Атырау, 9 қараша 17:40
 ашықВ Атырау +4
$ 491.71
€ 529.97
₽ 5.05

Топырақ бойынша комиссияны қайтару керек

6 897 просмотра

Мен Мәскеу тау институтының түлегімін, мамандығым – «Пайдалы қазбаларды жерасты әзірлеудің технологиясы мен кешенді механизациясы». Еңбек өтілім – 40 жыл. Соңғы жылдары көпшілікке таралған пайдалы қазбаларды өндіру туралы бірнеше жарияланымдар жарыққа шыққан еді. Жақында сіздердің газеттеріңіздің бетіне де «Ғажайыптар алаңы» тақырыбымен мақала жарық көрді.

Бұл көптен келе жатқан мәселе. Бір кездері жергілікті құрылыс, авто жол компаниялары топырақты еш кедергісіз алуға тыйым салған құзыретті органдардың әрекеттерімен келіспей, дау көтерген. Олардың пікірінше, топырақ ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген «Көпшілікке таралған пайдалы қазбалар тізбесіне» енбейді, яғни, топырақты өндіруде еш кедергі болмауы керек.

Алайда оларға бір нәрсе туралы айтпас бұрын, «топырақ» сөзі не мағына беретінін анықтап алғандары жөн. Бұл анықтаманы МЕМСТ 25100-95, «Тау энциклопедиясы», «Жаратылыстану ғылымдары сөздігі» беттерінен табуға болады. Топырақ – жер қабатының жел соғу аймағында жататын және адамның инженер-құрылыс қызметінің нысаны болып табылатын тау жынысының атауы. Бұл пайдалы қазбаның түрін білдіретін геологиялық термин емес. Бұл - МЕМСТ 25100-95-ке сәйкес, құм, жер қыртысын, техногендік түзілімдер сияқты түрлі тау жыныстарын білдіретін техникалық түсінік. Байланыссыз топырақтар (малта тас, шебін, шиыршық тас, құм) және байланысты топырақ (құмайт, балшық, саз) деп ажыратылады.

«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» заңға сәйкес, жер қойнауын барлау және өндіру құқығын беру конкурс жеңімпазы мен жергілікті атқарушы органдар (біздің жағдайымызда, бұл облыстық табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы) арасында келісімшарт жасау жолымен жүргізіледі.

ҚР Президентінің 2004 жылғы 29 қыркүйектегі №1449 Жарлығымен жер қойнауын қорғау бойынша бақылау-қадағалау қызметі Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне жүктелген. Сонымен қатар, бұл қызметті «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» заңның 25-бабы 1-тармағына сәйкес министрлік және оның жергілікті бөлімшелері атқарады. Осылайша, заңсыз өндіруге Атырау облыстық Экология департаменті жол бермеуі тиіс. Алайда осы Жарлық пен Заңның талаптарын «жер қойнауын қорғау департаменттің құзырына кірмейді және «жер қойнауын қорғау» деген термин қоршаған ортаны қорғау министрлігінің лексиконында мүлдем жоқ» деп пайымдаған экология департаментінің бұрынғы басшылары орындаған жоқ.

Басшылықтың осындай пайымдауларынан және үнсіз келісімінен кейін компаниялар мен жеке тұлғалар карьерлерді әзірлеуге, топырақты кез келген жерден, еш рұқсат беру құжаттарынсыз өндіруге жапатармағай кірісіп кетті. Нәтижесі көз алдымызда. Адамдар үй салуға арналған жерлерді 1,5 м тереңдікте қазылып қалған карьерлерден  алып жатыр. Үй салушы үй салмас алдында өз аумағын жер бетінен дейін толтыруы керек, бұл үшін оған басқа жерден топырақ алуға тура келеді. Құрылысшылар және жол салушылармен бірге елдімекендерді су тасқынынан қорғау үшін шенеуніктер де топырақ өндірумен айналысады. Қазіргі уақытта соғылған дамбылардың ұзындығы 515 шақырымға жетті. Бұл - шамамен 5 млн текше метр заңсыз өндірілген топырақ.

2007 жылы мен Атырау жер қойнауын қорғау және пайдалану инспекциясының бастығы болып тұрған кезімде облыс әкімі Б. Рысқалиевқа осы бұзушылықтар туралы айтылған және осы мәселені шешудің нұсқалары көрсетілген хат жаздым. Байқау жариялап, келісімшарт жасау арқылы топырақ өндіруге арналған арнайы жер белгілеуді ұсындым. Нәтижесінде бюджетке қаражаттар түсіп, адамдарға жұмыс табылып, жеріміз сақталар еді. Алайда жауап болмады.

Қазіргі уақытта облыс бойынша көпшілікке таралған пайдалы қазбаларды өндіру және аралас барлау жасауға небары 30-ға жуық келісімшарт жасалған. Бұл кәсіпорындар техникалық атауы «топырақ» аталатын, ал геологиялық белгілері бойынша, МЕМСТ 25100-95-ке сәйкес, «құм-шиыршық тас қоспасы, саз, сазды жыныстар, құмайт, саздақ, бор, кірпіш шикізаты – саз, қайыршақты тас және т.б.» пайдалы қазбаларды өндіреді. Барлық қажетті құжаттары, жобалары, бағдарламалары бар, салық төлейді және т.б. Тағы бір атап өтер жайт, авто жол құрылысына қолданылатын топырақ арнайы лицензиясы бар мамандандырылған ұйымның зертханасында сынақтан өткізілуі керек. Зертхана топырақтың физикалық қасиеттерін, түйіршіктілік құрамын, мықтылық, тығыздылық шегін, сүзгілеу коэффициентін, тұздылығын және суыққа төзімділігін және т.б. қасиеттерін анықтауы қажет.

Заңсыз өндірілген топырақ мұндай сынақтардан өтпейді. Ол МЕМСТ талаптарына сәйкес келмейді. Осылардың кесірінен жолдар бірнеше жылдан кейін бұзылып, жол көлік оқиғалары жиі орын алып жатады. Қираған жолдарды жөндеу мен қалпына келтіруге бюджеттен үлкен ақшалар бөлінеді.

Облыс әкімі С. Дәукеевтің 2001 жылғы 1 қазандағы №312 «Атырау облысы аумағында жеке және заңды тұлғалардың жер қойнауын өз беттерінше қолдануына, көпшілікке таралған пайдалы қазбаларды өндіру мен сатуға тыйым салу бойынша шаралар қабылдау туралы» шешіміне сәйкес облыстық әкімдіктің, табиғат қорғау прокуратурасының, жол полициясының, жер комитетінің, жер қойнауы және экология инспекциясының өкілдерінен құралған комиссия құрылды. Рейдтік тексерулер үнемі жүргізіліп отырды, заңсыз карьерлерге таңда ерте, кеште кеш барып жүрдік. Топырақтың қайдан алынғанын, топыраққа арналған сертификаттары, топырақ үшін төлеген төлемдердің түбіртектерін тексеру үшін «пятактарға» бардық.

Осы комиссияның жұмысын жандандыруымыз керек. Бүгінде, заң талаптарына сәйкес, тексеру жүргізер алдында басшыны бір ай бұрын хабардар ету керек. Ал егер бұл кәсіпкер емес, жай ғана КамАЗ көлігі немесе тиегіші бар жеке тұлға болса ше? Егер ол еш жерде тіркелмеген болса, оны қайдан іздеп табасың? Осы жағдайлардың барлығы комиссия құжаттарында көрсетілуі тиіс. Тексеру актісінсіз, прокуратура органдарына тіркеусіз тексеру заңсыз болып есептеледі.

Бүгінде бақылаушы органдардың бұл мәселедегі позициясы айқын емес, олар топырақтың заңсыз өндірілуі туралы хабарламаларға әрекет етпейді. Егер ұңғымадан, магистралды құбырлардан мұнай ұрланып жатса, құқық қорғау органдары араласып, қылмыстық іс қозғайды, ал топырақ жұрттың көзінше ашықтан-ашық тасылып жатса да, құқық бұзушылықтар жоқ, кімді не үшін жауапқа тартуды ешкім білмейді.

Заңда «мұнай үшін жазалансын, топырақ үшін жазаланбасын» деген түсінік жоқ. Бұлардың барлығы да пайдалы қазбалар. Сондықтан да құқық бұзушы пайдалы қазбаны заңсыз өндіргені үшін заңмен жауапқа тартылуы тиіс.

Соңғы жылдары аудан, кент, ауыл әкімдері, өз құзыреттерін асыра пайдаланып, топырақ өндіруге және лас қалдық суларды Жайық өзеніне жақын орналасқан ескі карьерлерге жіберуге заңсыз рұқсат беріп жүр. Олар бұл лас сулардың жер асты суларына қосылып, өзенге құятынын білмей ме екен?

Қала, кент, ауыл маңындағы барлық карьерлер бүгінде тұрмыстық қалдықтардың полигонына айналған. Алайда жер қойнауын ластағаны үшін ешкім жазаланбады.

Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің (ӘҚтК) 554-бабы 1 тармағына негізінде облыстағы қоршаған ортаны қорғауға өкілетті орган 122-баппен қаралатын әкімшілік құқықбұзушылық туралы істі қарайды. ӘҚтК-нің 122-бабына сәйкес, Жер қойнауын заңсыз пайдалану, жер қойнауына мемлекеттiк меншiк құқығын тiкелей немесе жасырын нысанда бұзатын мәмiлелер жасау жеке тұлғаларға - айлық есептiк көрсеткiштiң (АЕК) 20-дан 50-ге дейiнгi мөлшерiнде, лауазымды адамдарға, дара кәсiпкерлерге – 50-ден 100-ге дейiнгi мөлшерiнде, шағын немесе орта кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылатын заңды тұлғаларға – 100-ден 150-ге дейiнгi мөлшерiнде, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылатын заңды тұлғаларға 300-ден 500-ге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

Сондай-ақ, «Қоршаған ортаны ластаудан болған шығынды экономикалық бағалау ережелерінің» 16-бабына сәйкес, көпшілікке таралған пайдалы қазбаларды (КПҚ) өз беттерінше өндіруден немесе заңсыз пайдаланудан болған шығындарды бағалау өндірілген пайдалы қазбалардың және/немесе өздері өндірген КПҚ-дан алынған тауар өнімі құнының он есе мөлшерімен анықталады.

Бұл бұзушылықтар - жер қойнауын қорғау мәселелерімен біліктілігі төмен басшылар айналысқандығының нәтижесі. Агроном, зоотехник, ет-сүт өнеркәсібі мамандары бастық болып жұмыс жасады. Соңғы 5 жылда Жайық-Каспий экология департаментінде бастық болып 8 адам ауысты. Олардың кезінде департамент 10-40 жыл еңбек өтілдері бар, сауатты да тәжірибелі мамандарынан айырылды.

Енді экология департаментінің жаңа басшысы Е. Қуанов қиыншылықтарға тап болып отыр. Инспекторлар жас, әлі тәжірибелері жоқ. Алайда ол - сауатты және бірбеткей жігіт, қолынан келеді деп ойлаймын.

Болат ТӨРЕМҰРАТОВ, Атырау қ.

13 маусым 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.