Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасында бөгетті нығайту қызметі үшін ақы талап етіп отырған кәсіпкердің мәселесі қаралды, деп хабарлайды Палатаның баспасөз қызметі.
«АГК Групп» ЖШС компаниясының басшысы су тасқыны қаупіне байланысты облыстағы төтенше жағдай шеңберінде 8 сәуірде Қайыршақты ауылдық округінің әкімдігімен жасалған келісім-шартқа сәйкес өз ақшасын талап етіп отыр. Келісімшарт бойынша ЖШС жалпы ұзындығы 16 шақырымды құрайтын Соколок каналындағы бөгетті нығайту жұмыстарын жүргізуі тиіс болатын. Жұмыстың құны 625 417 488 теңгеге бағаланды.
«АГК Групп» ЖШС басшысы Әсемғали ҚУАНЫШЕВ барлық жұмысты келісім-шарт аясында аяқтадық деп отыр. Алайда, енді әкімдік қызмет ақысын төлеуден бас тартып отыр. Оның айтуынша, әкімдік бұл учаскеде «АГК Групп» ЖШС-нен басқа тағы үш компания жұмыс істегеніне сілтеп отыр.
– Бұл ұйымдар демеушілік негізде көмектесті, олар тек арнайы техника берді, ал оны күтіп ұстау, жанар-жағармай, персонал, жөндеу, қызмет көрсету өз тарапымыздан болды. 4 маусымға дейін әкімдік бізге ешқандай талап қоймады, ақысын төлеуге уәде берді, енді келіп аяқ астынан бас тартып отыр. Бұған дейін қала әкімінің өзі уәкілетті ұйымдармен бірлесіп, учаскені түгел тексергенімен, енді қосымша тексерулер қажеттігін айта бастады. Менде барлық растайтын құжаттар, атқарылған жұмыстар туралы фото және бейне есептер бар, учаске үйлестірушісі және сол жерде болған еріктілер бәрін растай алады. Қаланы судан қорғау үшін күндіз-түні жұмыс істедік, ал енді заңды ақшамызды ала алмай жатырмыз, жұмысшыларыма жалақы төлеуім керек, ал қаражат жоқ, - дейді Қуанышев.
Әкімдікке әлденеше рет жазған хаттар нәтиже бермеген. Қуанышев атап өткендей, ол прокуратураға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке және кәсіпкерлер палатасына да шағым жазған.
Атырау қаласы әкімдігінің қаржы бөлімінің басшысы Серік ДЕМЕГЕНОВ бұл учаскеде «АГК Групп»-тан басқа барлығы бес компания демеушілік негізде жұмыс істегенін айтты.
- «АГК Групп» жұмыстың 30 пайызын ғана, ал қалған ұйымдар 70 пайызын орындады. Біз оларға толық соманы төлей алмаймыз, сосын әкімдіктен сұралады. Қазір бақылаушы органдар келісімшартты бұзу мәселесін қарастыруда. Біз төлемеу мақсатын көздеп отырған жоқпыз, бірақ бәрі әділ болуы керек, - деп жауап берді жиында Демегенов.
Палатаның баспасөз қызметі хабарлағандай, әкімдік өкілдері учаскеде жұмыс істеп жатқан арнайы техниканың саны мен бөлінген жанар-жағармай көлемі туралы мәліметтерін ұсынғанымен, Кеңес мүшелері олардың дұрыс еместігін айтты.
Бұған Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы Әлібек СЕМҒАЛИЕВ қарсылық білдірді. Ол жоғарыда аталған учаскенің үйлестірушісі болған еді.
– Сіздер қазір жаңсақ ақпарат беріп жатырсыздар. Мәселен, арнайы техниканың, дизель отынын, кімге қанша бөлінгенін нақты айта алмайсыз. Барлық нысанда демеушілер болды. Мен өзім учаскеде болдым. Облыстық штабта барлық қажетті ақпарат бар, барлығы есепте жазылған. Бұл деректер сіздердікінен өзгеше. Жұмыс жасалды, бөгет бар, сапасы дәлелденді, кәсіпкерге қандай талап болуы мүмкін, — деді Семғалиев.
Атырау облысы бойынша Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл секторының меңгерушісі, Өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Сәрсенбай ЖОЛДЫБАЕВ бұл жағдай бизнестің билікке деген сеніміне нұқсан келтіретінін атап өтті.
– Бұл бюджет ақшасы екенін бәріміз түсінеміз, бәріне сапамен қарау керек, бірақ бұл жерде мәселе кәсіпкерлердің билікке деген сенімінде. Мұндай жағдай орын алмас үшін сіздерде бастапқыда кімнің қандай жұмыс істегені туралы нақты есептеулер болуы керек еді. Сіздер кәсіпкерді тарттыңыздар, ақысын төлеуге уәде бердіңіздер, ол өз жұмысын жасады, ал қазір қызметі үшін заңды төлем ала алмай отыр. Онымен қоймай, өтініштерін жауапсыз қалдырасыздар, әрі бұл мәселені шешуге тырыспайсыздар, - деді Палата өкілі әкімдік қызметкерлеріне.
Жиын барысында Қайыршақты ауылдық округінің әкімі Шапхат ҚАЛИЕВТЫҢ бұл учаскеде бірнеше компанияның жұмыс істеп жатқанын білмегені белгілі болды. Сондай-ақ палатаның баспасөз қызметі таратқан хабарламада әкімдік енді «АГК Групп» компаниясына ақша төлесе, жұмыс істеген басқа компанияларға әділетсіздік жасаймыз-ау деп қауіптенетінін хабарлады.
Нәтижесінде, Кәсіпкерлер палатасы кеңесінің мүшелері мәселені шешудің мынадай жолын ұсынды: егер қалған компаниялар «АГК Групп» ЖШС-не барлық соманы төлеуге қарсы болмаса және келісімдерін жазбаша растаса, онда әкімдік кәсіпкерге төлем жасауға міндетті.
Дайындаған Айнұр Сапарова
ӨКП ұсынған суреттер