Атырау, 11 қазан 10:39
 ашықВ Атырау +18
$ 490.84
€ 536.88
₽ 5.04

Бекет атаға барар жол немесе Киелі мекеннің қасиеттері

50 445 просмотра

Маңғыстаудың киелі орындары туралы көп естіп жүрген едім. Бірақ жүз рет естігеннен бір рет көрген артық деген сөз бар ғой. Сондықтан да Атыраудан шыққан тәу етушілердің шағын тобымен бірге Бекет атаның басына бару мүмкіндігін жібермедім.

ПОЙЫЗДА

Айта кету керек, біздің топ түрлі ұлттар мен түрлі дінді ұстанатын 6 адамнан тұратын еді. Бекет ата ұлтына, дініне қарамастан барша жанды қабылдайды, тек ниетің дұрыс болса болғаны деседі. Бұл тәу ету сапары болғандықтан, біз масайрамауды ұйғарып, Шетпе стансасына дейін Атырау – Маңғышлақ пойызының плацкарт вагонына билеттер сатып алдық. Бару-келу билетінің құны – 5000 теңге. Түске таман пойыз жүріп кеткенше орындарымызға жайғастық. Пойыз орнынан қозғалып, дөңгелектің ырғақты жүрісімен Атыраудан ұзай бердік...

Бейнеу стансасына жетпей жағымсыз жайт орын алды. Вагонның соңғы жағында екі жігіт әлденеге керісіп, төбелесіп қалды. Сол жерге жеткен медиктер зардап шеккен жігітке алғашқы жәрдем көрсетті, тағы бірнеше минуттан соң перронға полицей машинасы келіп жетті...

Жалпы түн тыныш өтті. Ал таңертең оянған кезде қызықты көрініске куә болдық – жоғарғы жүк сөрелерінің барлығына дерлік билеті жоқ жолаушылар жайғасыпты. Дегенмен, бұл плацкарт вагондары үшін үйреншікті көрініс деседі.

 

ШЕТПЕ МЕН ЖАҢАӨЗЕНДЕ

Таңертеңгі сағат жетіде Шетпе стансасына жеттік. Вагон іші қапырық болып кеткен еді, таза ауа жұту үшін далаға шықтық. Табанымыз жерге тигені сол-ақ еді, бізді таксистер қоршап алды. «Ақтау! Жаңаөзен! Баутино! Бекет ата!» - деп, жан-жақтан айқайлап жатты. Стансадағы вокзал қарбаласы шығыс базарын еске түсірді. Сапарымыздың бағасы (бір адамға бару-келу – 8000 теңге) мен егжей-тегжейін келіскен соң, көпті көрген «Мазда» көлігіне отырдық. Таксист, елу жастағы Айтуар (суретте) әп дегеннен таныстыруды бастап кетті:

- Мен бұрын теміржолшы болып жұмыс істеген едім, кейін шығып кеттім. Отбасымды асырауым керек қой, әйелім, төрт ұлым бар. Екі үлкенім қазір тасымалмен айналысады. Біреуі жолаушылар Газелін жүргізеді, екіншісі мен сияқты туристер мен вахташыларды тасиды. Қазір үйге соғып, шұбат ішеміз де, жолға шығамыз.

Шұбаттан ауыз тиюді ұсынған Айтуар бізде фотоаппараттың бар-жоғын сұрап, болмаса өзінікін бере тұратынын айтты. Бұған ішіміз жылып қалды.

Өмір туралы, Шетпеде жұмыстың жоқтығы, осы жердегі бүкіл үйлер мен дуалдар салынған қайыршақты тастың бағасы туралы әңгіме қозғап келе жатып, Жаңаөзенге жетіп қалғанымызды байқамаппыз. Жол бойындағы шағын шайхананың жанына тоқтаған Айтуар жүрек жалғап алуды ұсынды:

- Жол ұзақ, тамақтанып алыңыздар. Осы жерде Мұқырдың қызы жұмыс істейді, тамақты дәмді дайындайды. Бұлардың самсасы тіл үйіреді ғой, шіркін.

Шынымен де бәрі дәмді әрі бағасы да арзан екен, әр адамға 200-300 теңгеден шықты. Тоя тамақтанып алып, әрі қарай жолға шықтық.

