Атырау, 25 қараша 23:03
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Сүт өнімдері өзімізден өндіріледі

7 104 просмотра

13 маусымда облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ Махамбет ауданының Бейбарыс (бұрынғы Чкалов) селосындағы болашақ сүт кешенінің алғашқы іргетасын қалау рәсіміне қатысты.

- Бүгінде облыста жалпы құны 1,4 триллион теңге болатын 34 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Олардың бірі – сүт өнімдерін шығаратын цехы бар 500 сиырға есептелген тауарлық сүт фермасын салу, - деді Б. Ізмұхамбетов. – Жалпы облыста биыл азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде үлкен жұмыстар жүргізілетін болады. Атап айтқанда, егер өткен жылы картоп егу алаңы 57 гектар болған болса, биыл біз оны 958 гектарға дейін көбейттік. Көкөністерді отырғызу 300-ден 1600 гектарға дейін жеткізілді. Елбасының тапсырмасы бойынша шаруалардың егістік еккен әр гектары субсидиялармен қамтамасыз етіледі. Бұдан басқа, облыстық әкімдік азық-түлік тұрақтандыру қоры үшін шаруалардан өнім алу туралы олармен фьючерстік келісімшарттар жасады.

Сүт кешені облыстық бюджетке 2 млрд 36 млн теңгеге шығады. Нысанға тапсырыс беруші «Первомайский» ЖШС боп табылады. Ол өткен жылы өзінің жарты ғасыр мерейтойын атап өткен жергілікті «Первомайский» асыл тұқымды ет-сүт шаруашылығы мен «Атырау» ӘКК-нің біріккен қызметінен тұрады. Құрылыс мердігері «Атырауинждорстрой» ЖШС боп табылады. Ол келісім шарты бойынша нысанды «кілтпен» биылғы жылдың желтоқсанында тапсыруы тиіс.

«Инждорстрой» басшыларының айтуынша, олардың өздері «сиыр қора» саламыз деп күтпеген екен:

- Қазір бұрынғы облыс әкімінің тұсындағыдай жол жөндеуге тапсырыстар төпелеп түсіп жатқан жоқ. Құны 1 млрд теңге болатын қала көшелеріндегі ой-шұңқырларды жөндеу жөніндегі биылғы алғашқы тендер процедурасы енді ғана басталды. Әзірге қол қусырып отырудың қажеті қанша?

Ал 2003 жылы «Первомайский» ЖШС-де сағатына 1,2 тонна пастерленген сүт өндіретін жүйе іске қосылған еді. Кәсіпорын өнімдері біраз уақыт қала дүкендерінің сөрелеріне түсіп тұрды да кейін тоқтап қалды. Не болды екен?

- Бұл жүйе жұмыс жасап тұр, - деп жауап берді 27 жыл бойына «Первомайскийге» басшылық етіп келе жатқан Аманжол ЕСҚАРИЕВ. – Облыстағы кәсіпорындар біздің бүкіл өнімдерімізді сатып алады да ол қала дүкендеріне жетпей қалады. «Теңізшевройл», «Саян» және АМӨЗ біздің ірі сатып алушыларымыз боп табылады.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Сырым РЫСҚАЛИЕВТЫҢ айтуынша, бүгінде «Первомайскийде» 750 сүтті сиыр бар екен. Ферма құрылысы аяқталғаннан кейін бұл жерге голландық «гольштин-фриз» тұқымды өнімділігі жоғары 500 сиыр әкелінбек. Сол кезде сүт өндірісі, бәлкім, біздің өңіріміздің осы өнімге сұранысының үштен бір бөлігін жабатын шығар.

Өз сөзінде А. Есқариев атап өткендей, сүт кешені жобалық қуаттылықпен жұмыс істеген кезде ЖШС ұжымы да төрттен бір есеге көбейеді екен. Негізінен бұлар компьютерді игерген жастар болмақ: жаңа сиыр басы тұрақты мал қорада ұсталады, оларды азықтандыру процесі автоматтандырылмақ.

- Осы жануарларды немен қоректендіретінімізді қазірден ойлауымыз керек. Олар сүтті мол береді, орташа алғанда әр сиырдан жылына 7 мың литр сүт алмақ боп отырмыз. Сондықтан да сиырлар көп азық жейді. Қазір біз 60 гектар жүгері егіп тастадық, тағы осындай мөлшерде егуге тиіспіз. Барлық бос алаңдарға түйежоңышқаның түрлі сұрыптарын сеуіп тастау керек. Алда үлкен жұмыстар күтіп тұр, - деп мәлімдеді тәжірибелі мал маманы.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Жеңіс ТҰҢҒАТАРОВ

14 маусым 2013, 13:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.