Аққыстау жері түгелімен сорлы болып келедіБұл жөнінде Исатай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Мәди ӨТЕҒАЛИЕВТЫҢ жауабы мынадай:
- 80-ші жылдары жасыл белдеу құру бағдарламасы аясында талдар егілгенімен, бәрі қурап қалды. Ниет бар, бірақ жасыл желек Аққыстауда өспейді деген желеумен көгалдандыру ісі кенже қалып келе жатқанын жасыра алмаймыз. Оған тек былтырдан бастап бетбұрыс жасалды. .
- Қолымыздағы ақпарға сенсек, Аққыстау селолық округі бойынша 2009 жылдан бері 2 мың тал егіліпті. Өкінішке орай, осы селодан ең болмағанда жүздеген ағаш өскінін көре алмадық.
- Неге екенін білмеймін, бірақ, көгалдандыру өте баяу жүріп келеді. Көктемде сенбілік өткізіп, 500 қарағаш отырғызғанбыз. Су жетпеді ме, әлде жерге байланысты болды ма, жартысы шықпай қалды. Бірақ біз тал өсіруді тоқтатпаймыз. Талдар шыққанымен жердің сорлы болуына байланысты ертең олардың жайқалып өсетініне тағы күмәнім бар.
ҚУАНАЛЫ ҚАРТТАН ҮЙРЕНУ КЕРЕК
Айтпақшы:
Аққыстау селосында 6 мыңға жуық халық тұрады. Мұнда отырғызылған жасыл желекті өте аз кездестіресіз. Халықтың ұғымында жері сортаң, жерасты суының ащылығынан ағаш егу мүмкін емес деген ұғым қалыптасқан.
- Бұл экологиясы өте қиын аудан саналады,- дейді аққыстаулықтар. - Мұнда жерасты мұнайын өндіруші мекемелер көп. Олар табиғаттың байлығын алғанымен, жасыл желек өсіруге атүсті қарауда. Сәл жаңбыр жауса, балшықтан аяқ алып жүре алмайсың. Жаңбыр суы жерге сіңбей, көгеріп жатады. Селода жасыл желек түгілі, жазғы су желісіне де жарымай отырмыз.
Аққыстау селосында тұратын Қуаналы ҚАНАТОВТЫҢ жеміс ағаштарын көріп, күдіктер жайына қалды. Бұл үйге бірге барған Исатай ауданы әкімінің орынбасары Артур ҚУАНЫШКЕРЕЕВ табиғаты мен жер сипатына байланысты қарағаштан бөлек жидек, жыңғыл өсіруге болатынын жеткізді.
- Жердің қандай екенін өзіңіз көріп тұрсыз ғой. Тал оңайлықпен өспейді. Канал бойында жидек ағаштары жақсы өсіп тұр, ал Түркияға барғанда жыңғылды да бізге өсіруге болатынына көзім жетті. Талдар, негізінен, ащы су жатқан жерге жарты метрге жеткеннен кейін өліп қалады. Сондықтан оларды өлтіріп алмас үшін күнбе-күн суарып тұру қажет, -дейді А. Қуанышкереев.
Қуаналы аға аудан басшыларымен сөз таластырып жатпады. Бірақ, 10 жылдан астам уақыттан бері өз қолымен еккен жеміс ағаштарының қызығын көріп келе жатқанын мақтанышпен әңгімеледі:
- Зейнеткерлік демалысқа шыққаннан кейін немерелерім рахатын көрсін деп, жеміс ағаштарын өсіруді қолға алдым.
- Мына ағаштардың қалай өсетінін айтыңызшы?
Қуаналы Қанатов- Жасыратыны жоқ, село қолайсыз жерге орналасқан. Басында еккен талдарым екі, үш жылдан кейін өліп қала беретін болды. Кейін қалай еккенде, өлтіріп алмауға болады деп көп іздендім. Әйтеуір, бір тәсілін таптым. Тал егілетін жердің 70 сантиметрге дейінгі топырағын алып тастап, түбіне алдымен шыны мен шифер сынықтарын тастадым. Сосын құнарлы топырақ әкеліп, оны «өлтірілген» (көп сақталған) көңмен араластырып, сол шұңқырды бітедім. Мен оған шие, абрикос талдарын отырғыздым. 5 күнде бір рет суарып отырдым. Аса күтімге алмадым.
- Шыны мен шифер сынығын не үшін қажет еді?
- Ағаш тамырларын ащы суға жеткізбей, бөгет ретінде пайдаландым. Яғни, жайыла өсуіне мүмкіндік жасадым.
Қуаналы ағаның отырғызған ағаштары алғашқы жылдары жемісін берген кезде ауыл балалары талай рет аулаға түскен. Бірақ, кейін балалар ағаштарды күтіп-баптаған адамның еңбегіне түсіністікпен қарауды үйреніп, шикі піскен жемістерді ұрлауды қойды. Себебі, олар жемістер әбден піскен кезде ақсақалдың өзі-ақ алдарына ұсынатынын біледі.
Ауласына егілген қызаңды Қуаналының отбасы бірге жүріп күтіп-баптайды. Ал Ресейден әдейі алдыртқан топинамбур ағашының (жер алмұрты) жемісін Қуаналының қант диабетімен ауыратын жұбайы емдік тағам ретінде пайдаланып отыр. Енді ақсақал ауласын кеңейтіп, тағы да басқа жеміс ағаштарын егуді ойластыруда.
- Адамдар тал егуді бімейді. Қасымдағы балабақшадағы қызметкерлер топырақты көтеріп, талды жерге жәй тыға салыпты. Ол қазір көктеп тұрғанымен жерасты ащы суына жеткесін өліп қалады, -дейді Қуаналы аға.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА