Атырау, 26 қараша 00:25
 ашықВ Атырау -2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Басынан соққы алып, обырдан қаза болды

7 201 просмотра

2012 жылғы 29 тамызда ІІД-нің тергеу басқармасы 37 жасар Атырау қаласының тұрғынының өлімі фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 103-бабы 3-тармағына («Абайсызда кісі өліміне әкелген денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру») сәйкес қылмыстық іс қозғады. Бұл бап бойынша кінәлі 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

 

ЖАРАҚАТ ЖОҚ – ОНКОЛОГИЯ

Алдын ала жүргізілген сот-медициналық сараптама өлімге жабық бассүйек-ми жарақаты, мидың ісінуі себеп болғанын анықтады. Сонымен қатар, көптеген бетке түскен қанталаулар мен ісіктер тіркелген. Алайда соңғы сараптама нәтижелері туысқандарды қатты таңғалдырды – ҚР ДСМ «Сот медицинасы орталығының» Атырау филиалы сарапшысының берген қорытындысы бойынша ажал «асқазан саркомасы» ауруынан болған. Қаза болған адам бұрын ешқандай онкологиялық аурулармен ауырмаған және онколог есебінде де болмаған.

Сараптама қорытындысына күмәнданған қаза болған адамның апасы Людмила (аты өзгертілді – С.Т.) денсаулық сақтау министрлігіне шағымданып, ол жақтан оны «Сот медицинасы орталығы» РМКК мекемесіне жібереді. Нәтижесінде мүрдеге эксгумация жасап, екінші рет сараптама жүргізілді. Астаналық мамандар ажал бассүйек-ми жарақатынан болды деген қорытындыға келді.

Осы жылдың маусым айының басында «Сот медицинасы орталығы» облыстық филиалының сот-медициналық сараптамасына қатысты 352-бап, 1 тармақ («Көрiнеу жалған жауап беру, сарапшының жалған қорытынды беруі»)  бойынша қылмыстық іс қозғалды.

«Сот медицинасы орталығы» облыстық филиалының директоры Нұрлан КАПИН бұл фактіні растады, алайда түсінік беруден бас тартты.

Людмиланың редакцияға хабарласуына інісін өлтіру фактісі бойынша іс әлі сотқа жіберілмеуі мәжбүрлеген:

- Інімнің ажалына кінәлілерді жазалау үшін біз эксгумация жасауға келісім бердік, - дейді ол.– Анам үшін бұл ауыр соққы болды, нәтижесінде ол мүгедек болып қалды. Ал кінәлілер бостандықта жүр.

 

«ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ» КЕЛГЕНШЕ ҚАЗА БОЛҒАН

Людмиланың айтуынша, 1975 ж.т. інісі анасымен бірге тұрған. Қайғылы оқиғадан екі күн бұрын - 2012 жылғы 27 тамызда оған екі танысы келіп, ол солармен бірге кетіп қалады.

- Шамамен сағат 20.15-те інім үйге қатты таяқ жеген күйде келді, - дейді Людмила.– Оның бірнеше тістері түсіп қалған, беті қанталап көгерген, басы ісіп кеткен. Анамның айтуынша, ол келген бойда бірден жатып қалған. Таңғы сағат 4-те басы қатты ауырып, жағдайы нашарлайды. Келесі күні орнынан тұрмады. Күндіз біз «жедел жәрдем» шақырдық, дәрігерлер ауырсынуды басатын екпе салып, учаскелік инспекторға хабарласыңыздар деп кеңес берді. Түнде тағы да жағдайы нашарлап, тұншыға бастады, біз тағы да «жедел жәрдем» шақырдық. Алайда анам дәрігерлерді күтіп алуға шыққанда, інім о дүниелік болып кетті. Бұл тамыздың 28-нен 29-ына қараған түн еді.

Ажал фактісі бойынша ІІД-нен тергеушілер келіп, мүрдені сараптама жасауға алып кетіп, бізден түсініктеме алды. Бірнеше күннен кейін мен тергеуші ТІЛЕШОВПЕН кездестім - ісімізді сол жүргізіп жатқан. Ол күдіктілер бар екендігі (анамыз екеуміз болжағандай, сол күні бірге кеткен екі жолдасы), сол күні олар Сәтпаев,24 мекенжайы маңында бірге отырған және оны ОЖБ бақылау камерасы түсіріп алғандығы жөнінде айтты. Тергеушінің айтуынша, бейнекамераға олар бірге спирттік ішімдік ішіп отырғаны, содан кейін біреуінің менің ініме соққы бергені түсірілген. Екі күдікті де інімді соққандарын бірден мойындаған. Мен осы екеуіне тез арада шара қолдану үшін арыз жаздым. Алайда маған жазалау сараптама қорытындыларына байланысты болады деп ескертті.

