған газ бөлінді. 3 қазаннан бастап субъектілер сұйытылған газды жөнелтуде
Атырау облыстық энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары Жантас ОСПАННЫҢ мәліметінше, 4 қазанда «Жайықмұнай» ЖШС-нен 100 тонна (3 субъекті, жол жүру уақыты – 1 күн), сондай-ақ 15 вагон келеді деп жоспарлануда. Ақтөбе облысынан 540 тонна сұйытылған газ (жол жүру уақыты – 4-5 күн), шамамен келу күні – 7-8 қазан.
Атырау облысында 34 субъекті (101 жанармай құю бекеті) бар. Оның ішінде сұйытылған газ қазіргі таңда 58 жанармай бекетінде еркін сатылып жатыр. Қалған жанар-жағармай құю бекеттері газ келген кезде қалыпты режимде жұмыс істейді.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор