Атырауда қауіпті аймақта орналасқан Талқайраң елдімекенінде қосымша бекіту жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды Атырау облысының ТЖ жөніндегі жедел штабы.
Қайыршақты ауылдық округіне қарасты 64 - 68 учаске бойында өзен жағалауына жалпы ұзындығы 6 шақырымнан астам бөгет соғылған. Биіктігі 4 метрден асатын бөгеттерді толқын су шайып кетпесі үшін аталған аумаққа жалпы ұзындығы 800 метр болатын бон орнатылған.
«Қазіргі уақытта келіп жатқан судың қарқыны қатты. Күн сайын едәуір көтеріліп тұр. Жағалауда Ақтөбе облысының ТЖД мамандары, мемлекеттік органдардың қызметкерлері тәулік бойы кезекшілікте жүр. Кезекшілік әр 100 метр сайын қойылып отыр. Бұрынғы саяжай орындарында мәселелер болды. Кейін ол учаскелерді қоршадық. Соколоктан су келіп жатуына байланысты, қосымша бекіту жұмыстары жүруде» деді 64 - 68 учаске координаторы Нұрлан Жантоқов.