Атырау, 26 қараша 00:31
 ашықВ Атырау -2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Қырсық шалған бастама

3 046 просмотра

Индер ауданы Елтай селосының тұрғыны Болат ӘБДЕШОВ«Жұмыспен қамту 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпкерлік қызметін бастамақ болып, сәтсіздікке ұрынды.

Аталмыш бағдарламаның талабына сәйкес, кәсіп ашуға келген адам жұмыссыз болуы тиіс. Осы себептен егін шаруашылығын жүргіземін деп шаруа қожалығын құруды көздеген 57 жастағы Болат пен ұлы Сырым Әбдешовтер Қарабатандағы жұмыстарынан шығып, ағайын інісі Мұрат МЕКИН жеке қожалығын жауып тастайды. Кеңес уақытында егістікте бригадир болып жұмыс жасаған Болат өзінің бұл саладағы тәжірибесіне сеніп, екпелі көкөніс өсіріп, бау-бақша егуді көп жылдан бері мақсат тұтып келді.  

- 2012 жылдың қазан айында ауылға аудандық әкімдік бөлімнің мамандары келіп, несие серіктестігін құру, кепілдіксіз өзара гарант арқылы қаржы алып, ауыл шаруашылығы жұмысын дамытуға болады деп сендіріп бақты. Тыңдап отырсақ, өз бизнесімізді ашып, жұмысты сәтті бастауда кедергілер жоқтай көрінген. Сөйтіп, отбасымызбен ақылдаса келе, «Игілік» несие серіктестігін құруға бел байладық, -дейді Б.Әбдешов.

Өткен жылдың аяғында село тұрғындары 10 млн теңгеге сұраныс берген, бірақ бұл ақша серіктестіктің есепшотына ақыры түспеді.

- Индер ауданы әкімінің орынбасары Қайрат НҰРЛЫБАЕВ бізге:«Барлық құжаттарыңды жинап, ережеге сәйкес, сұратылғансоманың 10 пайызын банк есепшотына төлеңдер. Бірінші кезекте егін өсірушілердің қаржысы беріледі» деген болатын. Тендер өтті, бізге түк те бұйырмады. «Индер-Мақсат» ЖШС бірінші рет 10 млн теңге, екінші рет 23 млн теңге ұтып алып кетті, -дейді «Игілік» несие серіктестігінің мүшелері.

«Игілік» серіктестігі жұмысын бастамай жатып қарызға кіріп кеткен болатын. Серіктестікті ашып, құжаттар жинаудағы шығынды былай қойғанда жалға жер алып, оны жыртып, тұқым алып қойған болатын. Одан бөлек, олар таныстарынан 1 млн теңгені пайыздық өсіммен қарызға алған еді. 

- Бізге қазір алған қарызымыз түгіл, оның үстіндегі пайызын өтеу қиын болып тұр. Себебі, қосымша кірісіміз де, жинағымыз да жоқ. Тендер басталмай тұрғанда баламалы қарсыластарың болмайды делінген болатын. Және өзі жұмыссыз, күнін әрең көріп жүрген адам қалайша алдын ала банкке қаржы сала алады? Бұл жұмыссыз адамды тығырыққа тіреу ғой! Егер ондай ақша болса, біз өз кәсібімізді мемлекеттің қолдауынсыз-ақ ашпаймыз ба? Біз  «Игілік» несие серіктестігін жабуды ұйғардық. Енді мен ешкімге сенбеймін, түңілдім, -дейді Б. Әбдешов.

Осы мәселеге орай Индер аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Данияр ТІЛЕПҚАЛИЕВ былай деді:

- Ақшаны маусымда ұтпаса, шілде айында қаржы түссе, тендерге түсуге болады ғой. Біз осы жолы тендерге түскенде лоттағының біреуі ұтып, екіншісі ұтылатындай етуге жұмыстанбақпыз. Әбдешовтер сонда ғана ақшаларын ала алады. Жақында серіктестік басшыларына осыны түсіндіремін. Басқа вариант жоқ.

Индер ауданы әкімінің орынбасары Қайрат НҰРЛЫБАЕВ:

- Тендерді «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы өткізеді және оған біздің қатысымыз жоқ. Екінші транш аясында біздің облысқа республикалық бюджеттен 1 млрд теңге бөлінбек. Мүмкін содан ұтып қалар.

- Болат Әбдешов егінін өсіре алмай, шығынға батып қалды ғой.

- Мен бәрін жақсы түсінемін. Ол ауыл шаруашылығы қолдау қорынан да ақша ала алады. Бірақ ол үшін серіктестік жабылуы керек әрі олар кепілдік сұрайды. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

4 шілде 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.