Біраз уақыт өткеннен кейін күдіктілердің бірі менің інім ауыр соққы нәтижесінен емес, бауыр циррозынан көз жұмды деп ашықтан ашық жариялағанын естідім. Мен бұл жерде бір шикіліктің бар екенін сезіп, «Сот медицинасы орталығы» облыстық филиалының директоры Н. Капиннің атына, сондай-ақ, қала прокуроры Есенжан ДОСАНОВҚА сот-медициналық сараптаманы шынайы жүргізуді қамтамасыз етуді сұрап, арыз жаздым.

 

«ОБЫР - БҰЛ ТІПТЕН БӨЛЕК ДҮНИЕ»

Зардап шегуші жақтың адвокаты Татьяна МОХНАЧЕВА:

- Заңды мерзімі келген бойда мен сот-медициналық сараптама қортындысының көшірмесін беру туралы адвокаттық сұраныс жаздым. Жауап бірден беріле қоймады, жүруге тура келді. Ақыр соңында облыстық Орталық директорының міндетін атқарушы ертең келуімді сұрады. Кездесу кезінде ол Людмилаға: «Сіздің ініңіз асқазан саркомасы деген обыр ауруынан қайтты», - деп айтты. Бұл оған төбесінен жай түскендей әсер етті. Інісінің соққыдан қаза болғаны суреттен-ақ көрініп тұр ғой – басы қазандай боп ісіп кеткен. Біз осыларды айта бастағанда, сарапшы «келіспесеңіздер, шағымданыңыздар, дәлелдеңіздер» деп жауап қатты. Біз дәлелдейміз деп шештік, өйткені жергілікті сот-медициналық сарапшылардың қорытындысы бойынша кінәлілер тек басбұзарлығы үшін шартты түрде сотталады.

Людмила:

- Мен кеңес алған жеке онколог егер адамда асқазан обыры болатын болса, ол адам қатты жүдеп, салмақ жоғалтады, ал қорытындыда сарапшы, керісінше, жүрек пен бүйректі май талшықтары басып кеткен деп жазған. Яғни, сарапшы сипаттаған жағдай мен осыдан шығарған қорытынды бір-біріне қарама-қайшы келеді. Мен де інімді жүдеу болды деп айта алмас едім.

«Сот-медициналық диагноз» жолында сарапшы «ми заттектері мен қабықшалары ісінген» деп көрсеткен. Ал тергеу басты назар аударатын «Қорытынды» жолында ми заттектері мен қабықшалары ісінгені туралы бірде-бір сөз жоқ. Менің ойымша, бұл тергеуді қате жолға бұрып, қылмыскерлер оңай құтылсын деп істелініп отырған нәрсе.

Мен осы уәждерімнің барлығын ҚР Бас прокуроры Қ. ДАУЫЛБАЕВҚА, денсаулық сақтау министрі С.З. ҚАЙЫРБЕКОВАҒА, Атырау облысы бойынша ІІД-нің басшысы А.К. ЖАЛМҰХАНБЕТОВҚА және көшірмесімен ІІМ министрі Қ. Н. ҚАСЫМОВҚА жазған арыздарымда көрсеттім.

Біраз уақыттан соң «Сот медицинасы орталығы» РМКК мекемесінен «қажетті құжаттармен танысқаннан кейін ажалға дүшар еткен тікелей себептерге қатысты күмәнді жерлер бар екені анықталды» деп жазылған хат келді. Сондай-ақ, ҚР ДСМ-нің медициналық және фармацевтік бақылау комитетінен хат келді. Онда олар «Сот медицинасы орталығы» Атырау филиалынан іске қатысты құжаттарды алдырып, зерделегендерін және «мүрдеге сараптама жүргізгенде толық емес, біліксіз зерттеулер орын алған және бұл ажалдың тікелей себептерін қате белгілеуге әсер еткен» деп есептейтіндерін хабарлаған. Олар ажал себептерін белгілеу үшін эксгумация жасау керек деп жазды.