 

КЕЙБІРІНІҢ ЖОЛЫ БОЛМАЙДЫ

Бекет атаға дейінгі жол – 300 шақырым, жолдың жартысынан көбі – шоқалақ асфальт, жүз шақырымнан астам жерге қиыршық тас төгілген. Жүргізушілер бұл жердің ой-шұқырының бәрін біледі екен, бұл көліктің жоғары жылдамдықпен зымырауына кедергі келтірер емес.

Жаңаөзеннен асқанда далалық-та мұнай кәсіпшілігі созылып жатты. Мұнай тербелмелерінің жалықтырар көрінісі әдемі ландшафтқа ауысты. Керемет ақ-қызғылт жартастар, ғажайып сұлу шатқалдар... Жүйткіген көліктің терезесінен көріністерге көз салсаң, бір кездері осы жерде шексіз-шетсіз теңіздің орны болғанына сену қиын.

- Күн сайын Шетпеге жүздеген адамдар келеді, тағы сонша адам Ақтаудан келеді. Орташа алғанда күніне киелі орындарға мыңдаған адам аяқ басады. Адамдар жылдың кез келген уақытында жер-жерден ағылып жатады. Атырау, Ақтөбе, Астанадан, Ресейден келіп жатады, тіпті шетелдіктер де жиі келеді. Мен жақында ғана жапондықтарды апарып келдім. Ағылшындар да келген еді. Адамдар түрлі мақсатпен барады – біреуінің денсаулығында кінәрат болса, біреулер амандық-саулық тілеп, өміріндегі қиын түйіндер шешілсе екен деп барады, кей жұптар бала сүйсек деп сыйынады. Жақын арада бір ерлі-зайыпты жұп келді. Олар осы жерде бір жыл бұрын болған екен, Бекет атаға барып, сәбиіміз болса деп тілепті. Тілектері орындалып, биыл ризалықтарын білдіру үшін қайта келген екен, - дейді Айтуар. – Бірақ бәрі бірдей бұл жолдан өте алмайды. Біреуіне уақыты келмеген болса, енді біреулерін Бекет ата қабылдамайды. Мынадай бір жағдай болды: екі әйел адамды – енесі мен келінін апарғанмын, екеуі бір-бірін жек көреді екен. Бүкіл жол бойына өзара ұрысып келді. Жарты жолға келгенде көлігім бұзылып қалды. Сөйтіп оларға кері қайтып бара жатқан көлікке мінуге тура келді. Ойы, ниеті түзу жақсы адамдардың да жолдары жақсы болады, еш кедергісіз жетеді.

 

СОПЫЛАР ЖЕБЕСІ

Жалпы Маңғышлақта анағұрлым маңызды бес жерасты мешіті бар. Олар: Шопан ата, Бекет ата, Шақпақ ата, Сұлтан епе және Қараман ата мешіттері. Біз бар болғаны бір күн ғана болатындықтан, тек алғашқы екеуіне баруды ұйғардық. Жолда ХІІІ ғасырда салынған Күйеу-Там мазарына аялдадық. Бізді және басқа тәу етушілерді мазар алдында қарсы алған егде тартқан ер адам бізге ішке кіруді өтінді. Бәрі ескі қабырғаны айнала жайғасқан кезде ол дұға оқыды. Адамдар бұл жерге орамал байлап, садақа тастап жатты.

