Атырау, 22 қараша 18:55
 ашықВ Атырау +2
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Атырауда жұмыстан шығарылған мұнайшылар «5АOIL» компаниясын сотқа берді

1 277 просмотра

«5АOIL» мұнай компаниясының бұрынғы бес қызметкері мен олардың құқығын қорғап жүрген адвокат Ренат ҚОЖАНТАЕВ компанияны сотқа берді. Бұл туралы бүгін «АЖ» тілшісіне жұмыстан босатылған жұмысшылардың бірі Ержан ИЩАНОВ айтты.

Арыз 27 қыркүйекте Атырау қалалық сотына берілген. Жауапкер - «5АOIL» ЖШС және үшінші тұлға - «Jasyl Energy» ЖШС. 

Талапкерлер еңбек шартын бұзу туралы бұйрықтарды заңсыз деп тануды, бұрынғы жұмыс орындарын қалпына келтіруді, мәжбүрлі түрде жұмыста болмаған күндері үшін жалақыны және өкілдік шығындар сомасын өндіруді талап етеді. 

Атырау облысында мұнай өндірумен айналысатын «5АOIL»  мұнай компаниясының бұрынғы бес қызметкері өздерін себепсіз жұмыстан шығарды деп есептейді. 

Естеріңізге сала кетейік, олар еңбек инспекциясы мен қалалық прокуратураға өздерінің заңсыз жұмыстан шығарылғаны туралы хабарлап, «штаттың қысқаруына байланысты» жұмыстан шығарған компанияның әрекетінің заңдылығын тексеруді сұраған еді. Жұмысшылар өздерін еңбек құқықтарын қорғаудағы белсенділіктері үшін жұмыстан шығарды деп есептейді. 

Атырау облысы Мақат ауылындағы  «5АOIL»  ЖШС-де он шақты мұнай кен орны бар. Осы жылдың 1 шілдесінде компания өз қызметін тоқтатты, ал одан бұрын 21 маусымда қызметкерлерге штаттың қысқаруына байланысты еңбек шартын бұзу туралы хабарламалар берілген. Хабарламада компанияның жұмысын тоқтатуға «жер қойнауын пайдалану құқығының тоқтауы» себеп болғаны айтылған. Сонымен қатар, компанияның жер қойнауын пайдалану құқығы жаңадан құрылған Jasyl Energy компаниясына берілетіні жазылған. Жұмыстан босатылған қызметкерлердің көбі өз еркімен арыз жазып, жаңа атаудағы компанияға жұмысқа қабылданған. Алайда компанияның штатты қысқарту туралы шешімімен келіспеген 11 қызметкерге жұмыс ұсынылмады. Олар еңбек шартын бұзу туралы хабарлама алғаннан кейін тура бір айдан соң жұмыстан шығарылды. Кәсіпорынның шешіміне наразы болған олар жұмысқа қабылдау жөнінде өтініш жазғанымен, жұмысқа қабылданбаған. 

«АЖ» сот барысы туралы  қадағалайтын болады.

Айнұр САПАРОВА

3 қазан, 16:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.