 

КЕРІ ЖҮРГІЗІЛГЕН САРАПТАМА

- Эксгумация арқылы кері сараптама жүргізуді 2012 жылғы 18 қарашаға белгіледі, - дейді Людмила.– Эксгумацияны біздің сарапшылар өткізетінін білгеннен соң, біз қарсы болдық. Нәтижесінде эксгумацияны Астанадан келген сарапшылар жүргізді. Эксгумация жүргізілген бойда «Сот медицинасы орталығының» жоғары біліктілік санаттағы ауыр сараптамалар бөлімінің сот-медициналық сарапшысы Ермек ЖАРМАКИН бұл жерден ешқандай онкология көрген жоқпын деген болатын.

Сараптама қорытындысы облыстық ІІД-іне 2013 жылдың қаңтарында келді. 20 ақпанда мен тергеушіде болып, астаналық сараптама қорытындысының көшірмесін беруді сұрадым, алайда ол ксерокстың жоқтығын сылтауратып, маған беруден бас тартты. Сараптама комиссиясының қорытындысын телефонға түсіріп алдық.

ҚР ДСМ-нің «Сот медицинасы орталығы» РМКК сараптама комиссиясы Людмила інісінің ажалы жабық бассүйек-ми жарақатынан болған деп қорытынды шығарды.

«Бұл бассүйек-ми жарақаты өмірге қауіптілігін белгілейтін сипаттары бойынша денсаулыққа ауыр зиян келтіру болып табылады»делінген қорытындыда. Сондай-ақ қорытындыда «ми қабықшаларының астына қан жиналуына себепші болған бассүйек-ми жарақаты, беттің ісініп, қанталап көгерген жаралары қатты затпен күштеп соғу нәтижесінде пайда болуы мүмкін» деп жазылған. Бассүйек-ми жарақатымен бірге басқа зақымданған жерлер анықталды: «Денедегі барлық жарақаттардың түрлі оқшаулануларын ескере отырып, соңғылары шабуылдаушыға қарсы бетпен де, арқамен де тұрған, дененің тік жағдайында да, көлденең жағдайында да қатты заттың әсер етуінен пайда болуы мүмкін. Сонымен қатар бұл жарақаттарды өз қолымен жасауы, сондай-ақ өз бойы биіктігінен немесе өз бойынан асатын биіктіктен құлағаннан пайда болуы мүмкін емес».

Жергілікті сарапшының қорытындысы турасында: «Бұл қорытындыны («асқазан қабырғасының зақымданған тамырынан қан кетуден асқынған асқазан саркомасы») сараптама комиссиясы негізделмеген және дұрыс емес деп есептейді, өйткені эксгумацияланған мүрдеге кері зерттеу жүргізгенде қан кету нәтижесінде ажалға себеп болған қандайма бір онкологиялық үдерісті, асқазандағы тілік жара өзгерістері анықталған жоқ.

Осы қалыптасқан жағдайды сараптама комиссиясы алғашқы сот-гистологиялық зерттеу жүргізу кезінде алынған гистологиялық деректерді сарапшы-гистолог негізсіз және дұрыс емес түсіндірген, сондай-ақ мүрдеге алғашқы зерттеу жүргізгенде гистологиялық материалдарды алу кезеңінде гистологиялық материалдарды ішкі органдардың (мидың да) патологиялық өзгерістерге ұшырамаған учаскелерінен әдейілеп алу фактілері де болуы мүмкін деп түсіндіре алады...

18.09.2012 күнгі сарапшы қорытындысында көрсетілген барлық патоморфологиялық өлшемдердің дұрыс еместігі назар аудартады».

 

ТЕРГЕУДІҢ КҮМӘНІ БАР

Осыдан кейін Людмила Атырау облысының прокуроры Г.И. ТОҒЫЗБАЕВҚА «Сот медицинасы орталығы» облыстық филиалының сарапшысына қатысты көрінеу жалған сот-медициналық қорытынды бергені үшін қылмыстық іс қозғау жөнінде арыз жазды.

