«Ақ Жайық» редакциясының поштасына Атырау облысындағы екі аудан тұрғындарының қолы қойылған хат келді. Мәселенің мәнісі мынада: тасқын судың салдарынан «Атырау-Индер», «Орал-Атырау» асфальттарын бұзуға тура келген, ал баламалы Махамбет-Таңдай-Х. Ерғалиев жолы жұртшылық көңілінен шығып тұрған жоқ.
29 мамыр күні ТЖ жедел штабы тасқын судың көбеюіне байланысты Таңдай-Х. Ерғалиев жолын қалыпты сақтау үшін «ҚазАвтоЖол «ҰҚ» АҚ тонник қаптарды төсеп жатқандығын хабарлап, көлік қозғалысы қалыпты екенін жеткізді. Бірақ тасқын судың келуі жиілеп, Таңдайға дейінгі шамамен 1,5 км жол су астында қалса, кей жерлерде судың биіктігі 45 см жетті. Бұл жолмен биік көліктер ғана су кешіп өтсе, аласа көліктерге қиындық туғызған болатын. Асфальттан түсіп кетпес үшін жіп керіліп, кейін қапшықтар қойылды.
- Су биік көліктің есігінен де асып тұр. Кілкіген көп су өте қорқынышты, жан-жағыңа қарай алмайсың. Біз күндіз ғана жүріп өткенбіз. Түнде жүру өте қауіпті болғасын «қара жолмен» жүруге тура келді. Көліктердің бөлшектері сыр беріп, бұзылып жатыр. Көбіне судан өткен көліктің моторы істен шығуда. Ал моторды жөндетуге көп ақша керек, егер жаңалай алсаң тіптен қымбатқа түседі. Қауіпті болса да осы жол қысқа, амалсыздан бастарын қатерге тігіп жүргізушілер өтіп жатыр,-дейді Марат есімді жігіт.
3 маусым күні Махамбет ауданының әкімі Қайрат НҰРЛЫБАЕВ жеңіл көліктердің қозғалысы үшін асфальттың жанындағы қыр жолымен кідіріссіз өтіп жатқанын хабарлады. Бірақ осы жол да жергілікті халық үшін тиімді болмай тұр. «Өлі» топырақты жолда көзкөрсетпес қою шаңнан қарсы беттегі көлікпен соқтығысып қалуың мүмкін. «Қара жолдан» да күй кеткен, тегістік жоқ, ой-шұңқыры көп. Жаңбыр жауса көліктер жүре алмай, балшыққа батып жатқаны. Осы жолдың бойында көліктердің жоғалған нөмірлерінен көз сүрінеді.көз түседі – бұл осы жерден жүруге болмайды деген үнсіз ескерту секілді.
- Атырауға ҰБТ-ға төрт оқушыны алып барғанмын. Таксимен баруға тура келді, біз Атыраудан кері Индерге оралғанда жаңбыр жауып, аласа көлік балшыққа батып, шыға алмай қалды. Амал жоқ, көліктен түсуге тура келді, салмақ көбейген сайын көлік бата берді, 6-7 км жаяу жүрдік. Сол күні 30 шақты автокөлік сол жолда балшықтан шыға алмай, далада қалды. Он сағат жүріп, ауылға келдік, - дейді индерлік ұстаз.
- Ең болмаса уақытша болса да қыр жолын тегістеп, жол белгілерін жасап, су шашып қойса дейсің, халықты әкімдер мүлдем ұмытқан. Науқас түгілі сау адамның жайсыз жолдан іш құрылысы қопарылып, өкпең аузыңа түскендей болып отырасың. Еріккеннен қалаға бармайды ешкім, бірі доғдырға, екіншісі шаруасы үшін барады. ҰБТ-ға баратын балалар да бар. Жаз шығып, көп адам еңбек демалысына шығып, қыдырғысы келеді. Әрине, Атырау арқылы пойызға немесе ұшаққа отырасың. Ешкім ерігіп жүрген жоқ, жолды неге жасамай отыр? Тасқын су қайтып, қалада қапшықтарды жинап жатыр, ал екі ауданның халқы тентіреп жүр, бұл не масқара?! Ең болмаса, уақытша болса да жүзбелі өткел, қайық қойса да бір шарасын алатын уақыт болды ғой... Жолдың осындай болу себебінен аудандарда кейбір азық-түлік тапшылығы сезілуде. Саудагерлер мынадай астаң-кестеңі шығып жатқан жолдан тауар тасу пайдасыз дейді. Ал Орал қаласынан әкелу тиімсіз көрінеді. Сонда айналып келгенде халық зардабын тартып жатыр, - дейді «АЖ» поштасына хабарласқандар.
Индер және Махамбет аудандардағы жүкті әйелдер күні бұрын облыс орталығына жіберілген. Болашақ аналардың қандай жағдайда келгенін болжау қиын емес. Бұрын Индерден Атырауға дейін екі сағат уақыт кетсе, бүгінде 6-7 сағатсыз жете алмайсың. Сағаты ұзарған сайын, әрі жолдың жайсыздығынан таксилер бағаны шарықтатып жіберген. Бұрын Индерден Атырауға барып келуі үшін әр адамға 4 мың болса, бүгінде баға 12 мың теңге. Махамбет пен Атырау арасы 6 мың, Индерден Миялы, Сағыз арқылы Атырауға жету үшін 18 мың теңге шамасындай. Индер және Махамбет аудандарының халқы автобус шығару жөнінде бірнеше сауал жолдағанмен, оған құзырлы орындар жауап берген емес.
- Бағаны еріккеннен көтеріп отырған жоқпыз, себебі көлігіңнің бір бөлшегі істен шығып тұрады. Ал моторы кетсе, тіптен қиын. Қосалқы бөлшектердің бағасы ұшынып тұр, оны таба алсаң жақсы, басқа қалаларға тапсырыс беруге тура келеді. Амал жоқ, бағаны көтердік, біз де осы адам тасу арқылы өз күнімізді өзіміз көріп, отбасымызды асырап отырмыз. Жалпы осы жолдан өтіп келген жолаушылар түсінеді, кейбіреулер бағаны өсірдіңдер деп ренжіп жатады, - дейді таксистер.
«Атырау-Индер» бағытындағы жолдың жабылғанына бір ай болды. Баламалы жолдың күйі көңілден шығып тұрған жоқ. 10 маусым күні аудан әкімі Қ. Нұрлыбаев «Атырау-Орал» тасжолының 44 шақырым, яғни Сарайшық ауылы тұсындағы жырылған жерге тұрбалар (шамамен оннан астам) салу басталғанын, бес-алты күнде жұмыс толық аяқталатынын мәлімдеген болатын. Бірақ артынша аудан әкімі ағыстың қатты болуынан үш тұрба ғана салынғанын, бірақ жұмыс жалғасып жатқанын жеткізді.
Жалпы су тасқынынан Атырауға дейін қанша км жол жырылып, ол қаншалықты жасалып жатыр деген сұрақты облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне қойғанбыз. Біздің сұрақтарымызды облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әлібек МҰҚАНБЕТАЛИЕВҚА жолдағанын жеткізді. Алайда арада бес күн өтсе де тұщымды жауап болмауда.
«Жолды жасауды тездетсін, болмаса әкімдер отставкаға кетсін» дейді екі ауданның ашынған жұртшылығы хат соңында.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА