Атырау, 27 желтоқсан 07:11
 бұлттыВ Атырау -3
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Өтінімдер ғаламторда тіркеледі

2 176 просмотра

Облыстық прокуратурада Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Ерғали МӘБИЕВТІҢ (суретте) қатысуымен кеңес болып өтті.

ҚЫЛМЫСТЫҢ ӨСІП КЕТКЕНІН БІЛМЕППІЗ

Облыс бойынша үстіміздегі жылдың 5 айы ішінде қылмыс саны өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 34,8 пайызға өскен. Қылмыс Қазақстанның бүкіл өңірі бойынша, мәселен, Ақтөбе облысында 60,5 пайызға, Маңғыстау облысында –65,2 пайызға, Батыс Қазақстан облысында – 22,6 пайызға өскен. Бұл цифрлар құқықтық статистика комитеті қылмыс есебінің жүйесін қайта құрғаннан кейін анағұрлым ақиқатқа жақындаған деп есептейді Е.Мәбиев.

Комитеттің бүкіл дерекқоры бірнеше ақпараттық жүйеге негізделген. Бірінші – орын алған қылмыс туралы арыз қабылдаудан бастап сот үкіміне дейін қылмыстық процестің бүкіл кезеңінде құқыққорғау органдары жұмысының ашықтығын қамтамасыз етеді. Екінші – барлық арнайы есептің дерекқоры. Ол жерге қылмыстар туралы мәліметтерден бөлек, жемқорлар, экстремистер, террористер, жағымсыз әрекеттері үшін жұмыстан босатылған мемлекеттік қызметкерлер туралы жаңа мәліметтер түседі. Үшінші – саусақ таңбаларының дерекқоры.

Комитет сайтында азаматтардың қылмыстар мен оқиғалар туралы өтінімдері мен хабарламаларын электрондық тіркеу кітабы орналасқан.

- Бұрын полицейлер түскен шағымдарды тіркемей, жасыра алатын еді, бұрынғы тіркеу жүйесі осыған мүмкіндік беретін, - дейді Е. Мәбиев. – Ел ауқымында қылмыстың ашылу санының соңында жүргенде мыңдаған қылмыстар есепке алынбай қалатын. Қазақстан президенті жанындағы Қауіпсіздік кеңесінің шешімімен осы проблеманы шешу үшін «ашылу» термині, біріншіден, енді ауыр және аса ауыр қылмыстарға ғана қатысты қолданылады. Екіншіден, қағаз журналдар жойылып, өтініштерді есепке алу кітабының (ӨЕК) бірыңғай дерекқоры құрылды. Азамат полицияға шағымданған жағдайда, кезекші бөлімнің қызметкері біздің комитеттің сайтындағы ӨЕК-ге электронды кәртішкені тіркейді. ӨЕК-ге түсетін хабарламалар қылмыстық, әкімшілік құқықбұзушылық және расталмаған хабарламалар деп бөлінеді. Әр хабарлама терезесінде қабылданған шешім туралы баған болады, енгізілген жазбаны жою мүмкін емес. Одан басқа, Қылмыстық кодекске құқыққорғау органдары қызметкерлерінің қылмысты жасырғаны үшін жауапкершілік қарастырған бап енгізілген.

Ашықтық арқасында біз алғаш рет соңғы жылдар ішінде ақиқатқа жақындайтын қылмыстық мәліметтер алдық. Егер реформа басталғанша ел бойынша жылына 130 мың қылмысқа дейін тіркелген болса, енді 2012 жылдың қорытындысы бойынша 287 мың қылмыс тіркелген. Ал біз бірнеше жыл бойына қылмыстың азайғандығы туралы айтып келген едік...

Қазір өтінім берушіге полицияға шағымданған кезде алған жыртпалы талонның нөмірін енгізсе жеткілікті, комитет сайтының қылмыс туралы өтінімді бақылау терезесінен ол істің қаралу барысы туралы, тергеушінің фамилиясы мен қабылданған іс жүргізу шешімдері туралы ақпаратты көре алады.

«Міне, нақты мысал»деген сөзбен Е. Мәбиев сайттан Атырау тұрғыны К.-ның үстіміздегі жылдың 1 маусымында берген өтінімін ашты. Ол жерде «қылмыстық іс қозғаудан бас тартылды» деп жазылған. Мәбиев «Егер азамат шешіммен келіспесе, онда өзінің келіспейтіндігі туралы Бас прокуратураның www.115.kzпорталына хабарлама қалдыра алады. Егер іс полицияның шұғыл араласуын талап етпесе, онда осы порталға қылмыс жасалғаны туралы бастапқы хабарламаны да жолдай алады».

 

АҚПАРАТ ҚОРҒАЛҒАН

Ел ауқымында сараптама тағайындауға байланысты қылмыстық істерді негізсіз тоқтату проблемасы өткір тұр. Осы проблеманы шешу үшін комитет Оңтүстік Қазақстан облысында сараптаманы қайта есепке алу жөнінде эксперимент жүргізді. Мәселе мынада, кей жағдайда сараптамалар нәтижелерін тергеу ісі жылдар бойына талап етпейді де, ол тұйыққа тіреледі екен. Жақын арада комитет сайтына сараптамалар бойынша дерекқор енгізілетін болады.

Жедел қызметкерлер, тергеушілер, соттар мен прокурорлар үшін сайтта мемлекеттік органдардың 49 дерекқорынан анықтамалық ақпараттар ұсыну қызметі енгізілген. Атырауда бұл портал келесі аптада қолжетімді болады. Бұл жерден егер құқыққорғау органдары қызығушылық танытса, азаматтың мүлкі, мәмілесі, бір жерден екінші жерге ауысуы, құқық бұзушылығы, сотты болғандығы, нотариалдық әрекеттері және т.б. туралы ақпарат алуға болады.  Осы жыл бойына қорға тағы 12 мемлекеттік органдардың – мемлекеттік шекараны кесіп өту, салықтар туралы мәліметтері енгізілетін болады. Ақыр аяғында, құқыққорғау органдарының жұмысы үшін дерекқорға 75 мемлекеттік органның дерекқорлары енгізілетін болады.

Мәбиев былай деп мәлімдеді:

- Бұл қылмысты ашуға және қадағалау қызметтерін жүзеге асыру үшін прокурорларға қызметтік уақытты үнемдеуге көмектеседі. Прокурорлар мен тергеушілердің қызмет бабымен қолдануына арналған дерекқорлар жауапты тұлғаның электронды қолы арқылы ашылмақ. Комитет сайтының осы бөлігінің анықтамалары электронды қорғаныс кодтарына ие болады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Жеңіс ТҰҢҒАТАРОВ

20 маусым 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.