Атырау, 6 қазан 11:59
 ашықВ Атырау +24
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

«Президент парламенттiң абыройын айрандай төктi». «Бостонда — жарылыс, әлемде — болжам... Екі қазақ студентінің не айыбы бар?!». «Түркиядағы толқу текетiреске ұласты». «Қымыздың бәсі сырадан неге төмен?».

2 329 просмотра

SERKE.ORG. «Әбілязовтың «оң қолы» ұсталды. «Шахматшының» жүрісі қалды ма?» - Кеше кешке, Варшава уақыты бойынша сағат 17.00 шамасында шетелде қашып жүрген Мұхтар Әбілязовтың «оң қолы» Мұратбек Кетебаев қамауға алынды. Ол Польшаның Люблин қаласында жасырынып жүр екен. Оны Қазақстан құқық қорғау орындарының өтініші бойынша Польша полициясы қамауға алыпты. Қазір оны Қазақстанға депортациялау мәселесі қарастырылып жатыр.

EGEMEN.KZ. «Қымыздың бәсі сырадан неге төмен?» - Еуропа елдерінің өзі қымыздың адам ағзасына пайдалылығын түсініп, оны жасаудың әдіс-тәсіліне қызығушылық танытып отырған кезде ұлттық брендті ұлықтамай, бағаламай жүрген біз ғана. Шынын айту керек, біздің өңірде осы қымыз дайындау кенжелеп қалған сыңайлы. Қалалықтар облыс орталығында қаптаған сыраханалардан сусындарын басады, қымызхана деген атымен жоқ.

AZATTYQ.ORG. «Грузия "компромат қорынан" құтыла ала ма?» - Жүздеген, тіпті мыңдаған жазба Грузия ішкі істер министрлігінде (ІІМ) сақтаулы. Оларды қазіргі ішкі істер министрі Ираклий Гарибашвили «жеке өмірдің лас архиві» деп атайды. Негізінен бұл жазбаларды Саакашвили президент болған кезде ІІМ-нің өзі жасаған. Көбі - телефон әңгімелері мен бейне жазбалар. Гарибашвили бұл архивті жоятынын мәлімдеді.

ZHASALASH.KZ. «Кәсiпкердiң әйелiн буындырып, iнiсiн қылғындырып, екi ұлын тұншықтырып өлтiрген қылмыскерлерге Жәбiрленушiлер ату жазасын сұрайды» - Алматыда дүйсенбi күнi кешкiлiк жүзеге асырылған қанды оқиға жұртшылықты дүр сiлкiнттi. М.Мақатаев пен Д.Қонаев көшесiнiң қиылысындағы төрт қабатты тұрғын үйдiң ең жоғарғы қабатындағы қанды қырғын бүтiндей бiр шаңырақтың отбасы мүшелерiн бақилық еттi.

«Президент парламенттiң абыройын айрандай төктi» - Кеше мәжiлiсшiлер президент Н.Назарбаевтың сынына ұшыраған “Қазақстан Республикасында зейнеткерлiкпен қамсыздандыру туралы” заң жобасын қайта қарауға қабылдады. Сөйтiп өздерi түнеукүнi ғана жанталасып мақұлдаған заң жобасына бүгiн қарсы дауыс берiп, президенттiң үндеуiн жақтап шықты.

«Түркиядағы толқу текетiреске ұласты» - Стамбұлда бiр жарым аптаға созылған наразылық полицейлер мен шерушiлер арасындағы текетiреске ұласты. Сейсенбi күнi Тақсым алаңын наразылардан тазалауға кiрiскен полицейлер жасағы мен шерушiлердiң арасында қақтығыс болды. Сарапшылардың бiр бөлiгi “түрiк жазының” немен бiтерiн болжау қиын десе, ендi бiрi баскөтеру көп ұзамай басылады дейдi.

TURKYSTAN.KZ. «Бостонда — жарылыс, әлемде — болжам... Екі қазақ студентінің не айыбы бар?!» - Көп ұзамай лаңкестік әрекетті этникалық шешен, АҚШ-тың азаматтығын алған ағайынды Царнаевтар жасады деген ақпарат тарап үлгерді. Тамерлан Царнаев жарылыс кезінде полициямен болған қақтығыста көз жұмған көрінеді. Ал оның інісі Джохар Царнаев Уотортауне қаласында, қайықтың ішіне жасырынған жерінен ұсталды. Әуелгі кезде ауруханаға жатқызылған ол қазір тергеу изоляторына қамалды. Ақпарат көздерінің жазуынша, Джохар түсініктемені жазбаша түрде беруде. 

ALASHAINASY.KZ «Шетелдің елімізге метадонды тықпалауының артында не сыр бар?» - Әлемнің көптеген елі мета­дон­нан бас тартты. Олардың қата­рында көршілеріміз Ресей мен Өзбекстан да бар. Метадон пайдаланушылардың әрбір үшіншісі ажал құшқан соң, кәрі құр­лық елдері мұндай тәсілдің тамырына балта шапқан. Ал Қазақстан қазірге бұл баста­ма­дан бас тартар емес. Неге? Адам құқық­тары бойынша азаматтық комиссиясы бас­та­ма­шы тобы­ның төрайымы Наталья Шад­ри­наның айтуын­ша, метадоннан бас тартпаудың артында қар­жылық ынта бар. «Бүгінгі таңда Қазақ­станда син­те­тикалық есірт­кі – метадонды таратумен айна­лысатын 80-ге жуық меди­ци­налық мекеме бар. Оларды қар­жыландыру көлемі 500 млн долларды құрап отыр» дейді ма­мандар. Пайдаға белшеден ба­тып отырған ше­тел­дік ком­па­ниялар «егер метадон таратудан бас тартсаңдар, халық­аралық қар­жылық грант­тар­дан үміт үзе беріңдер» деп сес көрсетіп отырған көрінеді.

