Атырау, 26 қараша 00:41
 ашықВ Атырау -2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Ол тау тұлға еді...

3 498 просмотра

29 маусым күні белгілі жазушы, кинодраматург, актер Сәтімжан САНБАЕВ дүниеден озды.

1939 жылы 16 қыркүйекте Атырау облысы Мақат кентінде туып өскен жазушының өмір жолы туған жермен кеңінен өрілген еді.

- Біз Сәтімжанмен көрші тұрдық. Ол тумысынан зерек, қаймағы бұзылмаған ауылда туып, бойына қазақы рухты сіңіріп өсті. Хамза ағаның отбасындағы жеті баланың ересегі Сәтімжан мен інісі Хамит мен үшін өте ыстық жандар еді. Бүгінде Алматыда тұратын менен бір жас үлкен Хамит  «Дос-Мұқасан» ансамблін алғаш құрушы, тамаша гитарист болды. Ал Сәтімжанның үлкен жазушы, актер болғанын ерекше мақтан тұтамын. Ол 1966 жылы Алматыға көшкенге дейін бірге жүрдік, -деп еске алады Мақат кентінің тұрғыны Орақ ДЕҢГЕЛБАЕВ.

Біздің жерлесіміздің алғашқы повестері - «Ақ аруана», «И вечный бой» деп аталады. Одан бөлек, «Жол жалғыз ғана», «Шөлейт даланың құдықтары» шығармаларын жазды. «Қыз Жібек», «Ыстықкөл қызғалдақтары» фильмдерін қазақ тіліне аударса, «Там, где горы белые» (1972), «Дом у соленого озера» (2004) кинофильмдерінің авторы. Соңғысы Санбаевтың балалық шағынан естелік негізінде жазылып, Доссордан 7 шақырым жердегі Монданақ жайлауында түсіріледі. Эпизодтық көріністерде жергілікті тұрғындар ойнаған. 

Сан қырлы өнері  бар Сәтімжан Санбаев «Шоқан Уәлиханов», «Батыр Баян» (1992), «Той боларда», «Ұшы-қиырсыз жол» (1967), «Ғажайып күн» (1972) көркем фильмдерінде басты рөлдерді сомдады.

2010 жылдың қазанында ол Атырау облысына келіп, Мақат пен Құрманғазы аудандарында болды. Сапары барысында қазақ халқының айтулы тұлғасы Мақаш БЕКМҰХАМБЕТОВ туралы тың деректерді жинап, ол туралы кітап жазуды ойлады

- Соңғы күндері сырқатқа ұшыраған Сәтімжанның хал-жағдайын жұбайы Света ОМАРОВА Алматыдан хабарлап тұрған. Ойламаған жерден қазаға ұшырауы жанымызға қатты батып отыр, -дейді О. Деңгелбаев.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА          

4 шілде 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.