Сәл жүрген соң, Шопан ата мазарының алдындағы кіре берістің асфальтталған тұрақжайына келіп тоқтадық. Мазар Маңғышлақтан Хорезмге дейінгі көне керуен жолында орналасқан. Бұл Қазақстандағы IХ - ХIII ғасырлардағы ірі сәулет ескерткіштерінің бірі. Айтпақшы, әйелдер мен қыздар міндетті түрде ұзын белдемше, үстіне жабық киім киіп, бастарына орамал тартуы тиіс. Мазарға кірер алдында дәрет алады. Ол үшін арнайы орынжай салынып, құмандар мен таза су қойылған. Ақ арканың ар жағында қорым орналасқан. Ғибадат ететін орталығы – жартас қабақтан қашалған бірнеше бөлмеден тұратын мешіт. Бұл жерде ата мен оның қызы жерленген екен. Аңыз бойынша Шопан ата Қожа Ахмет Яссауидің шәкірті болыпты. Бір күні Ахмет Яссауи өзінің ізбасар-шәкірттерін киіз үйге жинап алып, оларға шаңырақ арқылы аса-жебелерін лақтыруды бұйырады. Жебе түскен жерге олар сопылық идеясын уағыздаулары қажет екен. Шопан атаның аса-жебесі Баян есімді байдың ауылының маңындағы шағын тау маңайына қадалыпты. Бірнеше айдан кейін Шопан ата осы жерге келіп, өз жебесін тауып алған көрінеді. Өзі Баян байдың қойшысы боп жалданады. Бай өзінің жаңа қойшысының тегін адам еместігін байқап, қызын оған әйелдікке беріп, өзі оларға қорғаныш боп жүрген екен. Жебе түскен тау етегіне Шопан ата осы жерасты мешітін тұрғызыпты.

 

ӘЙЕЛГЕ БАТА БЕРІҢІЗ

Мешітке кірер ауызда «киелі ағаш» - қалың ұшар басы шыжыған күннен қорғайтын үлкен тұт ағашы тұр.  Осы жерден үлкен тасбақаны көрдік, ал басқа зиярат етушілердің айтуынша, жақын маңдағы бұталар түбінде тасбақалар көп болады екен. Тасбақаларға зер салып қарайтын уақытымыз болмады, сондықтан басқа жандармен бірге мешітке кірдік.

Ортаңғы бөлме – ағаш баған қадалған шағын бөлме, баған төбедегі саңылау арқылы сыртқа шығып тұр. Баған қадалған жер – киелі екен. Мешіт қызметкері дұға оқып, бата берді. Бізге бәрі түсінікті ме деп сұрап, мешіт пен мазар туралы орыс тілінде қысқаша айтып берді. Зиярат етушілер садақа қалдырып, негізінен мата жыртындысын, орамал байлайды. Көпшілігі орамалға ақша түйіп, кейбірі бағанның қасындағы ақ жаймаға ірірек ақшалар қойып кетіп жатыр. Дұға қылып, бата оқығаннан кейін біз үш рет бағанды айналдық, дін қызметкерлері әрқайсымызға бір орамалдан берді. Олар шипалы күшке ие деп саналады. Содан кейін біз басқа бөлмелерге барып, әрқайсымыз өз тілектерімізді тіледік.

Мешітте болғаннан кейін, соқпақ жолмен тау басына шығуға болады, бұл жерде де бір кесене бар, онда Шопан атаның қайын атасы жерленген. Бұл жерге көбіне бала көтере алмай жүрген, түрлі әйел сырқаттарымен ауыратын әйелдер келіп, тәу етеді. Кесененің жанында ер адам мүшесіне ұқсас үлкен тас тұр, үстіне шығып отыру керек екен. Төменге түсіп бара жатып мен көне тас бейіт ескерткіштерінің арасында қолдан жасалған тас үйінділерін көрдім. Қасымдағы жолсеріктерімнің айтуынша, жолда келе жатқанда кездескен тастарды жинап, ең қалаулы тілектеріңді айтып, осы үйінділерге салу керек.

Мешіттерді аралап болғаннан кейін тәу етушілер шағын қонақ үйлерде демала алады. Кіреберісте дастархан жайылған, осы жерде шәй ішіп, басқа келушілермен әңгімелесуге болады. Айтпақшы, осы жерге келгенде өз тамағыңды өзің алып жүргенің дұрыс. Әркім өзімен бірге шәй, сүт, кәмпит, печенье, шелпек пен бауырсақ сияқты қонақасыларын әкеледі екен. Біз демалмастан, әрі қарай жол тартуды жөн көрдік.

 

ХАЛЫҚ ЕСТЕЛІГІ

Біз Бекет атаға баратын тас соқпақ жолда тұрмыз.

- Сол жерге барғанда, сіздерге жануарлар мен құстар сәлем етеді, жыландар аяқ астында шыр айналып жүруі мүмкін. Ештеңеден қорықпаңыздар, таң қалмаңыздар – бұл сіздерді жануарлар арқылы Бекет атаның қарсы алуы. Жабайы тау ешкісін көрсеңіз, бұл өте жақсы белгі. Олар кез келген адамға көріне бермейді. Сондықтан да жан-жақтарыңызға жіті қарап жүріңіздер! – деп ескертті Айтуар.

Шопан атадан Бекет атаға дейін 70 шақырымдай жол бар. Біз шамамен екі сағаттан кейін белгіленген жерімізге де келіп жеттік. Киелі жерлерге аяқ басар алдында да дәрет алу керек екен. Кешеннің аумағында үлкен қонақ үй бар. Орталық бөлмеде тағамның бар түрі қойылған екі ұзын дастархан жайылған. Әсіресе, бірінің үстіне бірі қойылған шелпектер таңғалдырады, олар азаймайды, керісінше биіктей түседі екен. Мұнда келушілер дастарханға бір нәрсе алып келулері керек. Сондай-ақ, мүмкіндігінше, шәй құю, ыдыс жуу, су әкелу сияқты қандайма бір жұмыс түрін жасап, көмектесуі қажет. Аулада көлеңкеде отырып, демалуға арналған итарқалар жасалған. Жаңа отырғызылған жас шыбықтар да көз қуантады, енді бір төрт-бес жылдан кейін бұл жер саялы орынға айналары сөзсіз.

Бізге өмірімізде ішкен ең тәтті сусынымыз болып көрінген шәйімізді ішіп алып, Маңғыстаудың ең басты киелі жеріне аяқ бастық. Баршамызға белгілі, Бекет ата 1750 жылы қазіргі Атырау облысы Құлсары қаласының маңында дүниеге келген. Хиуа медресесінде білім алған. Оқуын бітіргеннен кейін Үстірт шоқысындағы тас үңгірлердің біріне қоныстанады. Ол қазір өз атымен аталатын осы мешітті асқан қиындықпен, ауыр еңбекпен салған. Бұл оның Аллаға деген мойынұсынуы, құлшылығы еді. 1813 жылы бақилық болған Бекет ата халық есінде жаумен соғысқанда ерлік көрсеткен батыр, алдын болжайтын көріпкел ретінде қалды. Оның елді бітімге шақырған данагөй төрелігі де әйгілі. Ол көрші түркімендермен болған әртүрлі даулы мәселелерді бейбіт шешіп отырған. Емші ретінде оған әлсіз, ауыр науқасты адамдар келді және ол көмек сұраушыларға, Алланың қалауымен, шипа беріп отырды. Ұстаз ретінде мыңдаған аллаға сенушілер артынан еріп, тәлім алды, шыншыл, әділ өмір сүруге, жақсылық жасауға үйренді. Бекет ата өзі салған және өзі аттас мешітте жерленген. Бұл жер көптеген жылдар бойы күніне жүздеген тәу етушілер келетін киелі орынға айналды.

 

ЖАНУАРЛАР ДА САЯ ТАПҚАН...

Мешітке бару үшін бізге үңгірден қайыршақты тастан қашап салған сатылы жолмен төмен түсу керек болды. Шамамен 1,5 шақырым болатын жолды 20 минутта жүріп өттік. Бұл жерде 150 метрдей биіктіктен түседі екенбіз.

Жолда келе жатып, айнала қоршаған табиғатқа таң қалудамыз. Төменде жартастармен қоршалған шатқалда нағыз көк жазира жайылып жатыр. Әрине, біз жүргізушіміз айтқан жергілікті жануарлар туралы әңгімесін есімізге алдық. Жолымызды кес-кестеген кесірткелер, әсем дауыспен шырқаған құстардың дауысы айналаны әуенге бөледі. Міне, аңызға айналған тау ешкілері де көрінді! Бұл шағын тәкаппар жануар – басында арқар мүйізі бар үстірт қойы. Жабайы табиғатта бұларға зер сала қарау қиын. Бұл жерде, егер жолың болса, олар саған бес метрге дейін жақындауға мүмкіндік береді екен. Біз саяқ жүрген үстірт қойларын, төлдерімен жайылып жүрген аналығын да көрдік. Барлығы да оларға жақындап, суретке түсіруімізге мүмкіндік берді.

