
Атырауда Кеңөзек ауылдық округіне қарасты “Қайнар” ықшамауданының тұрғындары коммуналдық мәселелерге байланысты тағы да жиналды. Тұрғындар коммуналдық мәселелерді талқылау үшін бұған дейін қыркүйекте жиналған. Олардың айтуынша, ықшамауданға электр, газ және су желілері тартылғанымен, үйлер әлі күнге дейін оларға қосылмаған. Тұрғындар электр жарығының жоқтығынан аумақта ұрлық жиілегенін де айтып шағымданды.
“Қайнар” ықшамауданының тұрғыны Жанна Нұрғазиеваның айтуынша, инженерлік инфрақұрылым құрылысы 2023 жылы жүргізілген. Сол кезде электр бағаналары орнатылып, кәріз құдықтары салынып, су мен газ құбырлары тартылған. Ал жер учаскелері тұрғындарға 2024 жылдан бастап беріле бастаған. Жанна Нұрғазиеваның өзі жер телімін 2025 жылы алған.
Алайда инженерлік желілер әлі күнге дейін іске қосылмаған. Соның салдарынан жер иелері үй құрылысын аяқтап, баспаналарына толық қоныстана алмай отыр.
Жанна Нұрғазиеваның айтуынша, ол бұл мәселе бойынша әкімдікке жүгінгенімен, жауапты қызметкерлер мәселенің өз құзыреттеріне жатпайтынын айтқан.
- Биыл жаздан бері қалалық құрылыс және инфрақұрылым бөліміне барып жүрмін. Жарты жылға жуық уақыт өтті. Әр барған сайын құжаттарды тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне жібереміз деп шығарып салады. Бірақ әлі күнге дейін нақты нәтиже жоқ, – дейді ол.
Тұрғынның сөзінше, құрылыс бөлімінің өкілдері құжаттардың тиісті мекемеге қашан жолданатынын және инженерлік желілердің қашан іске қосылатынын нақты айта алмаған. Соңғы рет жиында да сол, нақты жауап бермеген.
Жанна Нұрғазиева “Қайнарда” тұратын Абзал есімді азаматтың жағдайын да мысалға келтірді. Ол биыл отбасымен бірге құрылысы толық аяқталмаған үйіне көшіп кірген. Оның екі кішкентай баласы бар. Жаннаның айтуынша, үйде ішкі әрлеу жұмыстары аяқталмаған, цемент шаңы бар, жылу жоқ. Балалар жиі ауырады екен. Алайда пәтер жалдауға қаржысы жетпегендіктен, отбасы өз үйінде тұруға мәжбүр.
Құрылыс тоқтап тұр, ал материалдарды тонап жатыр
“Қайнар” ықшамауданының тағы бір тұрғыны Сәтжан Шадатовтың айтуынша, былтыр бұл аумақтан 2007 жылдан бері жер кезегінде тұрған азаматтарға учаскелер берілген.
Сәтжан Шадатов та былтыр үй құрылысын бастап, қабырғаларын көтеріп, шатырын жауып, есік-терезелерін орнатқан. Алайда инженерлік желілердің қосылмауынан үй құрылысы әлі аяқталмаған.
Оның көршісі үйін салып бітіріп, қоныстанып үлгерген. Ал Сәтжанның құрылыс материалдары қоршалмаған ауласында жатыр. Аумақта ұрлық жиілегендіктен, ол көршісінен материалдарына көз қырын салып, ұрланып кетпеуін қадағалауды өтінген.
Сәтжан Шадатовтың сөзінше, бұған дейін аумақта электр трансформаторы мен құрылыс материалдары ұрланған. Жақында электр кабельдері де қолды болған. Соңғы оқиға мүлкі бірнеше рет ұрланған тұрғынның орнатқан бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
Жанна Нұрғазиева да электр сымдарын алып жатқан адамдарды тұрғындардың байқағанын айтады. Оның сөзінше, олардың мінген пикап көлігі мен киімдері белгілі бір мекемеге қатысы болуы мүмкін деген күдік туғызған. Сондай-ақ олардың жанында электр бағанасына көтерілуге арналған арнайы жабдық болған. Жанна тұрғындардың оларды оқиға орнында ұстағанын да мәлімдеді. Бұл жағдай шамамен 200 адам бар тұрғындардың ортақ WhatsApp тобында талқыланған.
Алайда бейнежазбадағы адамдардың кім екені, олардың қандай да бір мекемеге қатысы және электр сымдарының ұрлануына қатысы бар-жоғы әзірге ресми түрде расталған жоқ.
«Әкімдік тарапынан бұл мәселелер әлі шешімін таппай отыр. Жарықты қосамыз деп айтады, бірақ оған да біраз болды. Әлі жоқ», – дейді Сәтжан Шадатов.
Жанна Нұрғазиева да электр желілері уақытында іске қосылғанда жағдай басқаша болар еді деп есептейді. Оның пікірінше, жарық берілсе, жер иелері құрылыс жұмыстарын жандандырып, үйлеріне қоныстанар еді. Аумақта адам көбейіп, электр сымдарының ұрлану қаупі де азаяр еді.
Әкімдіктің жауабы
Қайнар ықшамауданындағы су, газ және электр желілерінің не себепті үйлерге қосылмай отырғанын Атырау қаласы әкімдігінен сұрадық.
Қала әкімінің баспасөз хатшысы Еркеназ Қалижанның айтуынша, аталған коммуналдық желілерді меншікке қабылдау үшін алдымен жер учаскелеріне қатысты құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізілген. Оның сөзінше, құжаттарды толық реттеу және инженерлік желілерді тиісті мекеменің балансына қабылдау процесі уақыт алған. Қазір осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алайда инженерлік желілердің нақты қашан іске қосылатыны туралы мерзім айтылған жоқ.
Ал тұрғындар 2023 жылы тартылған желілердің не себепті әлі күнге дейін іске қосылмағанын, құжаттарды рәсімдеу жұмыстарының неге созылғанын және үйлеріне электр жарығы, газ бен судың қашан қосылатынын білгісі келеді.
Бұл сұраққа қала әкімдігінің баспасөз қызметі әзірге жауап бермеді.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау +3.9