30 маусымда Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Атырауға сапарлап, осы сапар барысында Ұлыбританияның премьер-министрі Дэвид КЭМЕРОНМЕН кездесіп, «Болашақ» зауытындағы Қашаған кенішінің өндірістік нысандарын іске қосуды бастау салтанатына қатысты.
30 ЖЫЛДАН СОҢ
Жоспарланғандай, түске дейін президент «Шеврон Мұнайгаз Инк.» тұрба құбыры арматурасы зауытына барды. Зауыт салу туралы шешім 2007 жылы қабылданған еді, ал алғашқы өнімді шығару биылғы жылы шілденің аяғына белгіленген. Кәсіпорын қуаттылығы – жылына 30 мың тиек. Негізгі өткізу нарығы – Қазақстан мен таяу шетелдің коммуналдық шаруашылығы. Зауыттың барлық 75 жұмысшысы – қазақстандықтар.
Н. Назарбаев зауыттың болашақ өнімдерін қарап шығып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму және жүзеге асырылып жатқан жобалары, соның ішінде агроөнеркәсіп кешенінің жобалары туралы облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВТІҢ таныстырылымын тыңдап, жергілікті жұртшылықпен кездесті.
Президент экономиканы дамыту және мұнай мен металлдардың бағасына тәуелді болмау үшін табиғат ресурстарынан түсетін бүкіл табыстарды өндіріске салу керектігін атап өтті.
Сонымен қатар, тәуелсіздік алған жылдар ішінде Атыраудың қалай өзгергенін тағы да айтып өтті:
- Мен осы өңірге 30 жылдан астам уақыттан бері аяқ басып келемін және бұл жердегі жағдайдың қандай екенін білемін, қала тұрмысы түзелмеген еді. Қазір, өздеріңіз көріп отырсыздар, өмір сүру жағдайы түбегейлі жақсарған.
ЖАҢБЫР ТАРСЫЛЫМЕН
Іссапардағы басты оқиға Солтүстік Каспий жобасының құрлықтағы мұнай мен газ дайындау қондырғысы - «Болашақ» зауытын іске қосу салтанаты болды. Жоспарланған қазақ-британ «дөңгелек үстелі» түстен кейін елбасы мен ірі қазақстандық шенеуніктердің қатысуынсыз, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Нұрлан САУРАНБАЕВТЫҢ және Ұлыбритания сауда министрінің төрағалық етуімен және британ парламентінде Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі бүкілпартиялық топқа басшылық ететін лорд УЭВЕРЛИДІҢ қатысуымен өтті.
Отандық мұнай өнеркәсібінің бүкіл маңғаздары кейінірек «Болашақ» зауытына келді. НКОК консорциумы мен жобаға қатысушы компаниялар, НКПОК пен Аджип ҚКО өкілдерінен басқа, ресімге мұнай өнеркәсібінің ардагерлері шақырылды. Олардың көпшілігі Қашаған жобасы басталған кезде жұмыс жасаған болатын.
Атырау жері жобаны іске қосудың тарихи сәтін төкпе жауынмен қарсы алды. Жауын ресім үшін арнайы тігілген ақ шатырға сатырлап жауып, зауыт төбесінен найзағай ойнады. Шамасы, ауа-райы салдарынан шығар, Кэмерон Атырауға кейінірек келді. Ресім сағат 20.00-де – жоспарланған уақыттан 2 сағат кейін басталды.
Алдын ала айта кетейін: символикалық түрде негізгі түймені басып іске қосу ресімі болған жоқ. Бүкіл ресім шатырда өтті. Ресім басталғанға дейін Назарбаев пен Кэмерон зауыт жұмысшыларымен кездесіп, атыраулық жас жігіт Берік УӘППЕН тілдесті («Қашағандық балақай енді Манчестер студенті» жарияланымын қараңыз).
БІРГЕ АТАП ӨТУ ҮШІН
Пьер ОФФАНСалтанатты ресімді НКОК-тің басқарушы директоры Пьер ОФФАН (суретте) жүргізді. Ол 2012 жылдан бері құрлықтағы және теңіздегі нысандарды іске қосуға дайындық жұмыстары үзіліссіз жүргізілгенін хабарлады.
- «Болашақтағы» қондырғыларды іске қосу мен сынақтан өткізу күкіртсутектен тазартылған газды Мақат газ тарату жүйесінен жіберуден басталды. Сонымен қатар бір уақытта зауытта алау өртелді. Өндіріс көлемін жобалау қуаттылығына дейін біртіндеп көбейту 2013 жылдың екінші жартысына жоспарланған. Бірінші кезеңде тәуілігіне 180 мың баррель, екінші кезеңде 370 мың баррель өндіріледі деп күтілуде. Мұндай көлем тек игерудің бірінші кезеңіне ғана тән. Қашағандағы және Солтүстік Каспийдегі көршілес кеніштердегі бағаланған мұнай қорлары 35 млрд баррельді құрайды.
Өз сөзін Оффан жобаның ауқымдылығы туралы бейнефильммен толықтырды, сонымен қатар кенішке есімі берілген Қашаған ақынға шабыт берген домбыра түріндегі тас стеланың тұсауын кесті. Бірақ онда 2 ішектің орнына консорциумға қатысатын серіктестер саны бойынша 7 ішек орнатылған. Ал ортасындағы шар халықаралық ынтымақтастықты білдіреді.
Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде осыдан 8 жыл бұрын «Болашақ» құрылысына алғашқы кірпіштің қалай қаланғанын есіне алып, барлық қазақстандықтарды осы жұмыстардың аяқталуымен құттықтады:
- Әлемдегі орасан зор кеніш ел игілігіне жұмыс істейтін болады. Мен консорциумның барлық қатысушыларына, инновациялық, жаңа жобаларды салған барлық инженерлерге, техниктер мен жұмысшыларға алығысымды білдіремін.
Елбасы бастапқыда ресімнің 26 маусымға белгіленгенін, алайда Кэмеронның келуіне байланысты 30 маусымға ауыстырылғанын айтты.
- Осы оқиғаны бірге атап өту үшін осылай жасадық. Бұл Ұлыбритания премьер-министрінің Қазақстанға алғаш келуі. Еліміздің алғашқы 20 жылдық тарихында Ұлыбританиямен стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қоюға ниет етіп отырмыз. Сондықтан бүгін бізде бірнеше тарихи оқиғалар орын алмақ.
Президент «Болашақ» зауытының жобалық қуаттылығы мұнай бойынша тәулігіне 450 мың баррель, ал газ өңдеу бойынша – тәулігіне 8,8 миллион текше метрді құрайтынын, зауытты іске қосу 2,5 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Назарбаев жобаның экологиялық құрамдас бөліктерін де атады:
- Бүгінде Каспий бүкіл әлемдегі инвесторлардың назарын аударып отыр. Бірақ біз Каспий теңізі – бірегей жануарлар мен өсімдіктер әлемі бар ерекше табиғат аймағы екенін естен шығармауға тиіспіз.
БІР РЕТ КӨЗБЕН КӨРГЕН АБЗАЛ
Кэмерон бәрін өз көзімен көру үшін Атырауға келгенін айтты:
- Солтүстік Каспий жобасында (бірінші кезең) британдық компаниялардың негізгі рөл ойнағаны мені қуантады. Олар жергілікті құрамды ескере отырып, жобаларда кешенді жұмыс істеудің маңызды екенін түсінеді. Бұл сапар менің Қазақстанға келуімнің бастамасы болмақ.
Өз сөзінде Кэмерон Қазақстанның ядролық қарудан бас тартқанын ерекше айтып өтіп, өз елінің көптеген салаларда, соның ішінде сауда мен мәдениетте бірлесе жұмыс істегісі келетінін атап өтті:
- Бірақ бүгінгі әңгімеміздің бәрі «Болашақ» туралы болмақ. Қазақта «құдықтан су ішкен, қазғанға рахмет айтады» деген мақал бар деп естідім. Сондықтан жобада тікелей жұмыс жасаған барша жанға алғыс айтамын.
Кэмеронның бұл сөздері ду қошеметке бөленді.
Ресім шеңберінде Shell Global Solutions-пен бірлесіп, АҚШ-тың Питтсбург қаласында орналасқан Ұлттық робототехника орталығында арнайы тапсырыспен жобаланған қашықтықтан басқарылатын «Сенсабот» роботы таныстырылды. Робот Қашаған жобасының аралдарындағы тұрақты жұмысшысы болмайтын жұмыстарға арналған. Бірінші кезеңде «Сенсабот» газ және вибрация құрылғыларымен жабдықталады, сондай-ақ оған 8 камера орнатылады. Осының арқасында робот тәуліктің кез-келген уақытында бақылау жүргізе алады. Жобаның бұл бөлігі 2014 жылдың аяғына қарай енгізуге дайын болады. Қысқаша таныстырылымнан кейін және жеке шатырда болған фуршеттен соң Назарбаев пен Кэмерон Атырауға ұшып келді. 1 шілдеде Астанада британ премьерінің Қазақстанға сапарының негізгі бөлігі жоспарланған.
НАҚТЫ МЕРЗІМ
Ал жобаға қатысушылармен әңгіме барысында анық болғандай, мұнай өндіруді бастау уақыты әлі күнге дейін белгісіз екен. Бұрын мұнай биылғы жылдың қыркүйегінде өндіріледі деп жарияланған еді. Алайда басқарушы директор Арьян ван ДАЙК мұнай өндірудің осы мерзімде басталатындығын растамады. Ол «Болашақтың» мұнайды қабылдап, таратуға дайын екенін, бірақ теңіз нысандарында қосымша жұмыстар жасау қажет екенін мәлімдеді. Консорциум қызметкерлерінің өздері нақты мерзім – 2014 жыл деп есептеп отыр. Ықтимал мұнай төгінділеріне қатысты ван Дайк Баутинодағы және «Ақжайық» табиғи резерватындағы екі базаның қуаттылығы – орын алуы екіталай мұнай төгіндісі кезінде әрекет етуді қамтамасыз ететіндігіне сендірді. Қазақ мұнай және газ институтының бас директорының кеңесшісі Жақсыбек ҚҰЛЕКЕЕВТІҢ мұз қатқан кезде екінші базаның пайдасыз екендігі туралы жақын арадағы мәлімдемесіне қатысты ван ДАЙК компанияның сол жерден мұнайды жинаудың өз әдісінің бар екенін айтты, алайда нақты түсіндірмеді.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