Таяудан бері елімізде барлық темекі түрлері қораптарында темекі тарту душар ететін аурулардың суретімен ғана шығарылатын болды. Осындай 12 сурет бар, барлығы да үкімет қаулысымен бекітілген.
«БҰЛ - ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ »
Біз атыраулық темекі шегушілер арасында «осы қорқынышты суреттер қаншалықты олардың көңіл-күйлерін бұзады және олар енді темекі тастауға дайын ба?» деген сауалнама жүргіздік.
Лұқпан, 39 жаста (21 жылдан бері темекі тартады):Адамда темекі тартқаннан қандай гангрена болуы мүмкін, мен түсінбеймін, өтірік айтып не керек? Қораптардағы суреттер басқа аурулардың суреттері сияқты. Мен бірнеше рет темекі тартуды тастауға әрекеттендім, алайда қиын болып тұр. Ал суреттерге келсек, тұра берсін. Мүмкін темекіні жаңа бастап жүргендер бұларды көріп, қорқып, шегуден бас тартар.
Андрей, 30 жаста (10 жылдан бері темекі тартады): Бәрінен де көп әсер еткені – темекі тартқан адам белсіздікке ұшырайды деген сурет. Темекіні тастауды жоспарлап жүрмін, бірақ алдымен ішуді доғару керек. Өйткені спирттік ішімдіктерді ішсең, темекі тартқың келеді, бұл жерде белсіздікке ұшыраймын-ау деген қорқыныш та көмектеспейді.
Павел Шерстянкин, 51 жаста (33 жыл темекі тартады): Мені бұл суреттер қорқытпайды, тек жағымсыздығы болмаса. Темекіні тастамаймын.
Зарина Л., 25 жаста (5 жылдан бері темекі тартады): Әр кез темекі алған сайын жаңа суреттерге тап боламын. Меніңше, темекі тартушыларды осы суретпен обыр ауруына, ерте қартаюға және мүгедектікке дайындап, соған бейімдейтін сияқты. Бұл бізге психологиялық зорлық көрсету ғой. Тартқым келе ме – тартамын, тартқым келмесе – тастаймын. Кімге қандай жұмыс? Өмір бойы темекі тартамын деп ойламаймын, егер бала көтерсем, баланың денсаулығы үшін бірден тастаймын.
Венера (13 жыл темекі тартқан): Қорқытуын қорқытты ғой, бірақ бұдан құтылудың жолдарын ұсынған жоқ. Егер олар суреттердің орнына бағасын қымбаттатса, әсері жақсырақ болар еді. Мысалы, мен 500 теңгеге темекі сатып алмас едім – ақша керек. Ал әзірге Аллен Кардың «Темекі тастаудың оңай тәсілі» кітабын оқып жатырмын.
Марат, 35 жаста: Егер ұлтты темекі қорапшаларына жан түршігерлік суреттер салып, сауықтыруға болатын болса, олар өз кабинеттеріндегі президент суретінің орнына «Сараңдық – бостандықтағы өміріңді едәуір қысқартады», «Жемқорлық ұлтты тұралатуға әкеліп соғады» деген жазулар жазып қойып, жемқорлықтан өздерін өздері емдесін деген тұжырымды бір жерден оқығам.
МИНИСТРЛІКТІҢ ОПТИМИЗМІ
«АЖ» анықтамасы: Қазақстанда 4,2 миллион адам темекі шегеді, олардың төрттен бірі - әйелдер. Темекі тартудан болған аурулардан Қазақстанда күніне 25 мың адам өледі (Ұлттық медициналық салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері орталығының деректері).
Біз патологоанатомиялық бюроның басшысы Исатай МОЛДАҒАЛИЕВТЕН оның үстеліне темекіден өлген адамдар жиі түсе ме деп сұрадық.
- 36 жыл жұмыс тәжірибемде темекіден өлген адам көрген жоқпын, - дейді Молдағалиев (айта кетсек, ол күніне екі қорапқа дейін темекі тартады). - Өкпелеріндегі өзгерістерді көремін, бірақ ажалы темекіге тікелей байланысты емес.
- Бізге темекі тастағысы келетін адамдар жиі хабарласады,- дейді Маскүнемдікпен, нашақорлықпен және уытқұмар-лықпен ауыратындарды оңалту орталығының меңгерушісі Светлана ДОБРЫНИНА. - Өзім темекі тартпаймын, бірақ темекі қорабындағы суреттер тежегіш фактор болады деп ойлаймын.
- «Қорқынышты» суреттер темекі тартушының жүйкесіне әсер етіп, обырмен ауруға психологиялық тұрғыдан бейімделіп кетуі мүмкін бе?
- Олай да болуы мүмкін.
Денсаулық сақтау министрлігі бұл енгізілген жаңалықты оптимизммен қабылдап, сараптамалық бағалауға сүйене отырып, бұл суреттер 1 миллионнан аса қазақстандық темекі тартушыларға осы зиянды ермектерінен бас тартуға көмектесетініне сенімді.
Анастасия ПАСТУХОВА