Тау басынан түскеннен кейін, біздер мешіттің өзіне келіп жеттік. Бұл жерде шырақшы Бекет ата туралы айтып, дұға оқыды. Бізге мешіттің басқа да бөлмелерін көрудің сәті түсті.

Мешіттің сол жағында жартастың етегіне алып баратын соқпақ жол жатыр. Сол жерде киелі құдық бар, суымен ауырмас үшін міндетті түрде көзіңді жуу керек. Құдық суы лайлы екен, алайда біз онымен жуынып алдық. Соңынан біздің топтың пәлсапалық талқылауынан кейін екі ұйғарымға келдік: сумен жуынудың екі түрлі пайдасы болуы мүмкін. Көзің ауырмаса – дүниәуи пайда, осы су арқылы жан дүниең ашылса – рухани байлық.

Қайтып келе жатып, біз екінші құдыққа тоқтадық. Бұл жерде арнайы жасалған шүмектерден тәу етушілер су алады. Бұл су алғашқы құдық суына қарағанда мөп-мөлдір және тұз дәмі бар.

 

БАСҚА КЕҢІСТІКТЕ ЖҮРГЕНДЕЙ

Шатқалға көтерілу төменге түсуден қиынға соқты және екі есе ұзақ уақыт алды. Алайда соқпақ жол бойында белгілі қашықтық бойынша демалып отыратын орындықтар орналасқан. Осы жерлерден сәл дем басып алып, жолымызды жалғастырдық. Әулиелі жерге келушілердің арасында қарт адамдар да, сырқат адамдар да бар екен. Алайда оларды осы қиын жолдар қорқытпаса керек. Сондай-ақ, бұл жерде түрлі ұлт өкілдері мен әр түрлі дінге сенушілерді де кездестіруге болады.

Шатқалға шыққаннан кейін, демалып отырып, алған әсерлерімізбен бөлістік. Әркімнің киелі жерден алған ішкі сезімдеріәртүрлі екен. Біреулер шаттанып, жүректерін қуаныш кернесе, біреулері тыныштыққа бөленіп, жандары жәй тапқан. Ал мен үшін осы жер және мұның алдында барған басқа да киелі жерлердегікеңістік махаббат пен шексіз мейірімділікке толғандай әсер етті. Бұл жерде жүйткіген уақыт сезілмейді, ал барлық қамкөңілдік, күмән, тіршілік туралы ойлар өздігінен жоғалып кеткендей. Бұл жерде мен басқа уақыт кеңістігінде жүргендеймін.

 

ЖОЛ МҰРАТЫ – ЖЕТУ

Өз сезімдерімізбен бөліскеннен кейін, қонақ үйге қайта оралып, шәй ішіп, Шетпеге қарай жол тарттық. Негізінде бұл жерге тәу етуге келушілер түнде қонып қалады. Кешке құрбандыққа қой шалынып, бірігіп бесбармақ пісіріледі. Қонақ үйде ұйықтау үшін екі кең бөлме салынған: бірі – ерлерге, екіншісі әйелдерге арналған. Біз уақытымыз болмаған соң, садақаға орамал мен ақша қалдырып кеттік. Бұл жерде бізге де орамал тарту етіліп, ауырған жерімізге басуға, сондай-ақ көңіл-күйің болмаған, өмірден түңілгендей жағдайларда бетіңе басып, осы жерден алған берекелі сезімді естерімізге алуға кеңес берді.

Шетпеге дейінгі кері жол біз үшін жеңіл де қысқа болып көрінді. Барар жерімізге жеткенше бәріміз үнсіз отырдық. Әркім өз жүрегіне ұялаған жылы сезім мен жан саясынан ләззат алып отыр. Бекет атаға бір рет келгеннен кейін, тағы да екі қайтара бару керек дейді халықта. Жүрекке ұялаған жан дауасы жолда кездесетін қиыншылықтар мен ұзақ жол машақаттарын түкке тұрғысыз етеді.

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суреттерді түсірген автор

13 маусым 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.