Құлсары қаласында жаңа су жүйесін тартуға 45 млн доллар жұмсалды. Алайда, қалада су проблемасы әлі толық шешілер емес. Тұрғындар баяғыша шелектеп су тасып жүр.
Біз Жылыой ауданы әкімі Мақсым ІЗБАСОВТЫҢ алдына ауыз су мәселесін шешуге жұмсалған қыруар қаржыға қатысты сауал тастадық:
- Су жүйесін тартуға миллиардтаған теңге жұмсалды. Қаржыға демеушілік еткен - мердігер компания «Теңізшевройл» ЖШС. Ал тапсырысшысы - облыстық құрылыс басқармасы. «Игілік» бағдарламасы бойынша жасалған жұмыс 2009 жылы басталып, 2012 жылы аяқталуы тиіс еді. Мерзімі баяғыда біткенімен, жұмыс толық аяқталмай тұр.
- Неге ұзаққа созылып кетті? Қазір не істеліп жатыр?
- Су құбырлары толық тартылып болды. Қазір су айдау сынағы өтуде. Бірақ суды тұрғындарға толық жеткізу мүмкін болмауда.
- Бұған қандай себеп? Ашып айтыңызшы?
- Кей жерлерде құдықтар салынбай кеткен. Құдықтар болмағандықтан апатты тоқтату үшін бір көшенің су құбырын тыйып тастауға мәжбүрміз. Басқа да жетпестіктер бар. Бұрынғы әкімдіктің қалайша бақылау жасағанын түсінбей отырмыз. Әкім өзгерді, бұрынғы жауапты мамандар да кетіп қалды. Мен жұмыс аяқталуға жақын келгендіктен кейбір олқылықтарды дер кезінде анықтау мүмкін болмауда. Көп жайттар су сынағы кезінде анықталып жатыр. Негізі жергілікті әкімдік тарапынан жеткілікті бақылау жасалмаған. Енді оның зардабын кейінгілер тартуда.
- Жетпестіктердің орны қалай толтырылмақ?
- ТШО-дан қосымша қаржы сұрамақпыз. Бұл мәселені компанияның бас директоры Тим МИЛЛЕРГЕ жеткізуіміз керек.
Көшедегі шүмектерден аққан суды тасып жүргендердің бірнешеуін кездестірдік (суретте). Құлсарының Төртінші мөлтек ауданындағы жүздеген тұрғындар ауыз суға сусап отыр. Бұл мәселенің мән-жайын анықтау оңай болмады. Аудан әкімдігінде ТШО өкілдерімен болған кездесу бір-бірін кінәлаудан басталды.
- О баста сметалық құжаты дұрыс жасалмай, апат болған жағдайда суды қай жерден тыю қажеттігіне бас ауыртпаған. Сынақ кезінде су жоғалып кетті. Себебін анықтау бізге оңайға түсіп отырған жоқ, - деді су жүйесіне жауапты «Жылыой-тазалық» ЖШС-нің директоры Бауыржан АБДРАХМАНОВ.
Мұны әкімдіктің басқа мамандары да қолдады. Бұған ТШО өкілдері шамданып қалды.
- Сіздер неге журналистке қате түсінік бересіздер? Бұл жерде мердігер ТШО компаниясының түк те кінәсі жоқ. Бізге 251 км су құбырын тартып бер деді, оны орындадық. Сметалық құжаты бойынша жұмыс толық бітіп тұр. Ал жұмыс жүрген уақытта ешкімді жолатпады деген өсек сөз. «Жылыойсу» КМК-нен жауапты мамандар болды, - деді «Теңізшевройл» ЖШС-нің инженері Балабай ЖУЛГИНИСОВ.
- Жұмыс сапалы жүрді деп айта аласыз ба? Әкімдік 90 құдық жетіспей отыр дейді ғой.
- Мына жері сапасыз атқарылды деп дәл айтсын. Біз қосалқы мердігерден мұны сұрайтын боламыз. Құр кінәлау бар, нақты факті жоқ. Құдық неге жетіспейді? Оны да ашып айтайын. Жұмыс үстінде сметалық құжатта көрсетілген кейбір құдықтарды «Жылыойсу» КМК-ның бұрынғы директоры қажет емес деп, оның орнына су құбырын 3 шақырымға созуын өтінді. Біз оны орындадық. Әкімдік өзгерді, бұрынғы мамандар жоқ. Айналып келгенде, «жұмысты дұрыс атқармадыңдар» деп, бізді кінәлағысы келеді. Бұлары дұрыс емес қой! Су құбыры жүріп өткен жерге асфальт салынып, электр бағанын орнатып қойыпты. Бұған кім жауапты?
Керілдесумен басталған жиын келісумен аяқталғандай болды.
- ТШО кеңсесінде кездесіп, өзара келісімге келетін боламыз. Кінәліні іздегеннен гөрі алдағы жұмыс жайын ойлайық, - дедіЖылыой ауданы әкімінің орынбасары Райымбек СҮЛЕЙМЕНОВ.
Біз кейін Сүлейменовке телефон арқылы хабарластық. ТШО кеңсесіндегі кездесудің жалғасы кейінге қалдырылған. Енді әкімдіктің мақсаты - Құлсарыдағы су құбырын жүргізу сметасын жасаған мердігерді шақырып, жетпестіктерді анықтап, қосымша қаржы көзін анықтау. Онда да бас директор Тим МИЛЛЕР қаржы бөле ме, жоқ па, әзірге белгісіз. Егер қосымша қаржы бөлінбесе, қыруар қаржыға жүргізілген су құбырының айқайы жалғасып, шелектеп су тасу тыйылмақ емес.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА