Атырау, 25 қараша 22:54
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Зейнеткер «ҚазТрансОйлға» талап қойды

2 541 просмотра

Жақын арада Атырау қалалық сотында өзгеше іс қаралды. Зейнеткер «ҚазТрансОйл» АҚ-ның үстінен сотқа талап арыз берді. Зейнеткердің пікірінше, кезінде кәсіпорын оған 59 400 теңге мөлшерінде міндетті зейнетақы жарнасын аудармай қалған.

Жалпы сома үлкен емес, алайда ол «ҚазТрансОйл» ЖАҚ-ның Атырау су дайындау және сумен жабдықтау басқармасында сылақшы-сырлаушы боп 30 жыл жұмыс істеген Галина Садиулловна ФЕРЕНС алып отырған зейнетақы мөлшеріне қатты әсер етуде. Ұзақ жылдар бойына ол ацетонның, бояулардың, еріткіш пен хлордың иісін жұтып, агрегаттар мен басқа қондырғыларды бояған. Бұл денсаулыққа өте зиянды жұмыс, оның үстіне көбінесе оған орынжайда жұмыс істеуге тура келген. Әйел ІІІ топ мүгедегі болып, жиі естен танып қалады. Барлығы 26 мың теңгеден сәл астам зейнетақы алады, оның 15 мыңын коммуналдық қызметтерге, қалғандарын азық-түлікке жұмсайды. Ауырмайтын жері жоқ болса да, әйел дәріханаға бармайды. Дәрі-дәрмектің бағасының қымбаттығы сондай, маңайлатпайды. Екі жылдан бері зейнеткер әйел жалғыз тұрады, күйеуі қайтыс болған.

2011 жылы Галина Ференс жасына байланысты зейнеткерлікке шыққан, ай сайынғы зейнетақы төлемдерінің мөлшері 17 781 теңгені құрады, оған 8 720 теңге базалық зейнетақы төлемін қосыңыз, нәтижесінде бір айға тиесілі сома 26 501 теңге болды. Ол өзінің бұрынғы әріптестерінің көп алатынын білетін. Сөйтіп бұл жерде әлдебір қателік бар шығар деп ұйғарып, «Атырау облыстық бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті» ММ-не түсінік алу үшін хабарласқан. Ол жердегілер жалпы еңбек өтілі 29 жыл 2 ай құрайтынын түсіндірген. Жасына байланысты зейнетақы тағайындау үшін 1995 жылдан бастап қатарынан кез келген 3 жылдағы орташа айлық табыс қажет болады. Орташа айлық табыстың мөлшері зейнетақы жинақтау қорларына міндетті зейнетақы жарналары аударылған табысқа сәйкес анықталады. 1999 жылдың қаңтарынан бастап 2001 жылдың желтоқсаны аралығындағы, яғни, ол «ҚазТрансОйл» АҚ-да еңбек еткен 36 ай ішіндегі табыстар туралы анықтамаға сәйкес, жалпы табыс 927 660,20 теңгені құрады, өйткені бұл кәсіпорын 92 766,2 теңге сомасында зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын аударған. Осыған қарап оған зейнетақы тағайындалған. Ал оның өтінішіне жалғанған Құрманғазы аудандық мемлекеттік мұрағатынан берілген мұрағат анықтамасынан белгілі болғандай, 1999-2001 жылдардағы табыс міндетті зейнетақы жарналарына сай келмейді. Яғни, нақты табыс міндетті зейнетақы жарналарына қарағанда көп болған. Осыған байланысты, оған жетіспейтін соманы аударту үшін «ҚазТрансОйл» АҚ-на хабарласуы керек. Сол кезде оның зейнетақы мөлшері қайта қаралатын болады.

Зейнеткер өзі жұмыс істеген кәсіпорынға хабарласыпты, дәлел ретінде «ҚазТрансОйл» ЖАҚ-да Атырау су дайындау және сумен жабдықтау басқармасындағы36 ай жұмысы ішіндегі жалпы табысы 1 521 662,77 теңгені құрағандығын, тиісінше, зейнетақы жарналары табыстың осы сомасының 10 пайызын, яғни 152 166,7 теңгені құрауы тиіс екендігі туралы мұрағат анықтамасын ұсынған. Ал жұмыс беруші зейнетақы қорына бар болғаны 92 766,2 теңгені аударған. Алайда бұрынғы жұмыс беруші: аударымдар толықтай аударылды, өздерінің тарапынан ешқандай заң бұзушылықтар болмады деп, өз дегенінен қайтпады. Ұстап қалу сомалары тек мереке күндеріне байланысты сыйақылардан, материалдық көмектен, ауыр және қолайсыз табиғи-климаттық жағдайда жұмыс істегені үшін өтемақы төлемдерінен, пайдаланылмаған демалыс үшін өтемақыдан, штатты қысқарту бойынша жәрдемақылардан, іссапар кезіндегі іссапар шығындарынан және т.б. ұсталмаған (хатта «ҚазТрансОйл» АҚ Батыс филиалының экономика және қаржылар жөніндегі директорының орынбасары А. САҚЫПТЫҢ қолы қойылған 14 тармақ көрсетілген, олар бойынша ескі зейнетақы заңнамасында зейнетақы жарналары міндетті болмаған). Хатқа зейнетақы және басқа жарналар есебімен аударылған еңбекақы тізімі жалғанған.

– Мені құжаттар үшін анда-мында жүргізіп қойды, осы мұрағат анықтамасы үшін 4 рет Ганюшкинге бардым. Департаменттегілер маған зейнетақы жарналарын дұрыс аудармаған деді, ал есеп бөлімінде мені ешкім тыңдамады, - деп әңгімелейді Галина Садиулловна.

Ақырында зейнеткер адвокат жалдап, сотқа жүгінген. Ол жерде ешқандай сыйақылар, материалдық көмектер мен басқа да өтемақылар алмағанын айтып, тек өзіне тиесілі төлемді ғана бергенін растады. Өз айтқандарының дәлелі ретінде мұрағат анықтамасын жалғады, ол жерде тайға таңба басқандай етіп, «табысы» деген сөз бен үш жылдағы табысының жалпы сомасы - 1 521 662 теңге көрсетілген. Жауапкердің өкілдері әйелге сыйақылар, материалдық көмектер және басқа да өтемақы төлемдері төленгендігін дәлелдей алмады. Олардың растауынша, ведомство түпнұсқалары мен басқа бухгалтерлік құжаттар осы жылдар ішінде сақтау мерзімінің өтуіне байланысты жойылған. Бұдан басқа, жауапкер ұсынған тізімде салық жарналарының сомасы көрсетілмеген. Зейнеткердің еңбек кітапшасында ынталандыру туралы ешқандай жазбалар және т.б. жоқ.

– Нәтижесінде, 4 маусымда сот тараптардың түсініктемелерін тыңдаған соң, ұсынылған дәлелдерді бағалап, талапкердің талабын қанағаттандыру туралы шешім шығарды.«ҚазТрансОйл» АҚ-ын 59 400 теңге мөлшеріндегі аударылмай қалған міндетті зейнетақы жарнасын талапкердің зейнетақы шотына аударуға міндеттеді, - деп хабарлады адвокат Гүлсім САБЫРОВА.

Шешім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

13 маусым 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.