Атырау, 13 қазан 06:49
 ашықВ Атырау +9
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Сергей Соляник: «Біз «Шевронды» өзге қырынан көрсетеміз»

4 026 просмотра

Жақында Атырауға «Crude Accountability» халықаралық үкіметтік емес ұйымның қазақстандық бөлімінің кеңесшісі Сергей СОЛЯНИК келді. 2003 жылы АҚШ-та құрылған бұл ҮЕҰ Қазақстан, Түркіменстан, Ресей және Әзірбайжан елдерін қоса алғандағы Каспий өңіріндегі адам құқығы және қоршаған ортаны қорғау мәселелерімен айналысады. Ұйым, сондай-ақ, «Шеврон» сияқты мұнай инвестор-компанияларының қызметіне мониторинг жүргізеді. Жақында ұйым «Chevron республикасы – Қазақстанда 20 жыл» тақырыбында баяндамасын жариялады (мұнымен мына  сілтеме арқылы таныса аласыз). Біз Сергейге бірнеше сұрақ қойған едік.

 

МҰНАЙ АЛПАУЫТЫ ЖӘНЕ БЕРЕЗОВКА

- Сергей, мен ұйымдарыңыздың есебін бірнеше жылдан бері интернеттен оқып келе жатырмын. Сол туралы айтып беріңізші.

- Біздің қоғамдық ұйым АҚШ-та Вирджинияның Александрия қаласында тіркелген. Біз мұнай, газ кешенінің ықпалындағы елдердегі жергілікті қоғамдастықтар мен үкіметтік емес ұйымдарға көмектесеміз. Біздің ұйым үлкен емес, штатымызда бес-ақ адам. Сонымен қатар біз белгілі бір қызмет түрлерін атқару үшін мамандарды да жұмысқа тартамыз.

- Неге «Шеврон» компаниясы сіздердің негізгі назар аудару нысандарыңыз болып табылады?

- «Теңізшевройл» ЖШС және «Шеврон» компаниясының өзі Қазақстан экономикасына үлкен үлес қосып отырған елдегі ірі өндіруші компания болып табылады. Сонымен қатар олар қоршаған ортаны ластауға да өз қомақты үлестерін қосып жатыр. Сол сияқты «Шеврон» АҚШ-тың өзінде де үлкен беделге ие – бұл атақты «СтандартОйлдың» мұрагері ғой. Ал біздің ұйым «Шеврон» акционерлерін компания қызметінің жағымсыз жақтары туралы ақпараттандыру үшін құрылған «Шевронның шынайы бағасы» халықаралық коалициясына кіреді. Яғни, басты мақсатымыз - осы мұнай, газ алпауытының жария есебінен оқи алмайтын деректерді жарыққа шығару. Мысалы, Эквадорда қоршаған ортаны ластағаны үшін соттың шешімімен «Шеврон» 19 миллиард доллар төлеуі керек. Бұл акционерлер үшін компания қызметі ақшалай тәуекелге және имидждік нұқсан келтіруге әкеп соқтыратын жағдай. Сондықтан да біз оларға «Шеврон» үшін мұнай қандай бағамен өндіріліп жатырғанын жеткізуге тырысамыз.

Батыс Қазақстан облысындағы Березовка ауылының проблемасы да осы сияқты. Оның тұрғындары 9 жылдан бері ауылдан 5 шақырым жерде орналасқан Қарашығанақ мұнай, газ конденсатты кенорнын әзірлеуге байланысты шығып жатқан күкірт сутегімен және басқа да улы заттармен улануда. Олар экологиялық қауіпсіз жерге көшу үшін күресіп келе жатыр. Тәуелсіз зерттеушілердің деректері бойынша, жергілікті тұрғындардың жартысына жуығы гипертония, жүрек қан тамырлары аурулары, көз көру мен есте сақтау қабілеттерінің нашарлауы сияқты аурулармен ауырады. Сонымен қатар 20% акциясына Шеврон иелік ететін Karachaganak Petroleum Operating B.V. (KPO) консорциумының деректері бойынша, атмосфераның ластануы рұқсат етілген шектік деңгейден аспайды.

 

КЕЛІСІМШАРТТЫ ЕШКІМ КӨРГЕН ЖОҚ

- Бүгінде «Шеврон» акционерлерінің құрамы қандай? Сіздің ұйым қызметкерлерінің компания басшылығына тікелей сұрақ қоюға мүмкіндіктері бар ма?

