Атырау, 2 қазан 00:31
 ашықВ Атырау +19
$ 480.11
€ 532.25
₽ 5.14

Индерде апатты үй тұрғындары жаңа баспанаға көшті

Сурет
94 просмотра

Индер ауданында апатты деп танылған тұрғын үйлердің отбасылары жаңа баспанаға көшірілді. 

Әкімдіктің мәліметінше, апатты үй тұрғындарын жаңа баспаға көшіру Индер ауданында соңғы жылдары жүруде. 2022 жылы Индерде апатты үй тұрғындарына 8 пәтерлік 2 үй берілсе,  былтыр 8 пәтерлік 3 үй беріліп, 24 отбасы жаңа қонысқа көшкен.

Ал биыл 72 отбасын жаңа үйге көшіру жоспарланып отыр. Олар – Индербор кенті Қазақстан көшесіндегі №44, 45,47, З.Қабдешов көшесіндегі №13,15,  Д.Қонаев көшесіндегі  №6А, 6Б, 6В үйдің тұрғындары. Қазіргі таңда 37 отбасы жаңа үйде қоныс тойын тойласа, 35 пәтер иелері осы айда жаңа үйге көшпек.

Айтпақшы, кент орталығындағы «Қазақстан» көшесі мен «Барлаушылар» бөлігіндегі З.Қабдешов көшесіндегі аталған екі қабатты қамыс үйлер өткен ғасырдың ортасында  салынған. Қабырғасы қақырап, төбесі құлап, іргесі сөгіліп, аңғал-саңғал болып, кенттің көркін кетіріп тұратын еді. Ал Д.Қонаев көшесінде орналасқаны әуелде ескі аурухана болған, біріне-бірі жалғасқан ғимараттар еді.  Оны 90-шы жылдардағы күрмеуі қиын кезеңде үйге мұқтаж болған бірқатар тұрғын баспанаға айналдырып алған. 

Индер ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Әли Жайшылықтың айтуынша, апатты жағдайдағы пәтер тұрғындарына жаңа баспана тұрғынның таңдауы бойынша сатып алынып берген. 

Облыс әкімінің тікелей қолдауымен 3 жылда 112 пәтердің тұрғыны  жаңа қонысқа ие болып отыр.

- Босаған ескі аурухананың ғимараттарын құлатып, орнына М.Әуезов  атындағы орта мектебіне жапсаржай салу жоспарланып отыр. Бүгінде аталмыш мектептің спортзалы мен акт залы тарлық етуде. Ал «Барлаушылар» бөлігіндегі З.Қабдешов көшесіндегі апатты үйлерден босаған 3 гектарға жуық жердің орны тазаланып бола келген. Оған әлеуметтік нысандар, балалардың шығармашылық үйі, саябақтар салу жоспарланған, - деді Әли Жайшылық. 

Енді ауданда қалған тағы 12 апатты көпқабатты үй бар. Онда 121 отбасы тұрады. Оларды алдағы жылдары бөлінген қаражат көлеміне қарай кезең-кезеңімен көшіру жоспарлануда. 

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Кеше, 21:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.