Атырау, 26 қараша 00:56
 ашықВ Атырау -2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

«Астаулар» туралы

2 588 просмотра

Таяуда өткен «Каспий қайраңын дамыту» атты конференцияда қазақстандық компаниялардың Каспий қайраңын игеру жөніндегі алдағы жобаларға қатысуы туралы да айтылды.

Осы тақырыпта NADLoC жергілікті құрамды дамыту жөніндегі ұлттық агенттіктің директорлар кеңесінің төрағасы, Қазақстандағы сервистік компаниялар одағының төрағасы Жандарбек КӘКІШЕВ (суретте) баяндама жасады.

– Теңіз мәселесі маған таныс, мен Аджип ҚКО теңізге енді шыға бастаған уақытта алғашқы жұртшылық тыңдауында төраға болған едім. Осы жоба бойынша шешім қабылданған уақытта сенатор болдым. Сондықтан егер қандай да болмасын қателіктер жіберілген болса, оған кінәлі менмін, - деді баяндамашы қалжыңмен.

Оның пікірінше, қазақстандық құрам туралы мәселе әркелкі екен:

Сәл қатаңсысақ – шетелдік инвесторлар үшін климат нашарлапты дейді, босаңсысақ – бізді осы жұмыс учаскесіне отандық компанияларды енгізбейді деп жазғырады.

Оның айтуынша, Қазақстанда әлі күнге дейін мұнай кеніштерін игеруге қатысу бойынша қазақстандық құрамды дамыту жөніндегі өз тұжырымдамасы жоқ екен. Дегенмен, Бразилия, Норвегия мен АҚШ тәжірибелері зерттелген. Жергілікті компаниялардың түрлі қатысу нұсқаларын, Кәкішевтің айтуынша, тәжірибелік сипаттағы D аралының құрылысы туралы құжаттама негізінде жете танысу жобаланып отыр. Жоба іске қосылғаннан кейін келісімшарт бойынша бүкіл құжаттама қазақстандық тарапқа берілетін болады.

Ал әзірге тұжырымдама ретінде кластерлік әдіс ұсынылған. Мұнда шетелдік компаниялармен бірге жаңа өндірістер құруға көңіл аударады.

Қазақстанда Петропавл зауытында бұрғылау қондырғылары даярланады, бірақ оларды тек ресейліктер Уренгой мен Нижневартовск үшін сатып алады. Біздің өзіміз оларды сатып алудан әзірге бас тартып отырмыз. Бұл жабдықты әлі жетілдіру керек. Біз осы жұмысқа итальяндықтарды жұмылдырып, біріккен кәсіпорын құрғымыз келеді. Өскеменде қашауды жақсы дайындайды. Бізде тұрбаларды да кеседі. Біз ірі компаниялармен келісім жасап, өнімдердің бізде өндірілуін жолға қоюымыз керек. Бұл жағалаудағы қызмет көрсетуге де қатысты, - деді Кәкішев.

Баяндамашы өнімді шартты түрде үш топқа бөлді. Бірінші топқа отандық өнім кіреді, ол бәсекеге қабілетті, тендерлерде артықшылықтарды қажет етпейді, анықтаушы факторлары – баға, сапа және мерзімдер боп табылады. Екінші топ – бұл әлемдік көшбасшылар деңгейінде өндіре алмайтын, бірақ бізге сервис пен жөндеуді беруді талап етуге тиісті өнімдер. Үшінші топ - Теңіздегі Келешек кеңею жобасы секілді ірі жобалардың аясында салынған зауыттарда біз шығара алатын тауарлар.

Кәкішев Солтүстік Каспий жобасының бірінші кезеңін жүзеге асыру кезінде пайдаланылған нәрсенің көпшілігін Қазақстанда дайындауға болар еді дегенді атап өтті:

Мәселен, энергетикалық блокты норвегиялық компания жеткізді. Біз кейін анықтағанымыздай, жабдықтар орнатылған кеме-«астаудың» өзі Тайландта жасалған екен. Сонымен қатар, Англияда дайындалған жүзбелі мейманханаларды немесе Ресейде жасалған суға арналған ыдысты айтуға болады. Осының бәрін жасау өзіміздің қолымыздан келетін еді. Әрине, әңгіме газ айдауға арналған компрессорлар туралы болып отырған жоқ, қалай дегенмен де, ол жердегі қысым 800 атмосфера ғой (Қашаған кенішіндегі қабаттық қысым – Л.С.). Бұл жерде біз тіпті үміткер де бола алмаймыз. Бірақ қалғандарын, соның ішінде металл конструкцияларын, сепараторларды және т.б. өндіруге қабілеттіміз. Мол мүмкіндік бар, біз қайраңды игеру кезінде ұлттық индустрия құруға тиіспіз.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген автор

4 шілде 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.