«Өз Платондары мен Невтонның ұшқыр ойлыларын» табу үшін Атырауға өткен сәрсенбіде республикалық инновациялық бизнес-жоспарлар байқауының ұйымдастырушылары келді.
Халықтың инновациялық белсенділіктерін арттыру үшін «Ұлттық технологиялық даму агенттігі» АҚ (ҰТДА) индустрия және жаңа технология министрлігінің қолдауымен республикалық инновациялық бизнес-жоспарлар байқауын өткізуде. Жеңімпаз 7,5 млн теңге мөлшерінде грант алады. Жобаны жүзеге асыруда оған үздік кеңесшілер мен бизнес-тренерлер көмектеседі.
Мамыр айының ортасынан бері таланттарды табу үшін өңірлерді «Елге сенің идеяларың керек» деген жазуы бар арнайы автобус аралап жүр – байқаудың ұйымдастырушылары өтінімдерді қабылдау талаптарымен таныстырып, үздіктерін іріктеп алады. Астаналық қонақтар бізге Орал қаласынан келіп, келесі күні Ақтауға жол тартып кетті.
Облыстық кәсіпкерлік пен өнеркәсіп басқармасы ұйымдастырған ҰТДА өкілдерімен кездесу Атырау мұнай және газ институтында өтті.
Агенттік өкілдерінің айтуынша, ҰТДА АҚ жанынан материалдық-техникалық кешені бар технопарк құрылған. Технопарк базасында өтінім берушіге заңдық, маркетингтік, бухгалтерлік және басқа да қызметтер көрсетіледі. Атырау облысы бойынша өтінім берушілер Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ технопаркі арқылы TPNTU@mail.ruэлектронды поштасына өтінім бере алады.
Ұйымдастырушылардың байқауынша, өтінім берушілердің жиі кездесетін басты қиыншылықтары бизнес-жоспар жасай алмаулары және өз жобаларының пайдалы жақтарын қарапайым да түсінікті етіп жеткізе алмаулары болып табылады. Олардың айтуынша, кез келген бизнес идея қабылданады, алайда ол инновациялық болуы керек. Залда отырған ғалым ақсақал: «Инновациялық сөзінің астарында не жатыр?» деген сауал қойды. Оған: «Инновациялық жоба – бұл жаңа немесе жетілдірілген өндірісті, технологияны жасауға бағытталған іс-шаралар кешені» деп жауап берілді.
Әлеуетті өтінім берушілер тізіміне ілігу оңай емес. Бизнес жобаларға қойылатын ең басты талап - өтінім берушінің қолында өнім үлгісі болуы керек. Ғылым өкілдерінің пікірінше, бұл түсініксіз жайт.
АМжГИ халықаралық әріптестік жөніндегі бөлімнің бастығы Нұрлан ІЗТІЛЕУОВ:
- Менің ойымша, қолдау идеядан тәжірибелік үлгіге дейін көрсетілуі керек. Мәселен, Израильде идея деңгейінде инвестицияланады. Немесе, АҚШ-тағы Силикон жазығын алайық. Ол жерде ғалымдар таза фундаменталды ғылыммен айналысады, ал олар мен өнеркәсіптік кәсіпорындар арасында инвесторлар табуға және ойлап табылған дүниелерді қолданысқа енгізуге көмектесетін ұйымдар жұмыс жасайды. Бізде ондай ұйымдар жоқ.
Техника ғылымдарының докторы, АМжГИ профессоры Есенғали ҒИЛАЖОВ ҰТДА технопаркі жөнінде сын айтты:
Есенғали ҒИЛАЖЕВ.- Қазақстанда бұрын өнеркәсіптік полигон болған, олар да ештеңе жасай алмады. Ал сіздер екі жылда зертхана құрастырып, бізде технопарк бар дейсіздер. Мен ғалым ретінде мұндайды қабылдамаймын. Жақсы, жігіттер өтінім ресімдеуге көмектесе қойсын, алайда жай ғана жұмыс қондырғысы қай зауытта жасалады, Америкада ма?
ҰТДА өкілдері облысымыздан небары 8 өтінім жинады. Өтінім берушілердің бірі Е. Ғилажев болды. Ол мазутталған топырақты пайдалана отырып, кәсіпшіліктің ішкі топырақ жолдарын салу идеясын ұсынды.
- Атырау мен Маңғыстау өңірлерінің басты пробемасы – жер қыртысының мұнаймен ластануы. Бұларды кәдеге жаратудың бірнеше тәсілдері бар, өз әдісімді ұсынамын. Топырақ құрамы жол-құрылыс ұйымының зертханасында сыналды және барлық құрылыс нормаларын сақтай алады, - дейді профессор.
Биология ғылымдарының докторы, АМУ профессоры Софья САҒЫНДЫҚОВА:
Софья САҒЫНДЫҚОВА.- Біз балық жонынан шұжық дайындауға өтінім береміз, сондай тағы бір идея бар. Сиыр сүтінен айран, көже, шалап сияқты түрлі сусындар дайындалатын болса, түйе сүтінен тек шұбат әзірлейді. Біз ассортиментті көбейткіміз келеді және түйе сүтін астық дақылдарының қайнатпасымен араластыра дайындауға өтінім бердік.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, халықтың инновация тақырыбына қызығушылықтары жыл сайын артып келеді. 2011 жылы 191 өтінім берілсе, 2012 жылы 298 қабылданған. Өткен жылы байқаудың жеңімпазы астаналық гинеколог Марат СҮЛЕЙМЕНОВ жеңіске жеткен. Ол тұрып та, қырымен жатып та босануға мүмкіндік беретін акушерлік кереует ойлап тапқан. Алайда ол кең қолданысқа әлі енгізілген жоқ.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА
Суретті түсірген автор