Құлсары қаласындағы «Құлсары» су тазарту құрылғысы тарататын су сапасы нормаға сай. Бүл туралы бүгін «Магистральдық Суағызғысы» ЖШС ұйымдастыруымен Құлсары қаласындағы «Құлсары» су тазарту құрылғысында өткізілген көшпелі баспасөз брифингінде Атырау облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Искакова мәлімдеді.
Шараға БАҚ өкілдері, «Магистральдық Суағызғысы» ЖШС басшылығы және Атырау облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілі мен Құлсары қаласының әкімі қатысып, сұрақтарға жауап берді.
«Құлсары» су тазарту құрылғысы «Астрахань-Маңғышлақ» магистральдық суағызғысынан келетін суды ауыз су сапасына жеткенге дейін сүзгіден өткізіп, Құлсары қаласына және Теңіз вахталық поселкесіне жеткізеді.
Еске салсақ, биыл мамыр айының ортасында Құлсары қаласында су сапасына қатысты тұрғындар тарапынан сұрақтар туындаған болатын. Баспасөз турының мақсаты да ауыз су сапасын жақсарту тұрғысында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстыру болды.
Атырау облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Искакованың айтуынша, мамыр айының 20-нан бастап Құлсарыда судың сапасы нашарлағаны жөнінде шағым түскен.
Сол кезден бастап Құлсарыдағы су тазару қондырғысына күніне екі мезгіл мониторинг жүргізіліп, суда темірдің көбейгені байқалды. Судың түсі нормадан асқаны белгілі болды. Алайда вирусология, бактериология бойынша зиянды көрсеткіш болған жоқ. Тиісті шарасы алынып, құбырларға дезинфекция жүргізу бойынша тапсырмалар беріліп, әлі күнге бақылауда ұстаудамыз, - деді Айгүл Искакова.
Маманның айтуынша, бүгінгі күні судың сапасы нормаға сай.
Кейін санэпид мамандарымен бірге СТҚ аралап, судың сүзгіге бағытталар тұсындағы құбырдан және сүзгіден өтіп қалаға шығатын құбырдан сынама алынып, судың түсі мен қоспалары нормадан аспайтынына көз жеткіздік.
«Магистральдық Суағызғысы» ЖШС-нің бас директоры Еркін ТАҢҚЫБАЕВТЫҢ айтуынша, су сапасының мамыр айында нормаға сай келмей, түсінің өзгеруі жыл басында судың көтерілуіне байланысты Қиғаштан келетін судың лайлануынан сонымен қатар “Астрахань-Маңғышлақ” магистральдық құбыр желісінің 170 шақырым құбырын ауыстырғаннан болған жағдай.
«Құлсары» су тазарту құрылғысының басшысы Жандос Саркитовтың айтуынша, мекемедегі су тазарту процесі 12 сүзгіден өтіп, сусепараторлар мен 12 құмды сүзгіш фильтрден өтіп, резервуарға жиналып, қазандықтардан қалаға жіберіледі. Резервуарларға кіру және шығу кезінде натрий гипохлориті беріледі.
Бүгінгі таңда Құлсары халқы тәулігіне 10 мың текше метр су тұтынады. Теңіз вахталық поселкесіне де осындай көлемде су жіберіледі. Сүзгіден өткен ауыз су сапасы Қиғаштан келетін бастапқы сападан екі есеге жақсарып отыр.
- Бүгінгі таңда әрқайсысы 5000 текше метр болатын 5 резервуар тазартылған ауыз суды жинап тұр. Одан бөлек жөндеуден өтіп жатқан бір қазандық жыл соңына дейін іске қосылса, 2025 жылдың соңында тағы бір жаңа қазандықтың құрылысы аяқталады, - деді Жандос Саркитов.
Қазан айының ішінде 3 күнге су тоқтатылып, қондырғыларға жөндеу жұмыстары жүріп, құбырлар дезинфекциядан өтеді. Хабарландырулар халыққа дер кезінде жеткізіліп отыр. Себебі суды қайта жібергенде бастапқыда құбыр бойындағы лайдың көтерілуі қалыпты жағдай. Суды жоспарлы тоқтату арқылы, аязды күндері қондырғылардың тосыннан істен шығуының алдын аламыз, деді.
Мекеме басшылығы атап өткендей, қазіргі кезде Құлсары СТҚ жөндеудің сметасы әзірленуде. Жөндеу кезінде су сорғыларды ауыстыру сонымен қатар су сапасын одан әрі жақсарту үшін жаңадан көмір сүзгілерді орнату жоспарлануда.