2023 жылы тұрмыстық зорлықтан 923 адам өлген. Дәл осындай трагедияның алдын алу үшін тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңға өзгерістер енгізілді. ІІМ өкілдері оларды түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша полицияға түскен шақыртулар:
- 2020 жылы – 179 096
- 2021 жылы – 155 177
- 2022 жылы – 115 526
- 2023 жылы – 99 026
- 2024 жылдың 4 айында – 28 189
Тұрмыстық саладағы қылмыстық құқық бұзушылықтар саны (денсаулыққа ауыр зиян келтіру және кісі өлтіру):
- 2020 жылы – 1071
- 2021 жылы – 1022
- 2022 жылы – 935
- 2023 жылы – 923
«Кісі өлтіру бабында баланы өлтірген жағдайда өмір бойына бас бостандығынан айыру деген жаза қосылды. Денсаулыққа ауыр зиян келтіру мен орташа ауырлықта зиян келтірудің жазаларынан біз бостандықты шектеу жазасын алып тастадық. Алдағы уақытта олар тек қана бас бостандығынан айырылатын болады. Ұрып-соғу мен денсаулыққа жеңіл зиян келтіру баптары осы жаңа заңмен қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Сондай-ақ тағы да айта кетейін, қинау деген бап бар. Сол қинау бабы бойынша да Бас бостандығын шектеу жазасы алынып тасталды. Жаза тек бас бостандығынан айыру. Тағы да Қылмыстық кодекске бұрын болмаған жауапкершілік енгізілді. Ол 16 жасқа толмаған жасөспірімдерге қатысты жыныстық қолсұғушылық жасаған тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылады», – ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақмарал Серікбаева.
Заң «әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» деп аталғанымен, ол бәріне ортақ болады. Яғни, барлық азаматтың құқығы бірдей қорғалады.
«Көптеген жағдайлар кездеседі. Ер адамдардың әйелдерге күш көрсетуі ғана емес, кейде әйелдердің өзі агрессия көрсетіп жататын кездер болады. Бағынбаушылық білдіріп, қызметкердің талаптарын орындамай… Жалпы полицияға ер адамдар да, қыз-келіншектер де, жасөспірімдер де хабарласып жатады», – деді Астана қаласы ПД патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторы Шыңғыс Ахимов.
«Жәбірленуші тарап қоңырау шалуы мүмкін немесе көршілер шудың арқасында хабарласуы мүмкін. Кім қатты агрессия білдіріп жатады, сол кісіні біз заң аясында жақын арадағы полиция басқармасына міндетті түрде жеткіземіз. Одан ары қарай басқа да құқық бұзушылықтар орын алмау мақсатында», – деді Астана қаласы ПД патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторы Мейіржан Ұлтанбай.
Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласына отбасының барлық мүшелері кіреді.
«Тіптен, бұрын бірге тұрған азаматтар, бұрын ерлі-зайыпты болған ажырасқандар немесе ортақ баласы барлар, бір үйде бірге тұратындар, сондай-ақ жақын туыстардың барлығы жатады. Бұл жерде жәбірленуші отбасының кез келген мүшесі бола алады. Сондықтан жәбірленуші кім болса да, оған кез келген көмек көрсетіледі», – деді Ақмарал Серікбаева.
Жалпы заңның негізгі мақсаты – қылмыстық қудалау емес, керісінше тұрмыстық саладағы қайғылы жағдайлардың алдын алу, адамдардың өздерінің әрбір әрекетіне деген жауапкершілігін арттыру.
«Мұндай санаттағы істер әрдайым біздің бақылауымызда. Ұрып-соғу мен денсаулыққа жеңіл зиян келтірудің қылмыстандырылуына байланысты бастапқыда арыздар көп болуы мүмкін. Бірақ одан кейін арыздар азаяды деп ойлаймын. Біз бұған дейін де денсаулыққа ауыр зиян келтіру, кісі өлтіру істерін тергеп келдік. Осы жаңа заң жәбірленушілердің құрбан болуының алдын алуға бағытталған», – деді Астана қаласы ПД тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Алима Жамалиева.
Заңда тағы бірқатар маңызды мәселелер қарастырылған. Енді кәмелетке толмағандарды кез келген көлік түрінен мәжбүрлі түрде шығарғандар, балаларын қауіпті жағдайда қалдырған ата-аналар және кез келген азаматқа қатысты буллингке жол бергендер әкімшілік жауапкершілікке тартылады.