Атырау, 13 қазан 05:05
 ашықВ Атырау +9
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Шегірткелер шабуылы

6 312 просмотра

Аудандардағы шаруаларды шегірткелердің шамадан тыс қаптап кетуі қатты алаңдатып отыр.

- Бұлай бола берсе, мал өсіру оңай болмайды. Ауыл маңында мал жайылатын жер қалмады. Шөп іздеп арып-ашыған малды көргенде жаның ауырады, - дейді шаруалар.

Елтай селосынан 35 шақырым жол ұзай бергенде, шегірткелер қаулап кетті. Қоңырбас, изен, шағырларды шегірткелер отап үлгеріпті. Қырда өсіп тұрған жусандар күйіп кеткен.

- Қызыл қанатты шегірткелер 1998 жылы дәл осылай жосып кеткен еді. Бірнеше жылдан кейін қайта шығып отыр. Үйге дейін кіріп кетті. Жайылымның жайы кетіп қалды. Құрғақшылыққа байланысты бұрын көрмеген қоңыз түрлері мен жыландар көптеп шығып отыр, - дейді «Сазды» шаруа қожалығының басшысы Жұмағали БИЖАНОВ (суретте). - Бізге мамандар келіп, «шегірткені улағаны жөнінде актыға қол қойыңдар» деді. Мен одан бас тарттым, себебі улау шарасы жүрген жоқ. Ал шегірткелер қанаттанып кетті. Қазір шөптерді отап жатыр.

Индер ауданындағы 13 мың гектар жерді итальян шегірткесі басып қалған. Ал Қызылқоға ауданында 28 мың гектар жерді жаулаған. Қазір онда улау жұмыстары жүріп жатыр.

- Былтыр мамандар шегіртке тұқым тастады деген жерлерді анықтап, картаға түсіріп қойған болатын. Мамырдың 15-нен басталған жұмыс маусымның 15-нде аяқталады деп отырмыз. Жайылымдық пен шабындық жерді сақтап қала аламыз деп сенеміз, -дейді Қызылқоға ауданы әкімі Мақсот МҰҚАНОВ.

Махамбет ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Қайреден НАУБАЕВТЫҢ мәлімдеуінше, Исатай ауданымен шекаралас 800 гектар жерді улау жүруде. Бұдан бөлек шегіртке тұқымы бар деген «Наушан» учаскесіндегі 680 гектар жер ылғалда қалып қойғандықтан, улау кейінге қалдырылған.

Құрманғазы ауданының әкімі Амангелді БАРАҚАТОВ та зиянкестермен күрес қолға алынып жатқанын хабарлады.    

 

ҚАНАТТАРЫ ӨСПЕЙ ТҰРҒАНДА ЖОЮ КЕРЕК

- Үйірлі шегірткелерге қарсы жыл сайын республикалық бюджет қаражаты есебінен өңдеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Облыстағы зиянкестермен күреске биыл 78 млн теңге бөлінді, - дейді Атырау облыстық аумақтық инспекцияның бастығы Жангелді РАХМЕТҚАЛИЕВ.

- Шаруалар биыл шегірткелер көбейіп кеткен деп отыр.

- Онысы рас, өткен жылмен салыстырғанда зиянкес қоныстанған көлем3 есеге артып кеткен. «Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» ММ-нің облыстық, аудандық филиалдары өсімдік зиянкестері, ауруларына мониторинг жүргізіп, анықтап береді. «Фитосанитария» РМК облыстық филиалы залалсыздандыру жұмыстарын қолға алды.

- Шегірткені жою жұмыстары кешеуілдеп қалған жоқ па?

 

Айтпақшы:

Аудандарда мал жайылысының күрт кемуіне байланысты малшылардың қызметі бірден өсіп кетті.

Енді мал бағу ақысыбұрынғысынан 2-3 есе жоғары. Мәселен, қой кезегінің және уақ жандықтар мен жаңа туған төлін бағудың бір күндік ақысы 3,5-4 мың теңге тұрады. Ал ірі қараны бағу - 1,5 мың теңге тұрады. Мал иелері шабындық жерлердің азаюына байланысты шөп бағасы да екі есеге дейін өсе ме деп қорқып отыр.

- Дер кезінде жүріп жатыр. 10 күнге кешіккенде шегірткелер ұшып үлгеретін еді. Биыл облыста 99 500 гектар аймақта үйірлі шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу шаралары жоспарланып, алматылық «КазАвиа» ЖШС-ніңүш дельталеті және «Фитосанитария» РМК облыстық филиалының екі «микрон» бүріккіш аппаратураларымен әуе және жерүсті тәсілдері арқылы өңдеп шығуда. Қызылқоға, Исатай, Құрманғазы аудандарының қырлы, құмды аймақтарында итальян прусына және Атырау қаласы маңындағы Мемлекеттік табиғи резерваты аумағында азиат шегірткесіне қарсы күрес жүруде. Бұл жерлердегі өңдеу жұмыстары зиянкестің бір жастан екіншісіне өтуін тежеуге себебін тигізетін хитин синтезін реттегіш Геркулес деп аталатын препаратпен жүргізіліп жатыр. Сондықтан бұл препараттар судағы балықтар мен басқа жылы қанды тірі организмдерге кері әсерін тигізбейді. Химиялық өңдеу жұмыстары маусымның 15-нде аяқталады деп отырмыз.

- Жылыой, Индер, Махамбет аудандарының шаруалары азиат шегірткелерінің шамадан тыс көбейіп бара жатқанына алаңдап, дабыл қағуда...

- «Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» ММ облыстық филиалының алдын ала болжамы бойынша азиат шегірткелері 13 200 гектар жерге зиян келтіріп үлгерген. Шегірткелермен күрес шараларына жергілікті бюджет есебінен қаржы бөлінуі тиіс. Былтыр облыстан қаржы қаралды, биыл бұған бір тиын да бөлінген жоқ. Облыс әкімдігіне берген хаттарымыз, неге екені белгісіз, жауапсыз қалып отыр.

- Азиат шегірткелері қауіпті ме?

- Басқа түрлерімен салыстырғанда бұл түрі аса зиянды емес болып табылады.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

13 маусым 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.