Атырау, 25 қараша 22:42
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Қаладағы сасық полигон

3 724 просмотра

Редакцияға Лесхоз ықшам ауданындағы жеке сектор тұрғындары осы ауданда орналасқан кәріздік сорғы стансасының (КСС) жұмысына шағымданып хабарласқан болатын. Жыл он екі ай бойы бүкіл қаланың кәріздік лас суын осындағы жалғыз шұңқырға әкеліп құятындықтан, бұл жердің тұрғындары «таза ауамен демалуды ұмыттық, үнемі сасық иіс мүңкіп тұрады» дейді.

Таң атқаннан кеш батқанға дейін бұл жерде лас су соратын вакуумды автокөліктердің ұзын сонар кезегі тұрады.

Мекеменің машинисі Жамбыл БАЙДӘУЛЕТОВ жағдайды былайша түсіндіріп берді:

- Мына тұрған машиналардың көпшілігі жекеменшікке тиесілі. Әрқайсылары «Атырау Су Арнасы» КМК-мен келісімшартқа отырған. Қазір бүкіл қаланың кәріздік лас суын, жұмыс жасап тұрған екі мал базарында сойылған малдың қанын, бәрін осында әкеліп құяды. Шағын вакуумдар көбінесе жеке тұрғын үйлердің септиктерін сорса, үлкен вакуумдар үлкен кәсіпорын, мекемелердің сасық суын тасиды. Халықтың шағымы дұрыс әрі орынды. Себебі мына жерде демалу мүмкін емес. Құймайтындары жоқ. Негізінен қаланың  сыртында орналасқан станса бар ғой. Соған төксе, жақсы болар еді, бірақ бұл менің қолымнан келетін іс емес.

Жантемір МИРМАНОВ,  Лесхоз ықшам ауданының тұрғыны:

- Бұл КНС кәріздің лас суын қала сыртындағы «поле испарения» деп аталып кеткен полигонға айдауға арналған нысан. Бұл нысанды салған кезде дәл осы жер қаланың шеті, далалық болатын. Ал қазір бұл жер көпшіліктің тұрғылықты мекеніне айналды. Бұл жерге күніне 25-30 вакуум автокөліктері келіп, таңертеңнен кешке дейін «боқ» суларын құяды. Осы жерден тараған сасық иістен біздер де, балаларымыз да демалудан қалдық. 2010 жылы тұрғындар болып жиналып, баспасөзге хабарлап, СЭС пен әкімшілік өкілдерін шақыртып, талап қойып, лас суды құюға тыйым салдырып едік. Бірақ 2012 жылдан бастап осы проблема қайта басталды. Қала әкімінің атына тағы да 2 мәрте хат жазып, олардан үстіртін жауап алдық. Енді, «Атырау Су Арнасы» КМК жақында тағы да қосымша құдық қаза бастады. Сонда біздің тұратын жеріміз кәріз полигонына айнала ма? Неге қала сыртындағы стансаға құймайды?

Ләйлә БАҚЫТҚЫЗЫ, тұрғын:

-Үйімізде біз тіпті терезе аша алмаймыз, үнемі жауып қоюға мәжбүрміз. Құдыққа құйғасын, шлангаларын сүйретіп, бойындағы лас суды жол бойына төгіп кетеді. Қыс мезгілінде ол тіпті қатып, көктайғаққа айналады. Тіпті, жыл сайын ұшып келетін құстарым бар еді, оларды тамақтандыратынмын, соңғы 1-2 жылда олар да көрінбей кетті. Мына жерде ұшқан қарға да жоқ шығар. Сонда біз қашанғы сасық иіспен демаламыз? Халықтың талабы – не болмаса стансаны көшіріңдер, не болмаса бізді көшіріңдер.

Осы мәселе жөнінде комментарий алу үшін біз «Атырау Су Арнасы» КМК-ның жұртшылықпен байланыс бойынша менеджері А.ПАСТУХОВҚА жолыққан едік: 

- Атырауда кәріздік қалдық суларға арналған екі ағызу нүктесі белгіленген -  Лесхоздағы 2-КСС және Нұрсая ықшамауданындағы КСС.

Бұл КСС-тер қала бойынша негізгі нүктелер болып табылады және осы жерге қаланың оң жақ бөлігінің қалдық сулары жиналады. Әрі қарай бұл сулар арынды коллекторлар арқылы кәріздік-тазалау құрылғысына айдалады.

КСС маңынан жер телімдерін ұсынарда иелеріне телімдердің қаланың оң жақ бөлігінің қалдық суларын жинайтын негізгі нүктелерге жақын орналасқандығы жөнінде алдын ала ескертілген.

Қазіргі уақытта Лесхоз ықшамауданындағы 2-КСС аумағында ағызу үдерістерін жеделдету және вакуумды автокөліктер кезегін қысқарту үшін «Атырау Су Арнасы» КМК қосымша құдық салып жатыр.

Атырау облысы бойынша экология департаментібасшысының орынбасары, Атырау облысы бойынша бас мемлекеттік экологиялық инспектор Руслан ТӨКЕНОВ:

- Лесхоз ықшам ауданындағы сорғы стансасы Атырау қаласының әкімиятының «Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Атырау Су Арнасы» КМК меншігінде болғандықтан сорғы стансасын көшіру мәселесі Атырау қалалық әкімдігінің құзыретінде.

Департамент тарапынан аталған жерге экологиялық талдау жұмыстары жүргізіліп, сынамалар қорытындылары алынып, қоршаған ортаға белгіленген нормативтермен салыстырылып отыр. Қазіргі уақытқа дейін нормативтен артық екендігі байқалған жоқ.

Атырау қаласында әр ықшам аудандарда Аджип компаниясымен орналастырылған және Атыраугидромет орталығына қарасты ауа сапасына мониторинг жүргізетін автоматтық стансалар бар: Авангард, Шағала, Химпоселок, Восток, Привокзальный, Облыстық әкімдік, Жилгородок, Өнерпаз, Атыраугидромет. Аджип ҚКО және Атыраугидромет орталығымен берілген стансалардың мәліметі бойынша қоршаған ортаға қауіпті жағдайлар орын алмаған.

Қоршаған ортаға ластаушы заттардың белгіленген нормативтерден асқан жағдайда тиісті шаралар алынатындығын хабарлаймыз.

Ал сіз КСС жанында 5 минут тұрып көріңіз, бұл жерді енді көрместей боласыз. Тұрғындар болса, соған шыдап келеді. Бірақ, шыдамның да шегі бар... 

Жағымсыз иістен әбден мезі болған тұрғындарды өткен аптаның жұма күні тағы бір «тосын сый» күтті. Станса жанындағы автокөлік жолының ортасы ойылып түсті. Шұңқырдың іші осы сасық суға толы. Ал осы жолдың келесі бетінде тұрғын үй орналасқан, енді лас су үйдің астына қарай бойлап барады. Бұл балалар үшін үлкен қауіп (суретте).

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суреттерді түсірген автор және Жеңіс Тұңғатаров.

20 маусым 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.