Атырау, 19 қыркүйек 06:09
 ашықВ Атырау +18
$ 478.96
€ 533.03
₽ 5.22

Шығыс Қазақстанда мал жайылымы болған жерден алтын іздеcтірілмек

348 просмотра
Коллаж kursiv.media

Asbaurum компаниясы Шығыс Қазақстан облысының Үлкен Нарын ауданы аумағынан алтын іздемек. Компания алтын және онымен байланысты компоненттерді анықтау мақсатындағы жоспарлы геологиялық барлау жұмысын жүргізетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Курсив.

Экологиялық порталға жүктелген құжатқа сәйкес, компания Үлкен Нарындағы жалпы аумағы 15,4 шаршы шақырым аумақта алтын кенін іздеп көрмекші.

Кен орнын барлау және пайдалану уақыты 2028 жылға дейін деп көрсетілген. Компания биыл мамырда жер қойнауын пайдалану жөнінде 6 жылдық лицензия алған. Пайдаланылатын аумақ Үлкен Нарын ауданындағы Майемер ауылынан оңтүстікке қарай 18 шақырым жерде орналасқан. Бұл – таулы аумақ шегінде елдімекен жоқ, мал жайылымы ретінде пайдаланылған жер.

Өзен аңғарларының бойындағы жер оқтын-оқтын дәнді дақыл мен күнбағыс егістіктері үшін пайдаланылады. Жер аумағының едәуір бөлігін шабындық алып жатыр.

Геологиялық барлау жоспарында жалпы ұзындығы 400 метр 15 арық қазу қарастырылған. Оларды төсеу барысында арықты бойлай топырақтың 60 м3 жоғарғы қабаты алынып, жұмыс біткен соң қайта төселеді.

Кен орнынан шығарылған материалды жуу үшін арық шетіне өнеркәсіптік құрылғы орнатылады. Жалпы 80 текше метрге жуық құм жуу жоспарланған. Бір текше метр құмды жуу үшін 110 текше метр су қажет. Технологиялық су учаске арқылы ағып жатқан Маралды өзінен алынады. Технологиялық суды пайдалану үшін учаскеде ұңғыма бұрғылау да жоспарланған. 2025-2028 жылдары сынамаларды жууға барлығы 5,6 мың текше метр су қажет болады.

Сонымен қатар компания әрқайсысының тереңдігі 100 метр (барлығы 500 желілік метр) болатын бес барлау ұңғымасын бұрғылауды жоспарлап отыр. Бұған қоса, орташа тереңдігі 10 метр 50 барлау ұңғымасы бұрғыланбақ.

Ашық дерекөздерде компания иелері Әсет Қалиев (компанияның бірінші басшысы) пен Бақдәулет Қадыров деп көрсетілген.  

10 қыркүйек, 14:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.