- Мен қорытындының жалған екендігі анықталғаннан кейін інімнің ажалына кінәлілер жауапкершілікке тартылатынына сенімді болғанмын, - дейді әйел. – Алайда мен ОЖБ-ден бейне түсірілімді сұрағанымда, онда төбелес жоқ, тек спирттік ішімдіктер ішіп отырғандары ғана бар деп айтты. Өзім де қарадым – шынында да олар тас үстінде әңгіме айтып отыр. Алайда інімнің таяқ жегені көрініп тұр - көзіне қара көзілдірік киіп алыпты.

Спирттік ішімдік ішіп отырғандықтан оларға полиция қызметкерлері барған. Екеуін алып кетіп, менің інімді тастап кеткен, таяқ жегесін шығар. Оған «жедел жәрдем» шақыртуға кеңес бердік деп ақталды сақшылар.

...Неге тергеуші күдіктілерге айып тақпай отыр? Менің ойымша, кінәлі екендіктерінде сөз жоқ. Алайда тергеуші астаналық сарапшылардың қорытындысына түсінбей отырғанын, Астанаға барып оларға қосымша сұрақтар қоюы керектігін айтты. Ол астаналық сарапшыларға барып, зардап шегуші өзі немесе біреу итеріп жібергеннен құлап, басын тасқа соғып, зақымдануы мүмкін бе деп сұрақ қойды. Алайда сарапшы Жармакин жабық бассүйек-ми жарақаты ұрып тастау нәтижесінде пайда болғанын, жарақат құлау немесе басқа факторлардың әсерінен болуы мүмкін емес деп жауап берді. Осыдан кейін тағы да үнсіздік орын алды. Сонымен қатар бұл істе керемет есте сақтау қабілеті бар куәгердің пайда болуы да күмән тудырады. Ол бір жыл өткеннен кейін пайда болды. Куәгер сол күні балконнан олардың ішіп отырғандарын көрген екен және сағат 22.00-ден кейін достарымен бе, әлде әріптестерімен бе, кездесуге бара жатып, №15 мектептің маңынан аман-сау жүрген інімді кездестірген. Сонымен қатар ол дәл уақытты, күнді, үстіне не кигеніне дейін тәптіштеп айтып отыр. Ол өзі осы жылдың наурызында пайда болса, өткен жылдың тамызындағы жағдайды нақты білуі мүмкін емес қой.

Биыл біз 22 ақпан мен 13 наурызда екі рет куәгерден бас тартуға арыз жаздық, алайда екі жағдайда да қалалық және облыстық прокуратурадан «Куәгерден бас тартуға негіздеме жоқ» деген жауап келді.

Үстіміздегі жылдың наурызында біз облыс прокурорының орынбасары Б. САУҒАБАЕВТЫҢ қабылдауында болдық. Ол бұл бассыздыққа қатты таң болып, біздің көзімізше облыстық прокуратураның алдын ала тергеу мен анықтаудың заңдылығын қадағалау басқармасының бөлім бастығына істі Тілешевтен алып, тәжірибелі тергеушіге беруді тапсырды.

Алайда біраз уақыттан кейін тағы да тыныштық орнады. Бізге тағы да тергеушінің табалдырығын тоздырып, Сауғабаевқа, облыс прокурорына, Бас прокуратураға (өзіндік қауіпсіздік басқармасына) тағы да арыз жазуға тура келді. Менің ойымша, мұның артында үлкен адамдар тұрғандықтан, тергеу тежеліп отыр.

 

ЕКЕУІ БІРГЕ...

Біз осы іске түсінік беру үшін облыстық прокуратураның алдын ала тергеу мен анықтаудың заңдылығын қадағалау басқармасының бөлім бастығы Балнұр ЕСЕНГЕЛДИНОВКЕ хабарластық. Алайда ол облыстық прокуратураға жолығуға кеңес берді.

Атырау облыстық ІІД тергеу басқармасының тергеушісі Айбек ТІЛЕШЕВ ІІД баспасөз қызметіне сілтеп, түсініктеме беруден бас тартты.

ІІД-нің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира МҰХТАРОВА ІІД тергеу басқармасының бөлім бастығы Нұрмұхамбет МҮТАЛИЕВКЕ сілтеме жасап, қысқаша жауап берді:

- Өлім фактісі бойынша қылмыстық іс тергеу кезеңінде. Дәлелдер жинау бойынша қосымша шаралар жүргізіліп жатыр. Атырау сот-медициналық сараптамаға қатысты да қылмыстық іс көтерілді, тергеу жүріп жатыр.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

4 шілде 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.