«Көп жылдар бойы бізге өз үйіміздің маңына тал отырғызуға рұқсат бермеді, өйткені шарбағымыздың сыртынан су қорғау белдеуі басталатын еді. Алайда бұл билікке осы жерден жеке құрылыс салуға екі жер телімін беруге кедергі болған жоқ».
СУ БАСЫНДАҒЫ ВАГОН
Осындай шағыммен «АЖ» редакциясына Ширина ауылы Бекмағанбетов көшесіндегі 21, 29, 31 және басқа да үйлер тұрғындарынан хат келді. Олардың үйлерінің маңында қазір «ГеоЭнерджиГрупп» ЖШС иелігіндегі бұрынғы «КаспийШельф» базасы орналасқан. Тұрғындардың айтуынша, бұдан бірнеше жыл бұрын «ГеоЭнерджиГрупп» ЖШС базаны екі жағынан темір бағаналар және сыммен қоршап тастаған, ал бұл өртке қарсы және жедел медициналық жәрдем, сондай-ақ, ТЖ күштерінің еркін қозғалуына кедергі келтіреді.
Облыстық әкімдіктің 25.03.10 күнгі №66 «Су қорғау аймақтарының шекараларын және Атырау облысы шегіндегі Жайық пен Қиғаш өзендерінің белдеулерін белгілеу туралы» қаулысына сәйкес, Жайықтың су қорғау белдеулерінің ені жоспарлау мен құрылыстардың нақты жағдайларын есепке ала отырып, 35-тен 100 метрге дейін, ал су қорғау аймақтарының көлемі 390-нан 1100 метрге дейін құрайды. Жоғарыда аталып өткен үйлердің жағадан қашықтығы - 21-ден 33 метрге дейін. Кезінде тұрғындар қалалық әкімдікке өз үйлерінің маңына тал егуге рұқсат сұрағанда, облыстық әкімдіктің осы қаулысына сілтеме жасап, рұқсат бермеген. Алайда «ГеоЭнерджиГрупп» базасының бастығы тұрғындармен әңгімесінде осы аумақтан жер телімін алғанын және осы үйлердің алдынан ғимарат салатынын айтқан. Жақында осы жерде шағын құрылыс вагоны пайда болды. Тұрғындар су қорғау аймағынан жер беруге тыйым салатын заңды белден басып, осы жерден жер телімін алып, құрылыс бастауға дайындалып жатыр деп мазасыздануда. Олар, сондай-ақ, ғимарат құрылысы кезінде үйлеріне кіретін және Жайыққа шығатын жолдар жабылып қалады деп қауіптеніп отыр.
- Біздің шағымымызға байланысты бізге қалалық сәулет бөлімінің мамандары келіп, бұл аумақтан ешқандай жер телімі берілмегенін айтып, сендіргендей болды, алайда «ГеоЭнерджиГрупп» ЖШС базасының бастығы Құмар САТҚАНОВ, керісінше, оған жердің берілгенін және еш нәрсеге қарамастан құрылыс салынатынын айтады. Міне, вагонды да әкеліп қойды, - дейді тұрғындар.
СЫРҒЫТПА ЖАУАП
Өткен жылдан бері олар барлық инстанциялағра: қалалық әкімдікке, прокуратураға, ТЖ департаментіне, Жайық-Каспий бассейндік су ресурстарын пайдалану және қорғауды реттеу инспекциясына және тағы басқаларына арыз жазуда. 2012 жылғы 10 қазанда балық инспекциясы мамандары «ГеоЭнерджиГрупп» компаниясы орналасқан жағалық белдеуге тексеру жүргізді. Бас маман А. Зұлқаров жасаған актіде ұзындығы 50 м және Жайық өзенінің жағалық трассасына дейін 15-20мқашықтықтағы жағалық белдеудің екі жағы темір сымдармен қоршалып, еркін қозғалысқа кедергі келтіріп тұрғаны көрсетілген. Сондай-ақ, жағалық белдеуде жартылай суға кеткен понтон бар, ол қазір моторлы қайықтар мен шағын кемелердің айлағына айналған. Сонымен қатар жағалық белдеуде жанар-жағар май материалдарының іздері табылды, мұны мамандар суретке түсіріп алған болатын. Жағалық белдеу тұрмыстық және техникалық қалдықтармен ластанған, бұл өр суы келгенде және су тасығанда су ортасына зиянды әсерін тигізеді.