«Греция дамыған мемлекет статусынан айырылып қалған алғашқы ел атанды» - MSCI агенттігі сарапшыларының ай­туын­ша, Грецияның қазіргі экономикалық жағ­дайы дамыған елдің критерийлеріне сай келмейді. Мемлекеттің сыртқы қарыз­да­ры шектен шығып кеткен, экономикалық стагнация байқалып, сырттан инвестиция тарту қиындаған.

AIKYN.KZ. «Айдос САРЫМ, саясаттанушы: Ынтымақтастық – қайта құл болу емес» - "Жақында ғана Ресей өзінің сырт­қы саяси құжаттарын қайта қарап, Еуразиялық және де басқа интегра­ция­лық жобаларды жандандыру мақ­сатын­да 9 миллиард рубль (яғни 45 миллиард теңге) бөлу туралы шешім қабылдады. Бұл – біздің мемлекеттің барша ақпараттық тапсырысынан әлдеқайда көп қаржы. Оның басым бөлігі Қазақстандағы қоғамдық пі­кірді алдарқатуға, Ресейге кереғар пікірлерді жоюға жұмсалатыны айдан анық. Осындай қаражат қазақ­стандық баспасөзге, интернет-сайт­тарға, әлеуметтік желілерге де құйылып жатыр. Оның үстіне кешегі құлдық, кеңестік санадан арылмаған ағайын­дарымыз да жоқ емес. Оларға ақшаның да қажеті жоқ, басқаның сойылын соғуды өзінің міндеті са­най­ды".

ABAI.KZ. «Марат Уатқан: Саяси реформалардың қажеттілігі өткен ғасырда пісіп-жетілген» - Азаматтық қоғам белсенділері маусымның 15-cінде Алматыда митинг өткізу жөнінде бастама көтеріп жатқаны жөніндегі ақпарат редакцияға да келіп жетті. Әлеуметтік әділетсіздікке тосқауыл қоюға ұмтылған белсенді азаматтар осы митингіде біраз мәселені көтеру ниеттерін жария түрде мәлімдеуде. Еуропадан білім алған ұлтжанды азамат, тәуелсіз экономист Марат УАТҚАН – газетіміздің белсенді авторы, әрі осы митингті ұйымдастырушылардың басы-қасында жүрген азамат.

MASA.KZ. «Батбаярын Хэрлэн: мақсатымыз Шығысханға таласу емес, ДНК арқылы түп тегімізге көз жеткізу» - Бұдан бұрын осы тақырыпта жариялаған мақалаларыма дауласушылар да, жақтаушылар да көп болды. Қай біреулері мақаланы оқымыстан, онда айтылған ой түйініне, мысалы:  «Шыңғыс ханның түп атасы бізбен бір қанды екенінде дау жоқ. Оны қазіргі ғалымдар ДНК арқылы да зерттеуде.» деген негізгі тұжырымға мән берместен,  айқайға басып, жеке басымызға, ар-намысымызға, арық-тұрағымызға дейін тигендер болды.

ZHEBE.COM. «Ерімбетов мырза, сандырақтамасаңыз қайтеді?» - Біріншіден, Ерімбетов  қазақ халқының  өз тарихындағы  зұлматтарға орыс жұртын кінәлаған сәтін дәлелдеп берсін! Егер ашаршылық, қуғын-сүргін, дініміз бен тілімізге қарсы жасалған  қысым туралы айтсақ, біз ешқашан  «орыс халқы» демедік. «Ресей империясы, Кеңес одағы» дедік.  Атын атап, түсін түстесек Николай патшаны,  Ленин мен Сталинді, Голощекинді айттық. Ал, Ерімбетов мырза «орысқа жағатсудың жөні осы» деген болуы керек,  жауырды жаба тоқып,  тұтас қауымның атынан  пікір білдіріпті.  Екіншіден, қазақ өз тарихындағы зұлматтар туралы деректерді  бұрмалап отырған жоқ, керісінше біздің ғалымдар ақиқатты толық ашқысы келеді. 1921-1922 және 1932-1933 жылдары  қазақ 4,5 млн-ға жуық адамынан айырылды. Осыны айтады қазақ зерттеушілері. Үшіншіден, қазіргі қазақ жастары үшін Кеңес одағының қандай құндылығы бар? Қазақтың түбіне жету үшін барын салған империяны ардақтауымыз керек пе?

"Наил НАБИУЛЛИН: «Қазақ бізді қолдаса жалғыз емес екенімізді сезінер едік...»" - Соңғы кездері Ресейдің құрамында қалған бірқатар түрік халықтары өздерінің  түрлі құқықтарының қорғалуын талап етуді күшейте түсті.  Ұлттық-патриоттық ұйымдар құрып, халықтың азат болуын талап етушілер де, әлеуметтік, рухани-мәдени әділеттіліктің орнауын қалайтындар да бар. Алғашқы топқа  татар, башқұрт, тыва сынды  халықтар кірсе, соңғысына  құмық, ноғай, қарашай, балқар тәрізді бауырлар кіреді. Әрине, әрбір ұлттың арманы әртүрлі болып тұр қазір. Дегенмен,  ұлттық-патриоттық қозғалыстардың  күштілігі жағынан татар бауырлар алда келеді. Олар тіпті татардың ғана емес, түбі бір түрік жұртының  жан жарасына бей-жай қарап отырған жоқ.

13 маусым 2013, 13:47

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.