Атырау, 20 қыркүйек 02:37
 ашықВ Атырау +19
$ 478.93
€ 534.96
₽ 5.16

Каникул бітті: депутаттар үшінші сессияда қандай заңдарды қабылдайды

404 просмотра
Сурет: parlam.kz

Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов әріптестерін сегізінші сайланған Мәжілістің үшінші сессиясының ашылуымен құттықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қошанов президенттің жолдауында тікелей депутаттарға арналған тапсырмаларға тоқталды.

«Бұл Президенттің көптеген мәселелерде депутаттық корпусқа арқа сүйеп, сенім артатынын көрсетеді. Сонымен бірге, бұл Мемлекет басшысының «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласының дұрыстығын әрі пәрменділігін дәлелдейді. Жолдауда айтылған көптеген мәселе заңнамалық тұрғыдан қолдауды талап ететінін көріп отырмыз», - деді ол төменгі палатаның жалпы отырысында.

Мысалы, қолданыстағы Банктер туралы заң 1995 жылы қабылданған.Бүгінгі күннің талаптарына толық сай келмейді. Сондықтан депутаттар Банктер туралы жаңа заң қабылдамақ.

Сонымен қатар, депутаттардың алдында елдің салық жүйесін қайта електен өткізу міндеті тұр.

«Президент Салық кодексін қабылдау мерзімін келер жылға ұзартты. Бұл шешім асығыстық танытпай, кодексті мұқият қарауға мүмкіндік берді. Ең бастысы, кодексті сарапшылармен, мамандармен, кәсіпкерлермен бірге тағы да жан-жақты пысықтай аламыз. Салық кодексі экономикалық тұрғыдан белсенді азаматтардың барлығына түсінікті болуы керек. Осы кодекс бойынша алдымызда ауқымды жұмыс күтіп тұр. Оған барлық депутат, барлық фракция атсалысуы қажет», - деді мәжіліс спикері.

Бұдан басқа, осы сессияда активтерді қайтару бойынша заңнаманы жетілдіруге бағытталған жұмыс жалғасады.

Қошанов қайтарылған қаражат та, активтер де Қазақстан халқының игілігіне жұмыс істеуі қажет екенін атап өтті.

«Ол үшін ел экономикасына қаражат салу – капиталға амнистия жасаудың міндетті шарты болуға тиіс. Бұл – Президенттің берік ұстанымы, біз оны нормативті түрде бекітуіміз керек», - деді ол.

Бұдан бөлек, оның айтуынша, жол апаттарының артуы, әскер қатарында заңсыздықтардың жиілеп кетуі, есірткі тұтыну, алаяқтықтың өршуі халықтың алаңдаушылығын туғызып отыр. Қошанов әріптестерін мемлекеттік органдармен бірлесіп, ең алдымен заң мен құқықтық тәртіпті сақтауға бағытталған жұмысты жалғастыруға шақырды.

«Президент өз жолдауында 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Бұл – өте маңызды қадам. Өйткені, елімізде инженерлер, құрылысшылар, биологтар, ветеринарлар, су саласы мамандары тапшы. Қазір бізге зауыт, жол, үй салатын кадрлар көбірек қажет. Сондықтан біз оларды заңнамалық тұрғыдан қолдау мәселесін де қарастыруымыз керек. Алдағы уақытта осы тақырыпқа арнап үкімет сағатын өткізген жөн деп санаймын», - деді мәжіліс төрағасы.

Сондай-ақ Мәжілісте жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі заң жобасы әзірленген. Жақын арада жобаны талқылау басталады. Сонымен бірге, биыл күзде депутаттар киберқауіпсіздік мәселелері бойынша заң жобасын және Цифрлық кодекс қарайды.

«Бүгінгі күні ең көп талқыланып жатқан мәселе – Атом электр стансасын салу мәселесі. Атом электр стансасын салу туралы шешім – серпінді жоба екені сөзсіз. Бұған оң халықаралық тәжірибе айқын дәлел бола алады. Бірақ аталған мәселені түпкілікті шешу үшін бүкіл қоғамның бірігуі қажет.  6 қазанда өтетін референдумда халық өз шешімін қабылдайды. Барлық депутат Президенттің осы прагматикалық идеясын қолдап, жұртшылыққа дұрыс жеткізеді деп сенемін», - деді Қошанов.
4 қыркүйек, 11:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.