Маусымның 3-8 аралығында елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу өтті. ҰБТ Қазақстанда 2004 жылдан бастап енгізілген еді.
Атырау облысының білім саласындағы бақылау департаментінің директоры Артур ЕДІЛХАНОВТЫҢ айтуынша, осы жылдар бойы мектеп түлектерінің білімін объективті бағалауға, білім гранттарын бөлуде әлеуметтік әділдікке қол жеткізілген. «ҰБТ білім беру саласындағы қызметтер сапасы туралы объективті мәліметтер алуға мүмкіндік береді», - дейді Еділханов. Тест өткізілген бір күні Х. Досмұхамедов атындағы АМУ алдында тұрып, басшының бұл тұжырымына күмәнданғандай болдым. Оқу орны алдына оқушылар, әдеттегідей, таңғы сағат 7-ден жинала бастады. Бір-біріне әзіл айтқан түлектер қобалжуларын білдіргісі келмейді. Осы бір сәтте, автотұрақта тұрған шетелдік көліктің ішіне кезектесіп кіріп, мәз болып шығып жатқан бір топ талапкерлерді көзім шалды. Алғашында мән бермеген едім, алайда балалардың бір-біріне «Ал сен қанша бердің?» деген сөздері елең еткізді. Көлік қозғалып кеткеннен кейін, түлектерден жайлап сөз тартқанымда, белгісіз біреулердің 5 мың теңгеге ішке телефон алып кіруге көмектесетінін білдім. Іштен қолына телефон тиген талапкер тест сұрақтарын суретке түсіріп, сыртта күтіп тұрған үздік оқытушылардан құралған «топқа» жібереді. Ал бұл «топ» өз кезегінде әр сұраққа жауап беріп, оларды суретке түсіріп, талапкерге кері салады (желі тұншықтырғыштардың қосылып тұрғанына қарамастан, көпшіліктің айтуы бойынша байланыс әлсін-әлі шығып тұрған). Ата-аналардың айтуынша, бір сұраққа берген әрбір дұрыс жауабы үшін мұғалімдерге 1 мың теңге төлеген. Тест 5 пән бойынша 125 сұрақтардан тұрады (әрқайсысында 25 сұрақ). Пән мұғалімдерінің сол күні әр талапкерден 25 мың теңге алғанын есептеп шығу қиын емес. Тест тапсырып шыққан қыз баланың «Қалай өттің, қандай сұрақтар болды?» деген сауалыма: «Жақсы өттім, қандай сұрақтар келгенін білмеймін, тест бетшелерін суретке түсірдім де, сыртқа жібердім, келген жауапты белгілей қойдым» деген жауабы мені қатты қынжылтты. Бұл жалғыз мысал бола қоймас.
Қайырбек САНСЫЗБАЕВ