Атырау, 24 қараша 04:33
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Медицинада кездейсоқ адамдар болмайды» - жедел жәрдем дәрігері Амангелді Ақбалиев

692 просмотра

Ол 30 жылдан астам уақыт Атырау облыстық жедел медициналық жәрдем станциясында педиатр дәрігер болып жұмыс істейді. Жүздеген, мүмкін мыңдаған адамның өміріне араша болған.

Амангелді Ақбалиев 1964 жылы 17 маусымда Медицина қызметкері күні Қызылқоға ауданында дүниеге келген. Кейін отбасымен қалаға қоныс аударып, 1981 жылы Гурьев қаласындағы Н.Крупская атындағы №18 мектепті аяқтады. Амангелді Сәрсенұлы мектептен кейін Ақтөбе медицина институтына оқуға түсуге бел буады, бірақ емтиханнан құлап қалады. Бір жылдай сауда саласында жұмысшы болып еңбек етіп, өзін жауапты да еңбекқор маман ретінде көрсете білді.

– Отбасымызда бір қыз, бес ұл болды, мен кенжесі едім. 6-7 жасымда үлкен әпкемнің балаларына бақтым, балалардың тілін табуды үйрендім. Сол кезде балалар дәрігері болғым келген еді. Анам да бала кезімде: «Осы балам дәрігер болады» деп жиі айтатын. Мектепте жақсы оқыдым, бірақ биологияны ерекше ықыласпен оқыдым, өйткені медицина саласында жұмыс істеуді армандадым. Бірақ емтиханнан өте алмай, әскерге кеттім. Бірақ дәрігер боламын деген үмітімді үзген жоқпын, – дейді Амангелді Ақбалиев.

Кейіпкеріміз Одесса қаласында Украина әскери-әуе күштерінде қызмет етті. Орта Азиядан келген жалғыз жауынгер мұнда да ерекшеленді – ол бөлімше командирі болып, үйіне кезектен тыс демалыс алды. Ал анасы ержүрек, батыл ұл тәрбиелеп өсіргені үшін алғыс хатпен марапатталды. Отан алдындағы борышын өтеген Амангелді Ақбалиев туған жеріне келген соң медицина институтына түсу үшін түнімен биологияны оқып, кітаптан қол үзген емес.

– Үйге кетер алдында 3 мың жауынгердің үшеуіне еліміздің кез келген жоғарғы оқу орнына тегін түсуге жолдама берілді. Бағыма орай мен грант иегерлерінің бірі болдым. Бұл менің өмірімдегі ең бақытты сәттердің бірі болды, өйткені арманым маған бір қадам жақындай түсті, - деп бөлісті Амангелді Ақбалиев.

Үйге келген соң туыстары Амангелді Сәрсенұлын жалақысы жоғары мамандық таңдап, Алматыдағы жоғары оқу орнына түсуге көндірмек болды. Алайда кейіпкеріміз арманынан айнымай, Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына оқуға түсіп, педиатр мамандығын таңдайды. Бұл жерде де өзінің білімімен, еңбекқорлығымен ерекшеленді, кешке дейін кітапханада отырып, ғылым туралы кітаптарды зерделеді. Оған өз саласының мамандары – еврейлер, немістер, грузиндер, болгарлар білім берді. Сондай-ақ экономика ғылымдарының докторы, Парламент Мәжілісінің бірінші төрағасы Марат ОСПАНОВТЫҢ дәрісін тыңдады. Бұл күндері Ақтөбедегі Батыс Қазақстан медицина институты ұстазының есімімен аталады.

Амангелді Ақбалиев институт қабырғасында өз тағдырын – сол кезде терапевт дәрігері мамандығы бойынша оқып жүрген Шолпанды кездестірді. Сөйтіп институттың төртінші курсында оқып жүргенде Ақтөбе облысы Алға ауданының қызына үйленді. Оқу орнын бітірген жас жұбайлар Амангелді Сәрсенұлының туған жері Гурьевке оралды. Бұл жерде сұхбаттасушымыз дәрігерлік қызметін Гурьев жұқпалы аурулар ауруханасында, ал Шолпан Кенжебайқызы Гурьев туберкулезге қарсы ауруханасында бастады. Кейін екеуі де №3 қалалық емханаға ауысты. Шолпан Ақбалиева әлі күнге дейін №3 қалалық емханада қызмет етеді. Қазір ол емхана меңгерушісі. Ал Амангелді Сәрсенұлы 1996 жылдан бері жедел жәрдем станциясында жұмыс істейді. 33 жыл еңбек еткен жылдары ішінде жоғары лауазымды қызметтерді де атқарды – жедел жәрдем станциясының бас дәрігері, қалалық денсаулық сақтау басқармасында басшының орынбасары, қаланың бас дәрігері болды. Бірақ ол науқастармен жұмыс істегісі келетін, сөйтіп, басшылық лауазымдардан үзілді-кесілді бас тартты. Басқа дәрігерлермен және фельдшерлермен бірге шақыртуларға барады, алғашқы дәрігерлік көмек көрсетеді. Ата-анасының ісін қызы Раушан Ақбалиева жалғастырып келеді. Ол да М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина институтында терапевт мамандығы бойынша білім алған. Бес жыл бойы №3 қалалық емханада, «Аман-саулық» емханасында терапевт болып жұмыс істеді, қазіргі таңда Еркінқала ауылдық дәрігерлік амбулаториясында бас дәрігердің орынбасары.

Еңбегі үшін Амангелді Ақбалиев жоғары медициналық награда – «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Қазақстандағы «Алтын дәрігер» марапатының иегері атанған санаулы дәрігерлердің бірі, «Денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды. Сондай-ақ, президенттің Жарлығымен кейіпкеріміз «Қазақстан Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды, бұдан басқа көптеген алғыс хаттары да бар. Сондай-ақ 2011 жылы Атырау облысында Азия ойындарының алауын жағушылардың бірі болып, эстафетаны алып өтті. 

Көпшілік Амангелді Сәрсенұлын спортшы ретінде де таниды. Бокстан спорт шеберлігіне кандидат, волейбол, футбол ойнайды, жедел жәрдем стансасындағы спорт үйірмесін ұзақ жылдар бойы басқарып келеді. Оның командасы жыл сайынғы медицина қызметкерлері арасындағы спартакиадада бірінші орын алып жүр.

– Медицинада кездейсоқ адамдар болмайды. Бірінші курста-ақ көбі институтты тастап, тек ең батыл және өз мамандығын сүйетіндер ғана қалады. Көп жағдайда науқастың тағдыры бізге байланысты болғандықтан, адамдарды құтқару – біздің міндетіміз. Осы салада жүргеніме қырық жылдай болды. Дәрігер мамандығын таңдағаныма еш өкінген емеспін.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

17 маусым, 15:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.