Атырау, 2 қараша 22:05
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +6
$ 488.11
€ 530.09
₽ 5.01

Бұрынғы елші Қытайға басымдық беріп отыр

2 820 просмотра

Атырауда өткен «Каспий қайраңын дамыту» атты конференцияда басқа мәселелермен қатар Солтүстік-Каспий жобасындағы американдық «ConocoPhillips» мұнай компаниясының үлесі кімге тиетіндігі талқыға салынды.

МӘСЕЛЕ ҚҰНЫ – 5 МИЛЛИАРД

Естеріңізге салсақ, 2012 жылдың 6 желтоқсанында «ConocoPhillips» компаниясы ҚР Мұнай және газ министрлігіне Солтүстік-Каспий жобасындағы өзінің 8,4 пайыз үлесін үнділік «ONGC VideshLimited» компаниясына сатпақ ниеті туралы хабардар еткен болатын. Келісім құны – 5 млрд доллар. Бұл жаңалық түрлі қауесеттер мен жорамалдарды, соның ішінде американдықтар экологиялық тәуекелділіктердің жоғары болуы мен жүйесіз басқарылуы себепті келешегі жоқ жоба екенін ұғыныпты дегенге саятын әңгімелер туғызған еді.

Ричард ДжонсРичард ДжонсАл Үндістаннан басқа Қашаған-ға Қытай да қызығушылық білдіріп отыр. ҚР Мұнай және газ министрі Сауат МЫҢБАЕВТЫҢ айтуынша, бұл ел – Қазақстанның батысынан бастау алатын мұнай құбыры маршрутына қызығушылық білдіріп отырған әлеуетті үміткер. Алайда, «ConocoPhillips» үлесінің кімге сатылатындығы туралы ақырғы шешімді министр 2 шілдеге қарай жариялауға уәде берді.

- «ConocoPhillips» компаниясы активтерін бүкіл жер жүзі бойынша сатады, сондықтан оның Қашаған жобасынан шығатындығынан әлдебір себеп іздеудің қажеті жоқ, - деп конференцияда мәлімдеді АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы елшісі, халықаралық энергетикалық агенттіктің (IEA) атқарушы директорының орынбасары Ричард ДЖОНС.– Олар Солтүстік Америкадағы жобаларға топталғысы келеді. «ConocoPhillips» үлесін кім алады? Оны анағұрлым тиімді ұсыныс жасаған алады. Қытай да, Үндістан да мұнайға зәру. Қытайдың Қашағандағы үлес үшін, иек астындағы активтер үшін қосымша сыйақы төлеуге дайын екендігін жорамалдай аламын.

Бір қызығы, норвегиялық «Statoil» компаниясының Еуропа мен Азиядағы барлау жөніндегі вице-президенті Терье ДАЛ Қашағандағы «ConocoPhillips» мирасқоры ретінде кімді көретіндігі туралы сұраққа әдептілік танытып, жауап бермеуді жөн көрді.

Тағы да Джонс жауап берді. Оның айтуынша, халықаралық энергетикалық агенттіктің көзқарасы бойынша, бастысы мұнай нарыққа түсуі керек екен:

- Біз тәуекелділік деңгейін әлдебір келісімдермен иемденбейміз және қандай да болмасын компанияның экспансиясы туралы айтып отырған жоқпыз. Қашаған – жойқын жоба, онда тәуекелділіктердің көптеген компаниялар арасына бөлінуі табиғи құбылыс. Ал барлық шетелдік инвестицияның 25 пайыз үлесіне ие Қытай шамасы Қазақстандағы Қашаған жобасын өзі үшін тартымды деп есептейтін болса керек.

Осы жерде әңгімеге Дал араласты:

- Қытай Еуропадағы, соның ішінде Норвегиядағы жобаларға қатысады және өте күшті бәсекелестік танытады. Норвегияда шетелдік компанияларға өте қатаң талаптар қойылады. Бастысы – бұл экология.

 

ӘЗІРГЕ МҰНАЙ БАСҚАРАДЫ

Базарбай НұрабаевБазарбай НұрабаевӘзірге, Каспий өңірі әлі де ұзақ уақыт бойына дүние жүзіндегі инвесторлар үшін майлы шелпек боп қала беретін секілді. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы Базарбай НҰРАБАЕВТЫҢ  айтуынша, қазіргі уақытта Қазақ-станда барланған көмірсутек шикізатының қоры 4,9 млрд тоннаны құрайды. Ал Каспий теңі-зінің қазақстандық секторының шеңберінде Қашағаннан басқа Қаламқас-теңіз, Қайраң, Ақтоты, Хазар секілді келешегі бар кеніштер ашылды.

Қазақстан өңіріндегі аумақтар бойынша мұнай қорларын пайыздық бөлу, Нұрабаевтың айтуынша, былайша көрініс табады: Атырау облысы - 73%, Ақтөбе – 4%, Батыс Қазақстан – 9%, Маңғыстау – 12%. Қалған2 пайыз туралы ол ештеңе айтпады.

Джонс осы жерде де өзінің хабардар екенін көрсетті:

- Бүкіл кезең ішінде біз Қазақстандағы ескі кеніштерде мұнай өндірудің төмендеп, Қашағанды игере бастау кешеуілдеп жатқанын көріп отырмыз. Осы жобаны игеріп жатқан компаниялар бүгінде әжептәуір қиындықтармен бетпе бет келіп отыр. Ал Қашаған өнеркәсіптік өндіруді бастаған кезде бұл ескі кеніштерде төмендеп кеткен тиімділіктің орнын артығымен толтырады.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген автор

27 маусым 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.