Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев ел аумағына автокөлікпен неге алма әкелуге тыйым салынғанын түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сенат кулуарында журналистер министрден алма әкелуге тыйым салынуына байланысты дүкен сөрелерінен қандай сорттар жоғалып кететінін сұрады.
Шаққалиев алманы тек автокөлікпен әкелуге ғана болмайтынын нақтылады. Теміржол бойынша еш тыйым жоқ.
«Бізде Польшаның алмалары көп импортталады. Ал оларды тікелей теміржолмен әкеледі. Біз неге тыйым салдық? Өйткені өнімнің шығу елі көрсетілген мәліметпен сәйкес келмейді. Тыйым осымен де байланысты. Жалпы алма бойынша жақсы өнім жинаймыз, он екі сорттан 300 мың тонна алма. Сол себепті дүкен сөрелерінен ештеңе жоғалып кетпейді. Теміржолмен ашық, сапалы жеткізілетін алмаларды әкеле береміз. Ал көлеңкелі, түсініксіз, контрафактілік өнімдер сауда айналымында болмайды», - деді ол.
Мәселен, оның айтуынша, көрші Өзбекстаннан өзбектің өнімі деп Түрікменстанның қызанағы, қияры, алмалары жеткізілген.
Естеріңізге сала кетейік, жыл соңына дейін Қазақстанға үшінші елдерден автомобиль көлігімен алма әкелуге уақытша тыйым салынды.