Атырау, 1 желтоқсан 23:07
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 511.22
€ 540.05
₽ 4.73

О дүниеге асықпа

2 624 просмотра

Облыстық балалар ауруханасында «Жасы кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алудағы медициналық сипаттағы шаралар мәселесі» тақырыбында конференция болып өтті.

8 НАУРЫЗ СИНДРОМЫ

Алдымен психологтар өз баяндамаларында күйзелісте жүрген адамдарға сипаттама берді:

- Күш-қуатының әлсіреуі, күнделікті істерге қызығушылықтың жоғалуы, тым ұзақ немесе керісінше қысқа түс, тәбеттің болмауы, кінәмшілдік. Ондай жағдайда жүрген адамды жалғыз қалдырмауға тырысып, оларға барынша жәй үнмен, сабырлы күйде тіл қатып, сөзін бөлмей, аяғына дейін тыңдаңыз.

Өзіне-өзі қол жұмсауға әрекеттеніп, әр түрлі дәрі ішіп уланған жандар тікелей облыстық аурухананың нефрология бөліміне түседі. Өзінің сөзінде осы бөлімнің меңгерушісіБауыржан РАХМЕТОВ сенім телефондары сағат 9-дан 18-ге дейін емес, тәулік бойына жұмыс істеуі керектігін баса айтты. Облыстық психиатриялық жүйке-тамыр ауруханасының бас дәрігері Қуаныш НҰРМҰХАНОВ сенім телефондарыныңтәулік бойына жұмыс істеуі қосымша қаражат қажет етеді деп жауап берді. Б.Рахметовтың айтуынша, жылдан жылға дәрі ішіп улану фактілері көбейіп отыр.

- 15 пен 25 жас аралығындағы адамдар арасында ғана 2011 жылы 190, 2012 жылы 202 адам уланып түскен. Ал биыл жыл басынан бастап 74 адам дәріден уланған. Көбі таңда немесе кешке және жұма, сенбі, жексенбі күндері түседі. Содан кейін осындай жағдайлар көп орын алатын кезді «8 наурыз синдромы» деп атап кеттік. Бұл мейрамда бізде дәрі ішіп, өздеріне қол жұмсамақ болған әйелдер жиі түседі. Себеп – күйеуінің үстінен бөтен әтірдің иісі шығып келді, уақытында көңіл бөлген жоқ т.б. Одан кейін жүкті қыз-келіншектер арасында суицидке баратындар жиілеген. Тағы бір жайтты айта кету керек, полиция қызметкерлері де жасы кәмелетке толмағандармен дұрыстап сөйлесе алмайды.  Жауап алу барысында «өзіңнен болар, ақша алғың келген болар» деген сияқты суицидке итермелейтін әңгімелер жүретіні ешкімге жасырын емес. 

 

ЖАСЫРЫН СУИЦИД

Конференция барысында құқық қорғау органдарының дәріден уланып, токсикология бөліміне түскендердің бәрін бірдей суицид деп тіркемейтіні белгілі болды. Осыдан келіп, облыстық ішкі істер басқармасы мен облыстық психиатриялық жүйке-тамыр ауруханасы ұсынған статистикалық мәліметтер екі түрлі болып шығып жатады екен.

- Негізінде, статистикамыз бірдей шығу керек. Себебі, біз де сіздер секілді статистиканы облыстық ауруханадан алып отырмыз. Айдың аяғында жинақтағанда, облыстық прокуратура қайсысы дұрыс деп отырады. Сондықтан, дәрі ішіп қойды ма - бұл адам өзіне өзі қол жұмсамақ болды деген сөз. Әрі қарай оның не себепті ішкенін анықтау - психологтардың жұмысы, - деп есептейдіҚ.Нұрмұханов.

Сенім телефондары
Ал облыстық психиатриялық жүйке-тамыр ауруханасының  сенім телефоны: 49-14-80.
Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының жанындағы «Жарқын болашақ» жастар денсаулығы орталығының сенім телефоны: 30-68-43 (аудандар үшін тегін); облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының тәулік бойына жұмыс істейтін сенім телефоны: 51-05-80.

Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының жанындағы «Жарқын болашақ» жастар денсаулығы орталығының директоры Алуа СЫРАЛИЕВА орталықтың 10-24 жастағы оқушылар мен студенттерге психологиялық көмек көрсететінін айта келе, жыл басынан бері 150 жасөспірімнің көмек сұрап келгенін тілге тиек етті:

- Бізге келген жастың аты мен жасы ғана сұралады, болды. Қалған жеке басына, отбасына қатысты мәліметті сұрамаймыз. Егер біреу психологтың көмегіне барып жүргенімді біліп қояды-ау деп, психиатриялық жүйке-тамыр ауруханасынабаруға арланса, бізге келулеріне болады.

Бұдан соң ауруханадан жазылып шыққан науқастармен жұмыс істеу жағы ақсап тұрғаны айтылды. Оларменмектеп психологы (егер ол жасөспірім болса) және медицина психологы бар күшін салып жұмыс істеуі тиіс. Алайда, бұл әрдайым бола бермейді. 

Бұдан бөлек, конференцияда суицидтің алдын алу мақсатында облыста үлкен кризистік орталық ашу да жоспарланып отырғандығы айтылды. Конференцияға қатысушылар мұндай орталықтың Атырауға ауадай қажеттігін мойындап отыр.  

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген автор

27 маусым 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.