Ұлыбритания көмірден электр энергиясын өндіруді тоқтатып, қазба отынына деген 142 жылдық тәуелділігін аяқтады. Елдегі соңғы жұмыс істеп тұрған Рэтклифф-он-Сор көмір электр станциясы жұмысын тоқтатты. Бұл – Ұлыбританияның климаттың өзгеруіне қарсы күрес жолындағы маңызды қадамдарының бірі, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Әлемдегі алғашқы көмір электр станциясы – Холборн Виадукты 1882 жылы Лондонда Томас Эдисон салған. Бұл тарихи оқиға Ұлыбританияда өнеркәсіптік революция бастауға ықпал етті. 20-шы ғасырдың бірінші жартысында көмір елдің барлық дерлік электр энергиясын қамтамасыз етті. Тіпті 2012 жылы бұл қазба отыны Ұлыбританияның 39% қуат көзін құраған болатын.
Алайда климаттың өзгеруіне қатысты ғылыми дәлелдер көбейген сайын, көмір ластаушы қуат көзі ретінде қарастырылды. Сөйтіп Ұлыбритания үкіметі 2015 жылы көмір қуатын он жыл ішінде тоқтатуға уәде берді.
Ең ұзақ қызмет еткен Қоршаған орта министрі Лорд Дебен бұл күнді «ерекше күн» деп атап, Ұлыбритания көмірге тәуелді мемлекет болғанын және қазір оны бірінші болып тоқтатып жатқанын атап өтті.
Көмірден толығымен бас тарту бастамасы тез жүзеге асты. 2010 жылы жаңартылатын энергия көздері Ұлыбритания электр энергиясының тек 7%-ын ғана қамтамасыз етсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 50%-дан асып, көмір жағуды біржолата тоқтатуға мүмкіндік берді. Жасыл энергияға көшудің сәтті жүзеге асқаны соншалық көмір электр станцияларын жабу жоспары межеден бұрын орындалды.