Украинаға батыс елдері жіберген F-16 жойғыш ұшағының алғашқы партиясы жетті. Алты ұшағы бар алғашқы партияны Киевке Нидерланд тапсырды деп жазды The Times. Басылым дереккөзінің айтуынша, жақын арада Украина қарулы күштері осындай ұшақ түрлерін Даниядан да алады. Оның нақты мерзімі белгісіз.
Украина президенті кеңсесінің өкілі Михаил Подоляк бұл Киев үшін "өзін-өзі сақтау факторы" деп "F-16 ұшағы жетті" деген ақпаратқа түсініктеме бермеді.
Украинаға F-16 жойғыш ұшақтары жеткізілгенін Bloomberg те жазған. The Telegraph мәліметінше, олар бұрын әскери мақсатта пайдаланылған.
Британдық Times-тың жазуынша, келесі жылы Украина осы ұшақ түрінің жиырма шақтысын алады. Сол кезде Бельгия және Норвегия да бермек.
Басылымның ақпаратынша, осы төрт ел (Нидерланд, Дания, Норвегия, Бельгия) Украина қарулы күштеріне шамамен 80 жойғыш ұшақ беруге уәде берген, алайда көбі бөлшектер үшін пайдаланылмақ.
Ресей Украинаға басып кіргелі бері Киев батыс елдерінен жойғыш ұшақтарды сұрап келеді.
2023 жылы бірнеше ел АҚШ-тың келісімімен Киевке осындай ұшақ түрін беру жөнінде шешім қабылдаған.
Бір топ украин ұшқышы мамыр соңында АҚШ-та ұшақтың аталған түрін басқару бойынша арнайы дайындықты аяқтаған. Олар 2023 жылдың қазанынан бері Аризона штатындағы Тусонда 162-әуе-әскери базасында жаттықты. Оқуды аяқтағаннан кейін ұшқыштар Еуропаға қосымша даярлыққа аттанған.
Биыл көктемде The New York Times басылымы Украина алты F-16 ұшағын шілде айында алуы мүмкін екенін, 12 украин ұшқышы арнайы дайындықтан өткенін жазған. Одан бөлек, жойғыш ұшақтарды жөндейтін шамамен 50 украин маманы арнайы дайындықтан өткен.
General Dynamics F-16 өткен ғасырдың 70 жылдарынан бері шығарылып келе жатқан төртінші буынға жататын жойғыш ұшақтардың бірі. Ол әуедегі нысандарды атқылай алады, одан бөлек құрлықтағы нысандарға да соққы жасай алады. Ол 20-дан астам елдің қарулы күштерінде бар. 2023 жылғы мәлімет бойынша, әлем елдерінде осындай 2100 жойғыш ұшақ болған.