Біз өз тарапымыздан жоғарыда аталған органдарға ресми сұраныстар жібердік. Қала әкімінің орынбасары Жұмабай ҚАРАҒАЕВ өзінің жауап хатында «ГеоЭнерджиГрупп» ЖШС жер телімдеріне 2010 жылы алған екі жер актісінің негізінде иелік етеді деп хабарлады. Алайда әкімдіктің қолында ЖШС-нің өзіне берілген жерден тыс телімдерді қолданып отырғаны жөнінде немесе біреудің жеріне басып кірді деген мәліметтер жоқ. Осындай фактілерді Өңіраралық жер инспекциясы тексеріп жатыр деп, әкімдік біздің сұранысымызды осы органға жөнелтті. «ГеоЭнерджиГрупп» базасының бастығы Құмар САТҚАНОВҚА жеке тұлға ретінде құрылыс салуға берілген жел телімдері туралы бір сөз айтылмады.
«МЕНДЕ БӘРІ ЗАҢДЫ»
Жайық-Каспий бассейндік су ресурстарын пайдалану және қорғауды реттеу инспекциясы ауыл тұрғындарының шағымдары бойынша су қорғау аймақтары мен белдеулерін, белгіленген шаруашылық қызметтері режимдерін сақтауға қатысты жасалған жоспардан тыс тексеру жұмыстары жөнінде есеп берді. 2012 жылғы 30 қазандағы тексеру сәтінде тұрғындардың шағымында көрсетілген фактілер расталды. Компания қоршау салып, тұрғылықты халықтың Жайыққа шығар жолын жапқан. Осы заң бұзушылықтары үшін компанияға ескерту берілді. Келесі күні «ГеоЭнерджиГрупп» бұзушылықтарды жойды. Осы ауданда жер телімдерін беру мәселесіне қатысты сұранысымызды тағы да жер инспекциясына жолдады.
Сатқанов мырза телефон арқылы жерді заң негізінде алғанын мәлімдеді.
- Өткен жылы осы мәселеге байланысты сот болды, онда бәрі заңды екені дәлелденді, менің қолымда тұрақты мемлекеттік акті бар. Қазір менің бұл жер телімдеріне қатысым жоқ, мен оны ұлым мен келініме сыйға тартқанмын. Шағымды жерлерін кеңейтуге дер кезінде өтініш бере алмай, қазір өкініп жүрген үш үйдің иелері жазып отырғанын да білемін, - дейді Сатқанов. Біздің әңгімеміз кезінде ол қалада болмағандықтан, сот қаулысын Атырауға келгеннен кейін көрсетемін деп сөз берді.
ЕНДІ ІСТІ СОТ ШЕШЕДІ
Атырау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы «АЖ» сұранысынан кейін тексеру жүргізді. Тексеріс барысында қазіргі уақытта ЖШС-нің жер телімдерін жерге мемлекеттік иелік ету құқығын бұзбастан пайдаланып отырғаны анықталды (тұрғындардың хатта көрсеткен шектес аумақтағы құрылыс вагонының ЖШС-не еш қатысы жоқ).
- Сонымен қатар, прокуратураның бұрын жүргізген тексерісі кезінде су қорғау аймағынан (ЖШС өндірістік базасының қасында) жеке құрылыс салуға заңсыз екі жер телімі берілгені анықталды. Осыған байланысты 2013 жылғы 19 маусымда Атырау облыстық аумақтық инспекциясына заңнамалардың бұзылуын жою туралы ұсыныс берілді. Осы фактіні тексеру барысында қадағалаушы орган 27 маусымда сотқа жергілікті атқарушы органның заңсыз қаулысының күшін жою және жерді мемлекет меншігіне қайтару туралы шағым түсірді, - делінген мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Қайрат ӨТЕУЛИЕВТІҢ жауап хатында.
Бұл жағалау аймағынан заңсыз жер телімдерін беруге қатысты түскен шағым-арыздардың біріншісі емес. Өткен жылы бізге Мечников көшесінің тұрғындары хабарласқан болатын («АЖ» 05.07.12 күнгі №27 «Коттедждер өзенге ауыз салды» мақаласын қараңыз). Олардың бағына қарай су қорғау белдеуінен 15 жер телімін беру туралы заңсыз шешім өз күшін жойды («АЖ» 26.07.12 күнгі №30 «Коттедждер өзенге ауыз салмайтын болды» мақаласын қараңыз). Бұл жолы қалай болар екен?
Зульфия ИСКАЛИЕВА