«Монтессори әдісі» деген сөзді қазір жиі естиміз. Бала тәрбиесі үшін жасаған жүйенің негізі - баланың өз-өзін қамтамасыз ете алуы, яғни, дамуының табиғи түрде жүруі. Атыраудағы «Мирас» бөбекжайында балалардың тілін, қабілетін дамыту үшін осындай жаңа әдістер мен технологияларды кеңінен қолданады.
Бүлдіршіндердің үлкен өмірге жасайтын алғашқы баспалдағы болғандықтан, балабақша – əлеуметтік нысандардың ішіндегі ең маңыздысы. Сондықтан Атыраудағы «Мирас» бөбекжайы жергілікті жұрттың көз қуанышына айналғаны таңғалатын жәйт емес. Өйткені бұл бөбекжайда балалардың дамуымен қатар, олардың қауіпсіздігін де басты назарда ұстайды Бұған дейін мұнай компаниясы қызметкерлерінің балалары ғана барған бөбекжай енді барша балақайды қабылдай бастады.
Балалардың қауіпсіздігі бірінші кезекке қойылғаны ата-аналардың көңіліне сенім ұялататыны анық. Үш қабатты ғимарат сыртқы және ішкі бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Бөбекжай- бақшаның ауласы толық қоршалған. Бөбекжайы аумағына кіру магниттік электрондық рұқсаттамалар бойынша жүзеге асырылады. Одан қалды, барлық беседкалар да бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Бір сөзбен айтқанда, бүлдіршіндердің қауіпсіздігі үшін барлық жағдай жасалған.
350 орындық «Мирас» бөбекжай-бақшасында қазірдің өзінде 2 мен 5 жас аралығындағы 16 топ бар. Әр баламен жеке жұмыс жасауға мəн берілетіндіктен, бір топтағы жалпы бала саны 25-тен аспайды. Бөбекжайда ойын бөлмелері, жатын бөлме, жуынатын бөлме қарастырылған. Сондай-ақ музыка мен спорт залы, хореография залы, кітапхана мен сурет салу кабинеті бар. Онымен қоса, бөбекжайда тіл үйрету сабақтары өткізілетін арнайы кабинеттер бар, тіпті Қазақ мәдениетінің орталығы ашылған. Мұнда балалар ұлттық салт-дәстүрлер мен ана тіліміздің таңғажайып әлеміне танымдық саяхат жасай алады.
Сондай-ақ бөбекжайда медициналық бөлім құрылып, арнайы логопед, психолог мамандар балғындарға арнайы кәсіби жаттығуларын өткізеді.
Әр топта 2 тәрбиеші, педагог-ассистент, тәрбиешінің көмекшісі жұмыс істейді. Бұл әр балаға жеке көңіл бөлуге мүмкіндік береді, әрі оның дамуы үшін өте маңызды.
- Бұл бөбекжайда осыдан 10 жыл бұрын демеуші кәсіпорындардың көмегімен салынған болатын. Осы аралықта келісімшарт бойынша балабақшаға тек «Теңізшевройл» компаниясы қызметкерлерінің балалары қабылданатын. Қазір қаладағы өзге де бүлдіршіндерді қабылдауға əзірлік танытып отырмыз. Заманауи үлгідегі бөбекжайда балалардың мектепке дейінгі білімі мен тәрбиесіне сай барлық жағдай жасалған. Бір сөзбен айтқанда, бөбекжайда балалардың дамуына күнделікті көңіл бөлінеді. Біз әсіресе тəрбиеленушілердің білім үдерісіне барынша ден қоямыз. Балалар мұнда қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгереді. Арнайы педагогика, лего конструкторымен жұмыс жəне медиасауаттылық сынды ерекше əдістермен қоса, Монтессори әдісі бойынша ойын түріндегі заманауи технологиялық жаңа дүниелерді үйренеді, – дейді NNEF қоғамдық қорының Атырау қаласындағы филиалы «Мирас» бөбекжай-бақшасының директоры Светлана Ильясова.
Монтессори педагогикасының әдістері бөбекжайда тәрбиеленушілердің жеке қажеттіліктері мен қабілеттерін ескере отырып, балалардың жан-жақты дамуына ықпал ететін, қоғамдық ортада өзін еркін сезінетін ізденімпаз әрі өзіне сенімді тұлға болып қалыптасуына бірден-бір септігін тигізетін әдістің бірі. Өйткені бұл әдістің негізгі мақсаты – өз даралығын түсіну және өзгелерді құрметтеу сынды қасиеттерді баланың бойына ерте жастан қалыптастыру. Әлбетте, сондықтан да бөбекжайдағы топтар қажетті дидактикалық материалдармен толықтай жабдықталған.
Бөбекжай əкімшілігі бүлдіршіндердің сапалы әрі құнарлы тамақ ішуін де қатаң бақылауға алып, қадағалайды. Өйткені тамақтану – баланың физиологиялық және психологиялық өсу үдерісінің қалыпты болуын қамтамасыз ететін маңызды факторладың бірі. Бөбектер күніне 5 мезгіл тамақтанады. Баларға жасалған жағдай ата-аналардың да көңілінен шығуда.
– Менің екі балам осы «Мирас» бөбекжайына барады. Баламның үлкені биыл мектепке дайындық тобында. Ауызша, жазбаша, және математиканың бастапқы оқуларынан үлгерімі көңіл қуантарлық. Балам мектепке баруға толық дайын деп айта аламын. Кішкентай қызыма да бөбекжай қатты ұнап жүр. Күн сайын ойын түріндегі түрлі зейіндік-зерделік дүниелерді меңгеріп, жан-жақты дамып келеді. Осынау заманауи бөбекжайда жасалған жағдайларға қарап-ақ, баламыздың тәрбиесіне алаңдамауға болады дер едім. Бізге мұнда бəрі ұнайды. Атырау қаласы бойынша ең үздік бөбекжай десем, қателеспейтін шығармын, – дейді ата-аналардың бірі Салтанат Қубайдулла.
«Мирас» бөбекжайының 10 жылда жеткен жетістігі ауыз толтырып айтарлықтай. Жаңа заман баласын қалыптастырып, дамыту үшін бүлдіршіндердің мүмкіншіліктері мен қабілетінің дамуына жағдай жасау қажет. Бөбекжайда балалардың жеке басының қалыптасуы мен дамуына педагогтардың заманауи технологияларды қолдана білу сауаттылығы өте жоғары. Тəрбиешілер бөбекжайға келетін əр баланың бойындағы таланттын ашып, жұлдызын жарқыратуға барынша еңбек етуде. Нәтижесі де баршылық, бүлдіршіндер бұл күнде қалалық жəне республикалық деңгейде өтетін «Мен – зерттеушімін», «Ана тілің – арың бұл», «Менің отбасым» сияқты түрлі интеллектуалдық байқауларда жүлделі орындарды иеленген.
Бөбекжайдағы білікті мамандардың еңбегінің арқасында «Мирас» бөбекжайының түлектері қаладағы ең үздік мектептерге қабылданады. Тәжірибелі тәрбиешілер өз түлектерінің алдағы уақытта да осындай жоғары деңгейден көрінетініне сенімді.
«Мирас» бөбекжайы Атырау қаласындағы Нұрсая ықшам ауданы, Елорда көшесі, 21 үй мекенжайында орналасқан.
Ал бүлдіршінін «Мирас» бөбекжайына орналастырғысы келген ата-ана +7 771 121 0181 (Ақмарал Әліпова) байланыс нөміріне хабарласса болады.