- Менің білуімше, акционерлер арасында ірі компаниялар, түрлі қорлар, сондай-ақ қатардағы азаматтар мен компания қызметкерлері бар. Екінші сұраққа қатысты – біздің акционерлердің ірі жиналысына қатысу мүмкіндіктеріміз бар, бұл - қалыптасқан тәжірибе. Мен 2010 жылы Хьюстонда осындай жиналысқа қатысу мүмкіндігіне ие болғанмын.

- Ал бізде ТШО - өте жабық компания.

- Бұл жалпы «Шевронға» тән қасиет. Мысалы, Хьюстонда өткен жиналысқа біздің «Шевронның шынайы беті» коалициясының 37 мүшесінен отырыс залына тек жетеуі ғана кіре алды. Қалғандарын кіргізген жоқ. Осындай жиналыста басшылыққа кез келген ыңғайсыз сұрақтарды қоюға болады және олар бұл сұрақтарға жауап беруге мәжбүр. Мен сол жиналыста Березовка тұрғындарының көшіру туралы хатын оқыдым. Әрине, жауап бізді қанағаттандырған жоқ. Бізге Шеврон жобаның операторы болып табылмайды, тікелей КРО-ға хабарласыңыздар деді. Дегенмен, Шеврон жоба акционерлерінің бірі болып табылатынын еске сала кетейін. «Теңізшевройлдың» Теңіз кенорнынан 10 шақырым жерде орналасқан Сарықамыс ауылын Атырау қаласына және Жаңа Қаратон кентіне көшіру тәжірибесі де бар. Ресми деректерге сүйенсек, бұл көш компанияға $95 млн-ға түскен. Жасағылары келсе, жасайды ғой! Бізге анық болғандай, осындай көшулер мен басқа да әлеуметтік жобалар өндірілетін мұнайдың қазақстандық үлесінен жабылады екен. Бұдан компания ештеңе жоғалтпай, қайта саяси ұпайлар жинайды екен.

- Сіздер Қазақстан мен «Шеврон» арасындағы келісім-шартты көрдіңіздер ме?

- Жоқ. «Шевронның» Қазақстанға келуі және ірі келісімшартқа қол қоюы – Қазақстан үшін де, «Шеврон» үшін де тарихи маңызы бар сәт. Алайда бұл құжаттар бұқара халық үшін әлі де болса жабық күйде қалуда! Теңіз бойынша шешімді екі жақтың да шағын тобы қабылдады – парламент те, үкімет те бұл талқылауларға қатысқан жоқ.

 

«БІЗ БАРЛАУШЫ ЕМЕСПІЗ»

- «Шевронның» әлемдегі беделі қандай?

- «Шеврон» әрқашан сынға төзе алмайтындығымен ерекшеленеді, бұл туралы Хьюстондағы оқиға куә бола алады: компания қызметкерлері біздің не айтатындарымыз туралы шамамен білді және ойдан шығарған себептермен өкілдерімізді жиналысқа кіргізбеуге тырысты. Менің білуімше, Атырауда да ТШО-ға кіру және қажетті ақпараттарды алуда үлкен қиындықтар бар. Егер британ компанияларында, мәселен, Бритиш Петролиум компаниясын алсақ, олардың өкілдері байланысқа шығып, бір келісімге келуге тырысады. Ал «Шеврон» болса, бірден қатал ұстанымда болады. Оған Эквадорда қоршаған ортаны ластағаны үшін айыппұл төлеуден бас тартып отырғандары мысал бола алады. Немесе, мен сіздердің сайттарыңыздан «Мыстандар туралы аңыз және көшеден келгендер" туралы мақаланы оқыдым. «Шевронның» қазақстандық кеңсесінің құқықтық кеңесшісінен қоғамдық тыңдауларға қатысушы жергілікті қоғам мүшелерін «біліксіз» және «көшедегі» деп бағалап, осындай сөз естіген қызық екен! Бұл жерде құрметті заңгер Қазақстан мүше болып табылатын Орхусс конвенциясын біле ме екен деген сұрақ туындайды. Мұның бәрі - компанияның жергілікті қауымдастықты сыйламауының көрінісі.

- Бізде ТШО-ны мемлекет ішіндегі мемлекет деп атайды.

- Бұл белгілі жайт. Қарапайым бір мысал, бір жыл бұрын біз ТШО-дан кенорны аумағын аралауға рұқсат сұрағанбыз, келісім бермеді. «Шевронның» өзге жерде өзін қожа сияқты сезінуіне «400» және «500» кодтарына сәйкес қызметкерлерін «қара тізімге» енгізуі, тәуелсіз кәсіподақтарға мән бермеуі мысал бола алады.

- Жақында «Теңізшевройл» атмосфераны ластауды өндірілген 1 тонна мұнай көлеміне төмендеттік деп жариялады. Мұны ілгерілеушілік деп айта аламыз ба?

- Бұл жақсы, әрине, алайда мәселені шешпейді. Өндіріс көлемі мен жобаны тағы да үштен бірге көбейту жоспарларын есепке алсақ, қоршаған ортаға деген қысым өсе берері сөзсіз. Бұл жерде жаңа өндірістердің енгізілуі, Қашағанда мұнай өндірудің басталуы, сондай-ақ Атырау маңынан газ-химиялық кешеннің салынуы кумулятивті әсер береді. Мұның бәрі табиғат үшін де, адамдар үшін де қайғылы болуы мүмкін.

- Иә, біз ерте ме, кеш пе, Атырауды көшіру керек деп қауіптене бастадық. Түйіртпек сұрақ қоймай кете алмаймын: ұйымдарыңызды кім қаржыландырады?

- Бізді бай біреулерге, соның ішінде барлауға да жұмыс жасайды деп айыптағандар болды. Ешқандай құпия жоқ, біздің демеушілерімізбен http://www.ru.crudeaccountability.org. сайтынан таныса аласыздар. Біріншіден, бұл - АҚШ конгресі қаржыландыратын Ұлттық Демократияны Қолдау Қоры және адам құқығын қорғауға маманданған британдық Sigrid Rausing Trust жеке қоры. Бұл елдерде жалпы демократиялық құндылықтар мемлекет тұрақтылығының мәселесі екенін барлығы түсінеді. Бұл жерлерде ешкім, соның ішінде «Шеврон» да экономикалық және саяси жағдайларға адамдардың наразы болуынан туындайтын радикализмнің пайда болуына мүдделі емес. Яғни, Қазақстанда бизнестері бар адамдар елде тұрақтылық болғанын қалайды. Сондықтан да олар азаматтық қоғамның дамуына ақша салады.

 

ҚОНАҚБОЛҒАН ЖАҚСЫ, ӘРИНЕ

- «Шеврон» және басқа да батыстық компаниялардың басқа елдерде өздерін өзгеше ұстайтындары түсінікті. Мысалы, шетелде олар қоршаған ортаға қауіпсіз жаңа технологияларды енгізуге тырыспайды. Ал Штаттарда «Шеврон» қалай жұмыс жасайды?

- Шындығында да мұндай технологиялар бар, алайда, сіздің газет талай жазғандай, оларға жаңа әзірлемелерді енгізгеннен гөрі, айыппұл төлеген арзанға шығады. Айта кетсек, біздің коалиция есептерінің жартысы «Шевронның» АҚШ-тағы жұмысына арналған. Ол жақта да экологиялық, еңбек жанжалдарына байланысты мәселелер жеткілікті. Алайда ол жақта бір-біріне әсер ету жүйелері жақсы дамыған, жақсы болсын, жаман болсын, заңдар орындалады. Шынайы тәуелсіз сотты, мықты күш болып табылатын БАҚ-ты қосыңыз. Ал «үшінші әлем» елдерінде бұл компаниялар өздерін еркін сезінеді.

- ТШО мен НКОК-тың жақында қазақстандық экологиялық заңнамаларды «оңтайландыру» бойынша көтерген бастамаларына қалай қарайсыз?

- Бұл, ең алдымен, елде жете ойластырылған экологиялық саясаттың жоқтығын білдіреді. Біз бірде табиғатты пайдаланушыларға үлкен айыппұлдар саламыз, бірде оларға жеңілдіктер жасағымыз келеді. Қарапайым адамға бұл тұрақсыздықтар түсініксіз, ол өз мүдделерін қорғаушы органның  ұстанымын түсіне алмай дал болады. Заңнамаларға өзгерістер енгізуге келетін болсақ, менің түсінуімше, бұған алдымен отандық жер қойнауын пайдаланушы-монополистер мүдделі. Үлкен экологиялық айыппұлдар елде бизнес жүргізу мүмкіндіктеріне кері әсер етеді деп мәлімдеуде. Мәселен, тарифтер қымбаттайды. Меніңше, бұл дұрыс емес. Олар бізден тарифтері бойынша ақша алып отыр ғой – соларды тазарту құрылғылары мен жаңа технологияларға салсын. Олар мұны жасаудың орнына айыппұлдарды түсіріңдер, әйтпесе, бизнесімізді жоямыз деп бізді қорқытады. Бұл бастамалар еліміздің халқы пен табиғаты мүддесінен гөрі, компаниялардың пайдасына қызмет етеді.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

11 шілде 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.