«Ақ Жайық» редакциясының тілшісі бұған дейін 17 мың адам үшін баспана салу жоспарланған Индербор ауданындағы су басқан аумаққа құрылыс салу мүмкін бе, жоқ па, анықтаған еді.
Жайық өзенінің оң жағалауына (сол жағалауында Индербор кенті орналасқан - Л. Қ.) қарай өсу бағыты бойынша жасалынған егжей-тегжейлі жобаны іске асыру қызу пікірталас тудырды.
Су басқан аумаққа халық қоныстандырылады ма деген «АЖ» сауалына жауап берместен бұрын, аудан әкімі Дарын ШАМҰРАТОВ Мәслихат депутаттары, қоғамдық Кеңес мүшелері, тәжірбиелі мамандардың басын қосып, жиын өткізді.
Ұсынылған ақпарат бойынша, Индербор кентінде баспана салуға жер сұраған 6 мыңнан астам адамның арызы жатыр. Кентте 2017-2019 жылдары «Болашақ» ықшам ауданынан 80 адам қоныстанғаннан кейін жер беру мүлдем тоқтады. Арыз берушілер арасында 903 адам Аққала ауылынан, қалғандары Индербор кентінің тұрғындары. Олар бес жылдан бері инженерлік инфрақұрылым жұмысы бітпегендіктен жер ала алмай келеді.
2010 жылғы бас жоспарда көрсетілгендей, кенттің өсу бағыты Жайық өзенінің оң жағалауында болады деп жоспарланды. Экс-әкім Серік АРЫСТАН Индербор кенті Жайықтың оң жағалауына (Елтай округіне қарасты Аққала ауылы жағы) қарай кеңейеді деп мәлімдеп, кейін бұл сөзінен айнып қалды. Ол егер Аққаланы Индербор кентіне қосса, онда Елтай округтік статусынан айрылады деді. Бірақ жоба қорғалып кетті.
- 2022 жылы кенттің оң жағалау бөлігінің егжей-тегжейлі жоспарлау жобасының құны 35 млн теңгеден астам қаржыға жасалып, жобасы тапсырылған болатын. Топырағы, жерасты сулары толық зерделенген. Таңдалған аумақтың жер көлемі 1208 гектарды құрайды. Бұл аймаққа 17102 тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін 3117 жер учаскесі беріледі деп жоспарланса, бұдан бөлек 7 мектеп, 450 төсектік аурухана (жедел жәрдем, т. б.), 600 орындық емхана, спорт кешендері, мешіт, коммерциялық сауда орындары, әкімшілік ғимараттары, халыққа қызмет көрсету орталығы, өрт сөндіру бекеті, ипподром, мал базары, саябақ, стадион, қосалқы электр станциясы, телекоммуникация, т.б. қарастырылған. Су басу қаупіне байланысты бөгет тұрғызу да жоспарланған. Айта кету керек, Жайық өзенінің көпір тұсына («Атырау-Орал» тас жолының Индерден шыға берістегі 7 км жол тұсы) нысандар салу белгіленсе, ал тұрғын үйлер биіктеу жерге орналаспақшы болып белгіленген. Ал 7 км жолдың Елтай жақ бетіне подстанция салынады десе, жалпы бұл аймақ екінші Индербор кенті болады деп жоспарланған еді, - дейді аудан әкімі аппаратының мемлекеттік құқық, төтенше жағдайлар және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау бөлімінің басшысы Алтынбек ҒАБДУЛЛИН.
- Индер ауданын тасқын судан қорғану үшін бөгеттер тұрғызды. Десе де «Атырау-Орал» тасжолының Индербор кентіне кіре беріс 7 км жолының айналасы Аққала және Елтай бағытынан келген сумен толды. Жолдың бойында сегіз сай бар, жолды судан қорғау үшін көп күш жұмсалды. Дәл осы жерлерге болашақта аудан халқын орналастыру мүмкін бе?
- Мүмкін емес, 100 жылда бір рет суға кеткен жерге құрылыс салынбауы керек, маман ретінде айтып отырмын. Осы жобаны жасақтау кезінде басынан аяғына дейін болып, қарсы екенімді білдіргенмін, бірақ оны ешкім тыңдаған жоқ. 1993-1994 жылдары су тасқыны болған кезде дәл осы жерлердің басым бөлігін су басқан болатын. Биыл тағы да сол жерлер су астында тұр. Жобаға жұмсалған ақша кетсе кетсін, 17 мың халықты суға кетіріп отырамыз ба, жобаны өзгертуіміз керек, - деді кәсіпкер Керімбай САБЫРҒАЛИЕВ.
Бұдан бөлек пікір білдірген «Дендер» газетінің редакторы Жанай АМАНТУРЛИН, зейнеткер Шафхат ҚОМАШЕВ та бұл жобаны бұзу керектігін айтты.
- Бұл жоба ертерек, 2004-2005 жылдары қарастырылды. 2022 жобасы жасақталып, қаржы бөлінді, оған өзім қатыстым. Қарастырылған 1208 гектардың 400-500 гектары су баспайтын аймақ. Қалған 700 гектарын су басатын болғандықтан бас жоспарда бөгет салу белгіленген. Айтуларыңыз дұрыс, егер бұл жерлер су астында қалса, бүкіл бас жоспардың қаржысы шығады. Бірақ менің ұсынысым, бұл қорғалған жобаны лақтырып тастамай, су бармайтын аймағын пайдалану керек деп ойлаймын, онда 10 мың халық кетер еді, - дейді сол кезде аудандық құрылыс бөлімінің басшысы болған Бауыржан ИМАНҒАЗИЕВ.
«Италияның өзі су астында тұр»
- Несіне қорқамыз? Италияның өзі су астында тұр емес пе... Керек жерлерді алып, халыққа баспана салуға беру керек, үй салғысы келіп отырған адам көп. Мына жобаның қаржысы халықтың ақшасы емес пе, - деді зейнеткер Бағытжан ҚОНАСОВ.
- Биыл су тасқыны кезінде 2 км бөгет соғылып, жалпы аудан көлеміндегі ауылдарды аман алып қалдық. Осы бөгеттерді күзетіп тұру көп күш болды, қиындығын көрдік. Қорғалып кеткен жобада бөгеттер арқылы қауіпті аймақты қорғап қала аламыз ба деген сұрақ туындап тұр. Сол үшін бөгетті тиімді нұсқа деп қарауға болмайды. Аққаладағы 903 гектардың жанындағы қауіпсіз жерлерді игеруге ұсыныс етемін. Егер Сіздер қолдасаңыздар, қай жері биік, қауіпсіз екенін таңдауымыз керек. Қанша гектар пайдалануға жарамды екенін анықтап, ал қалған бөлігін жарамсыз деп тану керектігін ұсынамын, - деді Д. Шамұратов. - Келешекте кентті Бөдене ауылы бағытына қарай орналастыру қажет болуы мүмкін. Бұл әлі талқыланады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор