Армениядағы "Отан үшін Тавуш" оппозициялық қозғалысы Армян апостол шіркеуінің архиепископы Баграт Галстанянды премьер-министр лауазымына ұсынды. Бұл жөнінде оппозиция жетекшілерінің бірі Гурген Меликян Ереванда өткен митингіде мәлімдеді деп хабарлады Азаттық радиосы"Эхо Кавказа" сайтына сілтеме жасап.
4 мамырда Әзербайжанмен шекаралас Киранц ауылынан наразылық шеруін бастаған қозғалыс белсенділері 9 мамырдан бері Ереван мен елдің басқа да өңірлерінде митингілер мен акциялар өткізіп жатыр.
Олар Әзербайжанмен шекараны делимитациялау процесіне келіспейді, оппозиция премьер-министр Никол Пашинянның қызметтен кетуін, уақытша үкімет құруды талап етті.
Жексенбі, 26 мамырда олар үкіметтің саяжай кешеніне барды. Митингіде сөйлеген Галстанян премьер-министр Пашинянмен кездесуді күтетінін мәлімдеді. Наразылар кейін қала орталығына оралды.
Пашинян жексенбіде елдің солтүстігінде су тасқынынан зардап шеккен аудандарға барған. Бұл ақпаратты оның баспасөз қызметі таратты. Арменияда тасқын салдарынан үш адам қаза тауып, екеуі хабар-ошарсыз кетті деп хабарлады Азаттық радиосының Армян қызметі.